Құтыны «түтіп» мақта еткен
Құтыны «түтіп» мақта еткен
895
оқылды
Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті да­мы­туға айрықша мән берілген. Әсіресе, «Бизнестің Жол картасы–2025» сияқты мемлекеттік бағ­дар­ла­малар көп азаматқа өз кәсібін ашуға сеп болып ке­леді. Міне, сондай жанның бірі – ерекше кәсіпке ден қойған Абзалхан Әбдіраш. Ол синтепон мақтасын өндіре­ді. Тараз қаласының тумасы бұл бизнес жобаны бір жарым жыл бойы жоспарлап келген екен.
– Шу қаласындағы туысқан­дарыма жиі барып тұрамын. Ол кісілер жастық, көрпе, тігіп, сату­мен айналысады. Содан бір күні «неге осы шикізат мақтаны өзіміз шығармаймыз?» деген ой келді. Интернетті ақтарып жатып, «син­те­пон мақта» деген жарнамаға көзім түсті. Байқасам, еліміз бо­йынша 3-4 жерде ғана ондай цех бар екен. Ал Ресей мемлекетінде көп. Содан көршілес мемлекеттегі кәсіпорынға байланысқа шығып, синтепон мақта шығаруға деген ниетімді білдірдім. Бір қуанғаным, ондағылар білгенімен бөлісті. Қандай құрылғыны қаншаға сатып алуға болатынын және бағасы төмен сауда орындарына жөн сілтеді. Мақта өндіру техно­логиясымен де бөлісіп, әріптестік байланыс орнады. Ресейліктердің айтуы бойынша, Шымкент қаласынан ашылған цехқа барып жұмысын көзбен көрдім. Ондағы­лар да ресейлік мамандардан кеңес алған екен. Содан бір жарым жыл бойы ойымда пісірген бизнес идеямды «Бизнестің Жол карта­сы–2025» бағдарламасына ұсы­нып, 4,5 миллион теңгелік грант­ты жеңіп алдым. Былтыр жобаны қорғап шыққанымен, биыл сәуір айынан кәсібімді бастап отырмын, – дейді жас кәсіпкер.
Абзалхан Әбдіраш Абзалхан Әлімханұлы қаржы қолына тигеннен кейін мақта өң­дейтін құрылғыны Ресей мемле­кетінен 3 миллион 900 мың теңгеге сатып алған.
– Негізі, синтепон мақтаны шығару оңай емес. Ол үшін ең бірінші сапалы шикізат керек. Бастапқыда ауылдағы босаған пластик құтыларды кәдеге жаратып көріп едік, онымыздан түк шық­пады. Содан Төле би ауданында пластик құты кесіп беретін цехтың барын естідік. Солармен келісім­шартқа отырып, олар пластик құтының ең жұмсақ жерінен шикізат дайындап беріп отыр. Құтының қақпағы немесе қатты тұсынан синтепон шықпай­тындықтан цех жұмысшылары әр құтыны мұқият жуып, химиялық қоспамен залалсыздандырып береді. Бұл адамдар пластикалық құтыдан жасалған синтепон мақтадан аллергия алмас үшін қажет. Сондай-ақ ешқандай иіс шықпауы да мұқият қадағаланады. Шикізат келгеннен кейін оны біз қондырғыға салып, 290-300 градуста ерітеміз. Еріген материал екінші жағынан сұйықтық болып шыққанда оны екінші құрылғымен үрлейміз, сонда ол жұмсақ тәтті мақта сияқты ұшады. Сол материал суып қатқанда синтепон мақтасына айналады. 10 келі шикізаттан 8 келі мақта шығаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, қалдықсыз технология, – дейді Абзалхан.
«Абдик-Моторс» жеке кәсіп­керлігі қазір тәулігіне 30 келі мақ­та өндіреді. Болашақта кәсіпорын күн сайын 100 келі өнім шығаруды мақсат етеді. Ал синтепон мақта­ларына бүгіннен сұраныс жоғары. Мақтаның 1 келісі 1 500 теңге тұра­ды.
– Синтепон мақта жеңіл әрі үлпілдек болғандықтан, барлық саудагер осы өнімді алуға тырыса­ды. Синтепоннан бөлек қазір біз «холлофайбер» атты мақта да шығарамыз. Ол мақта дөңгелек әрі иректі болып келеді, сол себепті оған да қызығушылар көп. Бұйыртса, «Бизнестің Жол кар­тасы–2025» бағдарламасымен ал­ған грантымды бір игеріп алсам, келешекте цехты үлкен кәсіп­орын­ға айналдыруды ойлап отырмын. Сол кезде өнімімізбен Жамбыл облысын ғана емес, өзге өңірлерді де қамтамасыз ете аламыз, – дейді кәсіпкер.
Иә, Абзалханның талпысы мен тәуекелі қандай мақтауға да лайық. Небәрі 23 жасында осындай тың кәсіп түрін ашып, өзгелерді жұмыс­пен қамтуы – екінің-бірінің қолы­нан келмейтін шаруа. Сон­дықтан жас кәсіпкердің бастаған ісі баянды болып, кәсіпорнының көкжиегі кеңейе берсін деп тілей­міз. Әрі бұл өзге азаматтарға да өз кәсібін ашуға түрткі болғай.

Жамбыл облысы