«AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Кеңес отырысында автобустар паркін жаңарту және қала ішінде қоғамдық көліктің жүру қозғалысы, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелері және «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті сала қызметкерлері атқарылған жұмыстарға тоқталып, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қоғамдық көліктерге байланысты автопарк басшылары техникалық паркін жаңарту мақсатында тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын және биыл тағы да жабдықталған бірнеше жаңа автобус алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жиында қоғамдық көліктердің тазалығы, жүргізушілердің жол ережелерін сақтауы туралы да сөз болып, кеңес мүшелері тарапынан автопарк басшыларына бірқатар ұсыныс берілді.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар мен «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысына қатысты да ұсыныстар айтылып, қоғамдық кеңес мүшелері тиісті сала қызметкерлеріне жоғарыда аталған мәселелерді жіті назарда ұстауды тапсырды.