Елімізде 2022 жыл Балалар жылы болып белгіленгені белгілі. Әйтсе де, қызылордалық балалар айдарлы жылдың шарапатын сезіне алмай тұрғандай. Көпқабатты үйлердің тұрғындары дәл осы жылы тым құрыса аулаға жайлы ойын алаңы салынғанын қалайды. Аудандарды айтпағанда, облыс орталығының өзінде бір ойын алаңы салынса деп зор үмітпен қарап отырғандар көп. Әсіресе, бұл мәселе Қызылорда қаласының шет аймақтарына қоныстанғандардың жанына әбден батқан. Қаланың халық көп шоғырланатын орталық көшелерінде ойын және спорт алаңдары баршылық. Дей тұрғанмен, мұндай орындарға шет аймақ тұрғындарының күнделікті келіп тұруына мүмкіндігі бола бермейді. Алайда жауапты орындар оны ескеріп жатқан жоқ. Бұл тұрғыда олар облыс орталығының шеткері бөлігінен үй салуға жер телімі берілгенде мұндай олқылық ескерусіз қала беретінін түсінбей дал. Қаланың іргесіндегі Тасбөгет кентінің халқы осылай деп мұңын шағып отыр. Тасбөгет кентінің тұрғындары көптеген әлеуметтік мәселе елеусіз, ескерусіз қалып отырғанын алға тартады. Не жарыққа, не ауызсу мен кәріз жүйесіне жарымады. Жол мәселесі өз алдына. Оған енді ойын және спорт алаңдарының жоғы қосылып отыр. Тасбөгеттіктер ең болмағанда Балалар жылында балаларға ойын және спорт алаңы салынып, толағай қуаныш сыйлай алмағанына қапалы. Кенттің шет аймағында тұрып жатқан Күнғабыл Байназаров өзі тұратын аумақта балаларға ойын алаңы жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, Тасбөгеттің шеткі көшесінде тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне ешқандай жағдай жасалмаған. Жергілікті билік тарапынан ескерусіз қалып тұр. «Негізі шет аймақ көшелерде мәселе шаш етектен. Жол, жарық, аяқ су мәселесі өз алдына бір төбе. Ал балаларға арналған ойын алаңы, спорт алаңы тіпті болған емес. Оны салуға ниетті адамдар да бой көрсетпей отыр. Балалар жылында балапандарымыз шаңды топырақтың үстіне ойнап келеді. Өз тарапымыздан жол жиегінен тереңдігі 3-4 метр болатын алаңқай жасадық. Жергілікті әкімдік арқылы сол жерді тегістетіп, футбол ойнайтын алаң етіп, жасап қойдық. Алаңқайдың айналасы күл-қоқысқа толы. Соған қарамастан балаларымыз осы жерде ойнауға мәжбүр. Басқа амалы да жоқ», – деп түсіндірді ол. Шындығында да, кенттің Әбілқасымов, Жүнісов және Жанкин көшелеріне жақын маңда қолдан жасалған бұл ойын алаңының сиқы адам шошырлық. Спортқа жаны құмар балдырғандарға бұл ойын алаңында ешқандай жағдай жасалмаған. Тұрғындарды айналасы қоқысқа толы алаңқайда доп теуіп жүрген балғындардың денсаулығы алаңдатады. Алайда мәселені бүгін-ертең шешуге ниетті жандар жоқ. Ал Тасарық шағынауданының тұрғындары тұрғын үй ауласындағы ойын алаңының талапқа сай емес екенін айтады. Мұнда спорт алаңы атымен жоқ. Сол аумақтағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйге ортақ жалғыз ойын алаңының бүгінгі жағдайы сын көтермейтін күйге жетіпті. Бұған дейін алаңға жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен жүрдім-бардым жүргізілген жөндеу жұмыстарының салдарынан ойын алаңы көп ұзамай қаз қалпына түскен. Ойын алаңындағы адамдар тынығатын орындықтар да көп ұзамай қолды болыпты. Балалар ойнайтын қондырғылардың сыры кетіп, жарамсыз күйге жеткен. Негізінен, өңірде Балалар жылына орай 50-ге тарта спорт алаңы салынбақ. Бұл жайында ірі бизнес өкілдерімен өткен жиында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов мәлімдеген еді. Оның сөзіне сүйенсек, бұл ретте меценаттар тарапынан бастамаға қолдау көрсетіп жатқаны тілге тиек болды. Соның негізінде әлеуметтік нысандарды салуға ниетті кәсіпкерлерді мүмкіндігінше іске кірісуге шақырған болатын. Десек те, балалардың ойнап, сауығатын орындары нақты қай аймақтарда салынатыны жайында әзірге беймәлім. Ал шет аймақ тұрғындары биліктің қала орталығын әрлей бермей, шаһар іргесіндегі алқаптарға да көңіл бөлінер деп үміттенеді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы