Ұлттық құрылтай – билік пен қоғам диалогінің жаңа кезеңі
Ұлттық құрылтай – билік пен қоғам диалогінің жаңа кезеңі
309
оқылды
22 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың қорытындысына арналған ассамблеяның кеңейтілген кеңесінің отырысы өтті. «Ұлттық құрылтай – билік пен қоғам диалогінің жаңа кезеңі» атты отырысқа  Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА және Ұлттық құрылтай мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ талдау және зерттеу институттарының сарапшылары, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының «Қоғамдық келісім» КММ басшылары қатысты. Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М.Әзілханов Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық сенім мандатын алған саяси реформалар бағдарламасының құрамдас бөлігі дей отырып, жалпыұлттық бірліктің негізін қалаған Ұлы даланың демократиялық дәстүрін қайта жаңғыртуға шақырды. Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының қазақ халқының ұлттық сана-сезімі үшін терең мағыналы қазақ мемлекеттілігінің бесігіне айналған киелі жер – жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтуінің символдық мәні зор. – Қазақстанның әрбір азаматы рухани-адамгершілік және саяси-этикалық терең мағынаның барын ұғып, еліміздің саяси өміріндегі жауапты әрі ауқымды өзгерістер кезеңінде нысаны мен мазмұны бойынша қазақ халқына тән жалпыхалықтық диалог алаңының жаңғыртылуын қолдауымыз керек. Мемлекет басшысы саяси реформалар бағдарламасы – тәуелсіз Қазақстанның егемен қадамы екенін және оның қазақстандық үлгіге сәйкес, ел мен халықтың қажеттіліктеріне қарай жүзеге асырылатынын айқын түсінетінін мәлімдеді. Ұлттық құрылтайдың еліміздің тарихындағы жаңа бірегейлікті қалыптастыру және бірлікті нығайту тұрғысынан маңызды кезеңге айналуына тиіс екенін сөз етті», – деді М.Әзілханов. ҚХА Төрағасының орынбасары Қазақстандық бірегейлікті тұрақты демократиялық институттарды, саяси жауапкершілік мәдениетін, патриотизмді, «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын іске асыру және ішкі тұрақтылықтың кепілі ретінде заң мен тәртіпті сақтану арқылы ғана қалыптастыруға болатынын атап өтті. Осы тұрғыда, Спикердің пікірінше, қазақстандық бірегейлік алдыңғы қатарлы демократия, әділеттілік дәстүрлерімен, яғни жалпыазаматтық әлеуметтік-саяси маркерлермен күшейтіліп, толықтырылуы тиіс. құрылтай «Біріншісі – ҚХА-ның саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту. Екіншісі – ҚХА-ның ақпараттық жұмысын күшейту және қоғамдық әлеуетін жандандыру. Үшіншісі – құқық қорғау қызметін күшейту.  Ассамблея Президентіміздің – Ассамблея Төрағасы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың саяси реформалар мен бастамалар бағдарламасын қолдаудың маңызды ресурсы болды, солай бола да бермек. Осы тұрғыда Ұлттық құрылтай мен ҚХА міндеттерінің өзара байланысы еліміздің халық игілігі үшін одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді М.Әзілханов. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясаткер Т.Калиев азаматтық бірегейлікті нығайтудағы пікірталастың рөлін айқындап, жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Журналист,  блогер М.Рожин  Т.Калиевтің сөзін қуаттап,  қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін бір жағадан бас,  бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеу керек екенін айтып өтті. Шара соңында ҚХА жұмысына елеулі үлестерін қосқан, Нұр-Сұлтан қалалық "Қоғамдық келісім" КММ-нің директоры Н.Айдашевқа және Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА меңгерушісі Л.Құсайыноваға Алғыс медалі табысталды.