Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Еуразиялық одақты қатты сынға алды. Бұл оқиға Минскіде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында болды. Бұған дейін бізде бұл одаққа қатысты батыл сын айтылмайтын. Белгілі бір деңгейде еларалық құрылымның жоқ-жітігін жасырып, кем-кетігін қолмен бүркемелеп, ұсақ-түйек жетістігін түйедей ету әрекеті болды. Енді тренд өзгере бастағанға ұқсайды. Осыдан-ақ дәл қазір ел билігі ұлттық мүдде бірінші орынға қойылатынын көрсетіп жатыр. ЕуразОдақ ЕуроОдақтың санкциясын сақтайды Сарапшылар бұрынғы биліктің ұстанымы тұрғысынан құрылған Еуразиялық одақ қазіргі күйінде заман талабына да, Жаңа Қазақстанның мүдделеріне де толыққанды сәйкес келмейтінін алға тартады. Осы орайда еліміздің Үкімет басшысы одақ қызметін қайта құрып, трансформациялауды ұсынды. Мұның қисыны бар. ЕАЭО 2014 жылы құрылғанда посткеңестік кеңістіктегі жағдай басқаша болатын. Сол заманның талабынан туған ескі уағдаластықтар ұйым негізіне қаланды. Қатып қалған дүние жоқ, бәрі өзгереді. Бүгінде халықаралық ахуал түбегейлі түрде түрленді. Айналдырған 5 мүшесі бар одақтың үш елі қатаң санкциялар астында қалды. Бұл оның түркі қанатына (Қазақстан мен Қырғыз Республикасына) зиянын келтіруі ықтимал. Көркем тілмен айтқанда, бұл екі елдің ендігі міндеті – санкциямен «миналанған аймаққа» кіріп кетпеу, сөйтіп, өзінің тіршілігіне қауіп төндірмеу болады. Президент тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі ұжымдық Батыстың Ресей мен Беларуське енгізген ауыр санкцияларын сақтауға күш салуда. Әйтпесе Қазақстанның өзі қайталама санкцияға ұшырайды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, биыл Ресей және Беларуське санкция енгізілгеннен кейін қазақстандық кәсіпкерлер көптеген қиындыққа тап болды, қаптаған сұрақ туындады. Мәселен, отандық бизнес батыстың санкциясына іліккен әлдебір өнімді одақтастарға жеткізіп қойып, қайталама санкцияға қалудан қорқады. Оның үстіне, мәселе тек осы елдерге қазақстандық өнімдерді экспорттауға ғана емес, олардан импорттауға да қатысты болып отыр. «Біз бүкіл әлеммен еркін сауда жасаймыз, ал ЕАЭО-дағы бірыңғай кедендік аумақ жағдайында тауарлар ағыны еркін қозғалады. Сондай-ақ Қазақстан арқылы Ресей мен Беларусь елдеріне транзитпен тауарлар көптеп өтеді. Ендігі міндетіміз – реэкспорт қаупіне байланысты санкция салған елдердің «ерекше назарына» түсіп қалмау. Осы орайда Премьердің төрағалығымен Жедел штаб бизнеске арналған «нұсқаулықты» құру туралы шешім қабылдады: Тraderadar.kz жеке сайты ашылды, онда РФ мен Беларуске экспорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың толық тізімін жинадық» деген Б.Сұлтанов «одақтастарға» Батыс жаңа санкциялар енгізген сайын ол ақпарат та жаңартылып отыратынын уәде етті. Сауда министрі Ресей нарығының залалды болып кетуіне байланысты репутациялық, инвестициялық және қаржылық шығын шекпеу үшін оны тастап шығуға мәжбүр ресейлік және шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту жұмысы жүргізіліп жатқанын меңзеді. «Сайтта геосаяси тәуекелдердің жоғары екенін ескере отырып, аталған елдердің нарығынан кетуге шешім қабылдаған халықаралық компаниялардың тізімі жарияланған. Бұл компанияларды Қазақстанға тарту мәселесіне келсек, елімізде бизнес ашу және жүргізу үшін посткеңестік кеңістіктегі ең қолайлы жағдай жасалған. Компаниялардың бізге көшуі нақты секторда инвестициялардың өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етеді. Ал бұл – Президенттің Үкімет алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі! Ендеше, Қазақстанда өз өндірісін ашатын кез келген компания инвесторлар үшін қолжетімді жеңілдіктердің толық спектрін пайдалана алады», – деді Б.