Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббат дастаны күні бүгінге дейін ел аузынан түспей келеді. Қос ғашықтың сезімі жайлы балет те, спектакль мен кино да түсірілген. Әр режиссер қазақ фольклорын өзінше құбылтып, айрықша реңк беруге тырысып жүр. Жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Баян сұлу–Қозы Көрпеш» премьерасын көрермен назарына ұсынды.
Ғабит Мүсірепов жазған «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» трагедиясын ең алғаш Қазақ академиялық драма театры режиссер М.Г. Насоновтың сахналауымен 1940 жылы көрермен назарына ұсынды. Содан бері өміршең шығарма бірнеше мемлекетте түрлі тілде сахналанып келеді. Дегенмен бұл жолғы премьера бұрынғыларынан өзгеше. Әдетте тек трагедиялық жанрда қойылатын спектакльде комедия да, қиял әлеміне жетелейтін ертегіге ұқсас көріністер де кездеседі. Жаңа заманда жаңаша жаңғырған қойылымның режиссері – Гүлнәз Балпейісова. Ол – әлемдік режиссураның алыбы, реформатор Римас Туминастың төл шәкірті. Бүгінде Мәскеудің Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының жетекші режиссерлерінің бірі ретінде табысты қызмет етіп жүрген талантты ару Қаллеки театрына арнайы шақырылған. Режиссердің айтуынша, қойылымға дайындық жұмыстары екі ай уақыт жүргізіліпті.
– Қойылым заманауи бағытта сахналанды. Қозы мен Баянның түр-тұлғасы, киім киісі де өзгерген. Сахнада махаббат жайлы қойылымды қайғыра еске алып, кей эпизодтарда күлкіге қарық боласыз. Шығарманың мазмұны қаз-қалпында сақталды. Біз тек көрерменге беру тәсілін өзгерттік. Далада шырқалған әндерімен ертегі іспеттес туынды, – деді Гүлнәз Балпейісова.
Ол рас, актерлердің киіну стилі көрерменді Джунглиге жетелегендей. Сахнаның безендірілуі де тым бөлек. Шымылдық ішіндегі көл жағасы мен күңіренген ағаштарға қарап жыл мезгілдерінің қас қағым сәтте өтіп жатқанын аңғаруға болады. Режиссер көшпелі өмір көріністерін көрсету үшін реквизиттерге ерекше мән бергендей. Мұның бәрі көрерменді сол ортада болғандай күйге бөледі. «Баян сұлу–Қозы Көрпеш» пьесасындағы тартыс Қозы, Баян, Күнікей, Мақпал, Жарқын сияқты жалынды кейіпкерлер мен Қарабай, Қодар, Жантық сияқты жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыспен өрбіген. Пьесаның бас кейіпкерлері Қозы мен Баян – өз сүйіспеншілігін ардақтай білген, сол жолдағы қандай да болмасын кездескен кедергілерді жеңуге бел буған тәуекелшіл жастар. Ал оларға қарсы тұрған – тойымсыз, дүниеқор, жаннан малды артық көретін қатал, қара жүрек әке Қарабай, дүлей қара күштің иесі Қодар, екі адамды соғыстырып қойып, арасынан пайда табуды көздейтін, алаяқ Жантық. Айта кету керек, қойылымға актерлік құрам сәтті таңдалған. Қозы Көрпештің рөлін Марғұлан Наменов, Баян сұлуды Ақниет Орынтай, Мақпалдың рөлін Алтынай Нөгербек, Күнікейді Айнұр Жетпісбаева, Таңсық бейнесін Бегімнұр Қалила, Қарабайдың рөлін Жасұлан Ерболат, Жантықты Әнуар Бектас сәтті алып шықты. Тек қойылымда Қодардың біз ойлағандай қаныпезер емес, көңілшек көрінгені болмаса, Жарқынның шығармашылық ансамбльмен орындаған жырлары көптің көңілін көтерді. Сосын Баянның анасының сұрқы адам шошырлық. Үстінде жұпыны көйлек, белінде ақ белдемше, шашы бұйра-бұйра, кәдімгі орыс халқының ертегісіндегі мыстан кемпір секілді. Көз алдымызда Ғ.Мүсірепов суреттеген байдың бәйбішесі мыстанға айналғандай. Қойылымда көрерменге ашылмаған, тылсым күйінде қалған екі образ бар. Оның бірі – Жолбарыс, екіншісі – Ағаш қыз. Әр эпизод сайын арқасына ағаш арқалап шығатын қызыл көйлектегі қыз алма-кезек сырғып өтіп жатқан уақыттың нышанындай. Қойылымда Қозы мен Баянның кіршіксіз махаббатынан бөлек, әке мен баланың қарым-қатынасы, қоғамдағы әйел теңдігі, әлеуметтік мәселелер қозғалады. Дегенмен қойылымды көріп отырып «әттеген-ай» дейтін тұстары да аз емес. Екі актілі спектакль ұзаққа созылып кеткен. Онсыз да бір жарым сағаттық қойылымға әрең шыдайтын біздің көрерменнің көбі бірінші актіден кейін-ақ төрт сағатқа шыдамай, орындарын босатты.
Қойылымның атауына мән берсеңіз «Баян сұлу–Қозы Көрпеш» деп эпос атауы керісінше жазылған. Мұны режиссер қоғамдағы әйел теңдігін көрсету үшін өзгерттік деген пікір айтады. Ал мәдениет қайраткері, дирижер Нұрлан Бекеновтың айтуынша, Ғ.Мүсірепов жазған пьесаның атын өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Ансамбль орындауындағы шығармаларда да авторлық құқық сақталмапты.
– Композитор Олег Синкин деп жазылыпты. Қойылымның басы Құрманғазының «Кісен ашқан» күйімен басталды. Лейтмотиві – Құрманғазының «Адай» күйі мен халық әні «Ақбаян» болды. Арасында ғана Олегтің жұмысы болар болмас көрінді. Тағы да композитор кім деген сұрақ туындайды?– деді Нұрлан Бекенов.
Шынымен де, қойылымда Құрманғазының күйлерінен бастап, Майкл Джексонның әндеріне дейін шырқалды. Барлық жанрды топтастырамын деп режиссер тым әсірелеп жібергендей көрінді. Сосын қойылымның соңы, Қозының өлімі мен Баянның жоқтауы көрермен көзіне жас үйіре алмады. Бейіт басына жиналғандар Қодарға қарғыс айтқанша, неге Қозы мен Баянның мәңгілік махаббат дастанын еске алмады екен деген ой қалды санамызда.