Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» мен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романы мектеп кітапханасына ең көп сатып алынған кітаптар қатарында тұр. Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Елдос Нұрланов мектеп кітапханаларының кітап қоры 2 миллион данадан астам кітаппен толыққанын айтады.
«Сатып алынған көркем әдебиеттердің ішінде ең танымалы қайсысы дейтін болсақ, онда «Абай жолы» бірінші орында тұрғанын көреміз. Екінші орында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы, одан кейін Абайдың қара сөздері тұр. Әлем әдебиетін алып қарасақ, Марк Твеннің «Геклберри Финнің бастан кешкендері», одан кейін Пауло Коэльоның «Алхимик» шығармасы тұр», – деді Елдос Нұрланов.
Орталық директорының мәліметінше, оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығы жоғары. Мектеп кітапханаларына алынған кітаптардың 89 пайызын көркем әдебиет құрайды.