Сұлтанов. Одаққа басқа да балама бар Айтқандай, Еуразиялық одақтың беретін бір пайдасы да осы: Ресейден кеткен компаниялар өз өндіріс-зауытын Қазақстанда ашса, біріншіден, беделіне дақ түсіруден аман қалады, екіншіден, Ресей нарығынан айырылмайды: одақ аясындағы тауарлардың еркін айналымын пайдаланып, өнімдерін көршіге сата алады. Мысалы, бұған дейін көршіде жұмысын өрістеткен ІТ және қызмет көрсету салалары компанияларының бір бөлігі Қазақстанға ауысып жатыр. Танымал такси агрегаторының елімізге релокация жасағаны жария етілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жыл басынан бері мыңға жуық ресейлік компания республикада бөлімін не еншілес ұйымын ашыпты. Дегенмен «релоканттардың» нақты саны белгісіз: үлкен бөлігі «қырындап», келіссөз жүргізіп қана жүр, тағы бір бөлігі жаңадан заңды тұлғаны тіркемей, осындағы өкілдігіне не серіктес компанияға бар жұмысты аудара салған, «құжат жүзінде» көшкен. Германияның беделді Deutsche Welle арнасына түсініктемесінде халықаралық сарапшы, саясат ғылымдарының кандидаты Иван Преображенский «санкциялардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде Президент Тоқаев мәлімдеген табанды позиция» Қазақстанға мол пайда әкелетінін білдірді. Ал Кремльге санкцияларды айналып өтуге жол ашу Қазақстанға өте қымбатқа түспек. Егер санкцияны бұзса, онсыз да импорталмастыруға қарқынды көшкен, көлемі қысқарған Ресей нарығына кіріптар болып қалады. Егер Батыс әлемімен достығын сақтаса, мол инвестиция тарту, ірі нарықтарға өз өнімін өткізу мүмкіндігі кеңеймек. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Қазақстанның сыртқы саудасының 30 пайызға жуығы жалғыз ЕО елдеріне тиесілі. Яғни, ең алып нарығымыз осы. Бұдан бөлек, Қытай, Түркия, Орталық Азия, АҚШ бар. Сондықтан республика Батыс елдерімен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға кірісті. «Қазақстан үшін жаңа геосаяси ахуал аясында ЕуроОдақпен байланыстарды одан ары нығайту аса маңызды. 2021 жылы Қазақстанның бүкіл сыртқы саудасының 30 пайыздайы ЕО үлесіне тиесілі болды. 1993 жылдан елімізге құйылған тікелей инвестициялардың 160 миллиард доллардан астамы Еуропалық одақ елдерінен келген. Бұдан бөлек, Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 4,5 мыңнан астам кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп жатыр» деген Ә.Ерғалиев қазақ елі үшін Еуропа – №1 серіктес екенін жеткізді. Кезінде Елбасы ЕАЭО-ны құру салтанатында Ресейді – Қазақстанның теңізіне теңегені белгілі. Алайда қантөгіс басталғалы Ресей жан-жақтан оқшауланып, темір «құрсанды». Жүк тасымалдаушылар Ресей аумағы арқылы жаһандық нарыққа шығу мүлдем қиындағанына шағымданады. Сол себепті мемлекетіміз Ресейді айналып өтетін дәліздерді дамытады. Мәселен, Қытайдан тауарларды Қазақстан жері арқылы Каспийдегі Ақтау, Құрық теңіз порттарына дейін апарып, ары қарай Әзербайжанға, Грузияға, Қара теңізге жөнелтіп, Еуропаға дейін жеткізуді қарастыратын Транскаспийлік дәліз өркендетіледі. 2022 жылғы 19 маусымда Иранға ресми сапары барысында Қ.Тоқаев Қазақстаннан шығып, Иран жері арқылы Түркияға жететін тұңғыш контейнерлік пойызды шығарып салды: жаңа халықаралық дәліздің негізін қалады. 48 контейнері бар жүк пойызы Павлодардан бастау алып, Түрікменстан жері арқылы Тегеранға жеткен еді. 12 күндік маршруттың жалпы ұзындығы 6 336 шақырымды құрайды. Ал 21 маусымда Брюссельде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Еуропалық комиссияға қос құрлықты жалғайтын Қазақстандағы әлеуеті мол транзиттік тораптарды талқылауды ұсынды. «Біз Шығыс пен Батыс арасындағы жерүсті саудасын интеграциялау үшін транзиттік бағыттарымызды TEN-T-мен – Трансеуропалық көлік желісімен қосуға дайынбыз!» деген Ә.