Қалекеңнің қолтаңбасы
Қалекеңнің қолтаңбасы
1,425
оқылды
Еліміз егемендігін алған елең-алаң жылдарда тәуел­сіздігімізді тұғырлатуға өл­шеусіз үлес қосқан Қалық Абдуллаевтың есімін бүгінгі орта буын мен аға ұр­пақ әлі ұмыта қойған жоқ. Қалық Абдуллаев – тәуелсіз Қазақ елінің дамуы мен нығаюы­на шын мә­нінде айтарлықтай үлес қосқан ардақты да парасатты тұлға. «Южказэнерго» ме­ке­месінде инженер, аға инженер, аға мастер, Энергетикалық тәр­тіп қызметінің бастығы, Орталық диспечерлік қызмет бастығының орынбасары секілді жауап­ты қызметтерді абыроймен атқарған оған Үкімет үлкен сенім артты. Қазақ КСР Энер­гетика министр­лігінің алты облыс­ты біріктірген орталықтандырылған бас­қар­масының басшысы болып та­ғайын­далды. Кәсіби маман, білікті басшы Кейіпкеріміз бұл бағытта да тыңнан түрен салып, энергетика саласын дамы­тудың арнайы тұ­жырымдамасын бекітіп, бағдар­ламасын жасады. Энергетика са­ласына қазақ кадрларының көптеп келуіне күш салды. Ел эко­номикасының маңызды сала­сына аз ғана уақыт ішінде жан бітірген кәсіби маман әрі білікті басшы Энергетика ми­нистрінің бірінші орынбасары лауазымына ұсынылды. 1986 жылы Қалық Абдул­лаұлы Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау коми­тетінің төра­ғасы қызметіне тағайын­далды. Көп ұзамай Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономика комите­тінің төрағасы қыз­метіне кірісті. Ал 1995 жылы iскерлiк тә­жiри­бесi ескерiлiп, ТМД елде­рiмен ын­тымақтастық жөнiндегi Мем­лекеттiк комитет төрағалы­ғы сеніп тапсырылды. 2006 жы­лы құрамында 600-дей ғылыми қызметкері бар Шокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергети­ка институтын басқарды, жа­былуға шақ қалған инс­ти­тутты аз ғана уақытта аяғынан тік тұр­ғыз­ды. Халық қалаулысы ретінде Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттары кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депу­таты болып сай­ланды, сондай-ақ Президенттің кеңес­шісі қыз­метін атқарды. Елімізге сіңірген еңбегі еленіп, «Құрмет», «Пара­сат» ор­ден­дерімен, бірқатар медальдармен мара­патталды. Қалекең қай істе болсын, ұйым­дас­тырушылық қабілеті жоғары басшы, білікті маман ре­тінде танылды. Бәріне де үлгерді. Кандидаттық диссерта­циясын сәтті қорғап, КОКП ОК Қоғамдық ғылымдар академия­сын, сондай-ақ Мәскеу қаласын­дағы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашы­лығы академиясын тәмамдады. Өзінің еңбек жолында осындай білім мен ілім мек­те­бінен өткен оның Қазақстан мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы лауазы­мына тағайындалуы әб­ден заңды еді. Ғасыр жобасы Қалық Абдуллаевтың «ғасыр жо­басына» қатысқан азамат екенін басқалар біле бермеуі мүмкін. Қазақстан мен амери­калық «Шеврон» мұнай кор­пора­циясының арасындағы келісімшарт­тың басы-қасында тағы да Қалық Абдуллаев жүрді. Аталмыш мұнай кор­порация­сымен арадағы келісім құжат кейіннен «ғасыр шарты» деген атауға ие болды. Бұл «ға­сыр шар­ты» келісіміне тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматыда, «Достық» үйінде қол қойылды. Менеджерлік біліктілігі жо­ғары Қалық Абдуллаев қандай лауазымдық қызметте болсын, жақсы қырынан танылды. Бір ғана мысал, 1997 жылдың жел­тоқ­сан айында ол Оңтүстік Қа­зақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Креативті басшы ретінде аймақтағы қордаланып қалған мәселелерге қатысты бағыттарды шұғыл қолға алды. Айнал­дырған үш-төрт айдың ішінде жергілікті халық үшін жылдар бойы өзекті проб­ле­маларға айналып келген зейнет­ақы, жәрдемақы мен жалақы мә­селелері толық шешіле бас­тады. Қалекеңнің өзі «Ақ ниет» деген қор құрып, 16 жетім ба­лаға тұрақты көмек көрсетіп отырды. Ол жаңашылдыққа жаны құмар жан еді. Қалекең Син­гапурдың экономи­калық ға­жайы­бын жасаған премьер-ми­нистр Ли Куан Ю-дің «Сингапур тарихы. 