«AMANAT» партиясы алғаш рет «AMANAT CUP» шахмат турнирін өткізді
«AMANAT» партиясы алғаш рет «AMANAT CUP» шахмат турнирін өткізді
Елордада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «AMANAT CUP» бірінші республикалық шахмат турнирі өтті. Онда 8-35 жас аралығындағы екінші және одан жоғары разрядтағы 200-ден астам қатысушы елорданың басты символы – «Бәйтерек» монументінің  алаңында бақ сынады.    width= Чемпионат жеңімпаздарын құттықтаған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бұл турнирдің Балалар жылына орай және елімізде шахматты кеңінен насихаттауға бағытталғанын атап өтті. «Бүгінде Қазақстан әлемдік шахмат рейтингінде 37-орында тұр. Отандық шахматшылар әлемдік деңгейде топ жарып, еліміздің даңқын асқақтатып жүр. «AMANAT» партиясы дәстүрлі түрде ашық республикалық турнир өткізеді және келесі жылдан бастап бұл бастама еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат спортын дамыту мен оны қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз жастардың, балалардың қабілет-қарымын байқап отырмыз және еліміздегі шахмат спортының дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді», – деді Асхат Оралов.    width= Өз кезегінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік мұндай чемпионаттардың жас шахматшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Біріншіден, бұл шахмат спортын дәріптеу болса, екіншіден, балалар үшін үлкен тәжірибе. Олар елден шықпай-ақ, түрлі деңгейдегі қарсыластармен бәсекеге түсуге мүмкіндік алады. Мұнда қатысушылар көп екен, демек бәсекелестік бар. Турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін «AMANAT» партиясына алғысымды білдіремін», - деді Жансая Әбдімәлік. Турнир жеңімпаздарының бірі Константин Казаковтың айтуынша, бүгінде елімізде шахматқа деген қызығушылық артқан. «Осындай турнирлердің өткізіле бастағаны қуантады. Өйткені жас кезімде мұндай іс-шараларды өткізу қиындау еді. Қазір бұл спорт түрін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, «AMANAT» партиясы да өз үлесін қосып отыр. Алдағы уақытта бәсеке тек арта түседі деген ойдамын», - деді Константин Казаков.    width= Сонымен, «Жастар» категориясы  бойынша бірінші орынды Константин Казаков, екінші орынды Бақтияр Нұғыманов және үшінші орынды Талғат Ғұбайдуллин иеленді. Ал «Балалар» категориясында  Алдияр Аңсат үздік деп танылса, екінші орынды Мадияр Алтынбекұлы және үшінші орынды Әбуәлі Сқақ қанжығасына байлады. Жалпы жүлде қоры 5 млн теңгеден асты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді белгілі қазақстандық шахматшылар Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Дәрмен Сәдуақасов және Меруерт Камалиденова марапаттады. Айта кетсек, турнир ФИДЕ рейтингтік есебімен швейцариялық жүйе бойынша өтті. Қатысушылардың жеребесі Swiss Manager бағдарламасын қолдану арқылы өткізілді. «AMANAT CUP» турнирі жыл сайын өткізіледі.