Ерғалиев 2025 жылға дейін Қазақстан құрлықтағы жаңа дәліздерді құруға қосымша 20 млрд доллар инвестиция салатынын жариялады. Яғни, жүк тасымалында Ресейге тәуелділіктен құтылуға бағытталған жұмыс жеделдетіледі. Трансформация табыс әкеле ме? Жалпы, Жаңа Қазақстан Еуразиялық одақтан бас тартпады. Бірақ одақ аясында еркін сауда-экономикалық қарым-қатынас жасау тым күрделенді. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, «ЕАЭО-ға мүше-елдер жаңа өмір шынайылығына тап болды, енді одақ қызметін соған сай трансформациялау қажет». Ол одақтың жазылмаған бірнеше «іріңді» жарасына назар аудартты. Біріншіден, құрылғанына 8 жыл өтсе де, өзара сауда-саттық пен ынтымақтастық алдынан тұрған кедергілер жойылу орнына көбейіп бара жатыр, әрі «бір кедергі басқаларын тудыруда». Екіншіден, келісімдік база сол бойы кемеліне келмеген. Үшіншіден, әсіресе Ресейде протекционизм күшейді. Қазақстандық компаниялар ресейлік тендерлерге кең қатыса алмады. Төртіншіден, одақта салалардың өнеркәсіптік кооперациясы жете жолға қойылмады. ЕАЭО құрылғанда мүше мемлекеттердің бірін-бірі толықтыратыны мәлімделді. Алайда әлі күнге дейін елдер өзінде жоғын одақтасынан емес, алыстан тасиды. Бесіншіден, ЕАЭО-ның құрылтайшылық құжаттарында бекітілген қағидалар – одақтың бүкіл аумағы бойынша кедергісіз транзитті қамтамасыз ету, теңіз порттарының инфрақұрылымын дискриминациясыз пайдалану – іс жүзінде орындала бермейді. Мұның бәрі елдерді балама сауда маршруттарын іздеуге мәжбүрлейді. «Бұл – қазақстандық бизнес үшін ең ауыр мәселе. Ол шешілмеген соң біз үшін ЕАЭО-ның артықшылығын бағалау, құндау өте қиын. Әріптестерімді транзитті жеделдетілген және оңайлатылған түрде өткізу мәселесінде икемді әр конструктивті болуға шақырамын», – деді Үкімет басшысы. Демек, осы айтылған мәселелер одақты жаңаша трансформациялау барысында ескерілуі тиіс. Былтыр одақ елдері арасындағы тауарайналым бірден 31 пайызға артқан-тын. Алайда қазір тек төмендеуде: биылғы 4 айда Қазақстанның ЕАЭО мемлекеттерімен өзара саудасы небары 7,7 млрд долларды құрады. Белгілі экономист Алмас Чукин ЕАЭО-ның басты 3 туабітті «дертін» атады. Біріншісі – шешім қабылдау тетігіндегі кемшіліктер. Екіншісі, кедендік баж-алымдардан түскен табыстарды үлестірудегі әділетсіздіктер. Үшіншісі – Ресейдің үстемдігі. Оның байламынша, ең өзекті мәселе – кеденнен түскен табысты бөлу. Кедендік бажды тарату нормативтері 2015 жылы бекітілді, 2019 жылы былайша «түзетілді»: блокададағы Арменияға барлық алымның – 1,22 пайызы (үлесі 2019 жылы +0,11пайызға көбейді), Қырғыз Республикасына – 1,9 пайыз (өзгеріссіз қалды), Беларуске – 4,86 пайыз (+0,704 пайызға артты), Қазақстанға – 6,9 пайыз (-0,1 пайызға азайтылды), Ресейге – 85,065 пайыз (-0,2 пайыз). «Қазақстан шекарасы арқылы 100 млрд доллардың тауары импортталып, одан 10 млрд кедендік баж жиналды делік. Біз соның тек 695 миллионын қалдырамыз да, 85 пайыздан астамын, 8,5 миллиард долларды Ресей қазынасына жолдаймыз. Мүмкін, бұрынғы кезеңде тауарлардың үлкен бөлігі Ресей аумағы арқылы өткен болар? Ал қазір санкциялық заманда бәрі өзгерді. Оқшауланған Ресей арқылы транзит күрт азайды, біз өз жеріміз арқылы импортты өрістетіп жатырмыз. Алайда одан бізге бәрібір пайда жоқ: сол бұрынғыдай 85 пайыз табысымызды Ресей Федерациясы бюджетіне, тағы 5 пайызын – Беларуське беруге мәжбүрміз», – деді А.Чукин. Қысқасы, Қазақстан үшін қымбатқа түскен Одаққа реформа жүргізіп, Әділетті Қазақстан бұл әділетсіздікті жоя алса, жөн.