1965–2000 жылдар. Үшінші әлемнен бірінші әлемге» атты кітабын Мәскеуден маған арнайы алдырды. Қалекеңнің жанында көп жүргендіктен қай­раткер азаматтың жасаған ай­шық­ты істерінен толық хабар­дармын. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына ерен еңбегімен үлес қос­қан қоғам және мемлекет қай­­раткері Қалық Абдуллаев аға­мыз тірі болғанда биыл 80 жасқа келер еді. Ол әке, ата ретінде ұр­­па­ғына саналы, тағы­лымды тәрбие берді. Бүгінде ұл-қыздары Талғат, Серік және Жаннаның әрқай­сысының өз бағыт-бағ­дары, тіршілігі бар. Қалық аға­мыз бен Ұлдыгүл апамыз бақыт­ты ғұмыр кешті, немерелерінің де өскенін, азамат болғанын көрді. Жаһандық іскерлік орталығы Қалық Абдуллаевтың есімі Алма­тыдағы «Атакент» іскерлік көрме ор­талығымен де тығыз бай­ланысты дедік. Кейіп­ке­рі­міздің мықты менеджерлігі арқасында «Атакент» жаһандық іскерлік кездесу орнына айнал­ды. Ол «Атакент­тегі» нысандарды заманауи үлгімен қайта жаң­ғыртты. Ғимараттардың іші-сыртын қайта жарақтандырды. Жаңадан пави­льон­дар құрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында «Атакент» арқылы алғаш­қы астанамыз Алматыны әлем та­ныды. Қазақтың алғашқы жәр­­меңкесімен байланыстырып, «Атакент» аумағынан «Қарқара» сауда үйін ашты. «Атакент» аума­ғында оның тікелей басшылы­ғымен қаншама ағаштар отыр­ғызылды, жолдар салынды. Қалекеңнің қолтаңбасы қал­ған аумақ бүгін де жаңарып, жа­сарып, жайнап тұр. «Атакент­те» сол жылдардан бері әлемдік деңгейдегі қаншама іскерлік кездесулер өтті. Осы жерде төрт­күл дүниенің іргелі компания­лары бас қосып, тығыз ынты­мақ­тастық пен іскерлік қарым-қаты­настар орнықты. «Атакент» жыл сайын ажарланып, көрік­теніп келеді. Бұрынғы Бүкілодақ­тық халық шаруашылығы жетіс­тіктерінің көрмесі (ВДНХ) бү­гінде қала тұрғындары отбасы­мен бірге келіп демалатын ең іргелі орынға айналған. «Қала тұрғындары «Атакентке» келіп, көрмені де көреді әрі таза ауамен тыныс­тап, қыдырып, демалады. Сондықтан бұл жер экологиялық тұрғыдан таза, тамаша демалыс орнына айналуы керек» деген Қалық ағаның мақсаты жүзеге асты. Қа­зіргі «Атакент» ажары кірген, айшықты Алматының әдемі, жайлы демалыс орны, жұрт саясын іздеп келіп тыны­ғатын сая­лы бақ. Осы орайда еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына да, Алматы қаласының көркеюі­не, айшықтануына да зор үлес қосқан Қалекеңнің тұлғасын ұлықтау мақсатында шаһардағы осы «Атакент» іскерлік-ынты­мақтастық ор­талығына Қалық Абдуллаевтың есімі берілсе, құ­ба-құп болар еді дегіміз ке­леді. Ақиқаты сол, еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық-тұрмыстық қиын­дықтарды бүгінгі ұрпақ біле қой­мас. Бірақ бәріне уақыт төреші. Тағдырлы тұлғаларға тарих өз бағасын берері анық. Ендеше, тәуелсіз Қазақ елі­нің жарқын болашағы үшін еңбек сіңір­ген, мың жасаған алып ша­һар – Алматы қаласының зама­науи мегаполиске ай­налуы үшін айшықты қолтаңбасын қал­дырған Қалық Абдуллаевтың есімі еш­қашан ұмытылмауы тиіс.

Бақытжан ЖАҚСЫМБЕТОВ, заң ғылымдарының кандидаты