147 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
147 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
706
оқылды
«AMANAT» партиясының жаны­нан құрылған «Жер аманаты» комис­сиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет­тік меншікке қайтару мәселесімен айналысып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қаң­тар айында өткен Үкіметтің кеңей­тілген отырысында бос жатқан жайы­­лым жерлерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қол­жетімді етуді тапсырған болатын. Өткен сәрсенбі күні партия комис­сиясының кезекті отырысы өтіп, онда осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс­тардың межелік қорытындысы шыға­рылды. Осы орайда, партия хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдағы тірегі ретінде Мемлекет басшысы тапсырған мәселені шешуге атсалысатынын баса айтып өтті. Оның айтуынша, соңғы бірнеше ай ішінде комиссияның күшімен Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 140 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекеттік меншікке қайтарылған. Олар – Қарағанды облысында – 80 га, Жамбыл облысында – 47 га және Түркістан облысында 20 га жер.
«Жер – елге аманат, Ел – ерге аманат» деген бар. Осы себепті жер мәселесін шешетін уақыт келді. «Жер аманаты» ко­миссиясының міндеті – пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді, заңсыз жекеменшікке өткен жерлерді мемлекет­тік меншікке қайтаруға көмектесу және ауыл тұрғындарына қолжетімді ету. Жа­сы­ра­тыны жоқ, олигополия тек орта­лық деңгейде ғана емес, аудандық, өңірлік деңгейде де бар, біз олармен тоқтаусыз күресеміз», – деді Дәулет Кәрібек.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, ко­миссия мүшесі Ерлан Саиров аманаттық­тар жағдайымен жеке танысу үшін елі­міздің түкпір-түкпірін аралағанын жет­кізді.
«Біз ең шалғайдағы ферма, қыстақ, жайлауларда болдық. Қайда барсақ та, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейінгінің айтатыны – жер. Сондықтан қазір біздің партия осы жер мәселесімен нақты әрі жан-жақты айналысуға бел буып отыр. Міне, осы тұрғыда «AMANAT» халықтың мұң-мүддесін қозғап жүрген халықтық партия болғандықтан, «Жер – аманаты» деген комиссияны құрып жатырмыз. Оған елімізге белгілі, өзінің принципті позициясы бар, жер мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың баршасы кірді», – деді депутат.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, жер мәселесі қоғамдағы әділеттілік деңгейін анықтайды.
«Аудандарда адамдарға мал жаюға, агробизнеспен айналысуға мүмкіндік бермейтін олигополия бар. Жергілікті олигархтар жердің бәрін меншіктеп алып, жәйбарақат отыр. Бүгінде қоғам бос әңгіме емес, нақты нәтиже күтеді. Бұл істе Ауыл шаруашылығы министр­лігінің неғұрлым белсенді болып, заңды шаралар қабылдамаған жағдайда құқық қорғау органдары әкімдерге қатысты іс қозғау үшін жергілікті атқарушы орган­дарға ұйғарымдар бергені жөн», – деді Айдос Сарым.
Қоғам қайраткері, «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов ауылда жер талан-таражға түсіп кеткендіктен, ауыл азаматтары қалаға қоныс аударуға және қалаға келген соң да үйсіз-күйсіз, жұ­мыс­сыз жүруге мәжбүр болып отырғанын айтты. «Біз жүйелі шаралар қабылдауға ықпал етуіміз керек. Мұнда сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлігі бар екені түсінікті. Онымен құқық қорғау органда­ры айналысады. Бірақ екінші жағынан қоғам алдындағы жауапкершілік, қоғам­дық ұстаным да бар. Оны бүгін «AMANAT» партиясы көтеріп отыр», – деді ол. Жерді тиімсіз пайдалануға қатысты заңгер Бақытжан Базарбек нақты мысал­дар келтірді.
«Маңғыстау облысындағы шаруашы­лықтардың бірінің жер көлемі 2015 жылы 3,5 млн.га болды, бұл Молдова, Бельгия, Арменияның территориясынан асады. Қазір бұл шаруашылықта 1 млн гектардан астам жер бар, ал малы жоқ. Уәкілетті ор­ганға жер учаскесін алып қоюға не ке­дер­гі келтіріп отыр? Біз осы сияқты жағ­дай­лардың бәрін тексереміз», – деді ол.
Ал белгілі тележурналист Мақсат Толықбай «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының ерекшелігіне тоқталып, оған ел өміріне бейжай қарамайтын азаматтар­ды атсалысуға шақырды.
«Жасыратыны жоқ, бұл істің барлы­ғын атқару министрліктерге қиынға соға­ды. Сондықтан қазір саяси партия­ның көмегі керек болып отыр. Партияның ресурсы үлкен. Комиссия жұмысын ашық ету үшін барлық тетіктерді іске қосу қажет», – деді ол.
Бүгінде өңірлер бойынша жер қаты­настары мәселесіне қатысты жұмыстар­мен кең көлемде қызу айналысып жатқан комиссия құрамына Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов сынды Парламент Мәжілісінің депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Ғалым Байтоқ, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай сияқты қоғам қайраткерлері мен блогерлер еніп отыр. Ал мәселені жүйелі шешу үшін партия қолданыстағы заңнамаға өзгерістер ен­гізуге қол жеткізуге ниетті. Атап айтқанда, жайылымдардың тозуына және шөлейт­тенуіне қарсы күрес жөніндегі бюджеттік бағдарламаны облыстық деңгейден ауыл­дық округтер әкімдерінің деңгейіне беру, мал басын ескере отырып, жайы­лым­дардың жалпы алаңына түсетін жүктеме нормаларын жаңарту, елді мекен ше­ка­расынан 5-10 км радиуста ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілерге жайылым беруге тыйым салу және тағы да басқа мәселелер қарастырылып жатыр. Еске сала кетсек, өткен аптада «AMANAT» партиясының араласуымен Қарағанды облысы Нұра ауданының тұр­ғын­дары 80 мың гектардан астам жайы­лымдық жерге қол жеткізілген бо­ла­тын. Жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдар ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілер, ауыл әкімдері және жергілікті қоғамдастық арасындағы меморандум шеңберінде берілді. Жиын соңында комиссия алқасы «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында журналистерге арнап бас­пасөз мәслихатын өткізіп, атқарылған жұмыстар мен жер қатынастарына қатыс­ты партия ұстанымын паш етті және журналистердің сұрағына жауап берді.