Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде мүгедектігі бар адам саны 600 мың болатын. Енді бүгінде олардың саны 705 мың 500-ге жетіп отыр. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың артуы белгілі бір мағынада объективті процесс екені рас, әйтсе де қоғам мен мемлекет мүгедектік деңгейін төмендетуде дәрменсіз емес. Тіпті, қарсы шаралар қолдануға міндетті. Өз бетінше жүріп-тұруы шектелген жандардың санының артуы күллі қоғамға ортақ жауапкершілік жүктейді. Адамды жарымжан күйге түсіретін бұл жазатайым жағдайлардың себебі өте көп. Бірі денсаулығына салғырт қарап, ұзақ уақыт емделмей жүргендіктен, айықпас ауруға шалдықса, енді бірінде экологиялық фактордың рөлі бар. Тағы бір маңызды фактор өндірісте болатын жарақаттану оқиғалары. Қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтамау, материалдар мен сақтандыру құралдарын үнемдеу және тағы да басқа жағдайлар өндіріс аймағы мен шахталардағы жазатайымның көбеюіне себепші болады. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы елімізде 1 430 өндірістік жарақаттану жағдайы тіркелген болса, 2020 жылы ол 1 503-ге жеткен. Бұл ретте әдетте жауапты мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер зардап шеккендер мен олардың отбасыларына өтемақыны белгіленген сомада ғана төлеуге ұмтылатынын атап кеткен абзал. Одан соң келесі осындай оқиға болғанға дейін ұмытып кетеді. Ал жұмыс беруші өзінің бұрынғы жұмысшысының жағдайына бас қатырмайды. Келесі бір фактор ретінде жол-көлік оқиғаларын айтуға болады. Елімізде жыл сайын 12-13 мың көлік апаты тіркеледі. Оларда 2 мың адам қайтыс болса, 18-20 мың адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алады. Зардап шегушілердің көпшілігі өмір бойы мүгедек болып қалады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын қоғамдағы мүгедектер санын азайту проблемаларын шешуге аудару керек сияқты. Басқаша айтқанда, туабітті мүгедектіктің аз санын есептемегенде, жазатайым жағдайларды азайту біздің қоғам мен мемлекеттің күш салуына байланысты. Бұл тұста мемлекет неғұрлым кең жәрдем көрсетуі қажет. Зағиптар қоғамы, саңыраулар қоғамы сияқты ұйымдар арқылы мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етіп, мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды ұлғайту, мүгедектердің физикалық деректерінің ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы салынған күнделікті тұтыну үшін қажетті тауарларды өндіретін шағын фабрикалар құру, оларға тұрғын үйлердің бірінші қабатынан пәтер беру керек. Компьютерлер мен басқа машиналардың көмегімен әр мүгедек үшін функционалды, эстетикалық және адамға балдақсыз қозғалуға мүмкіндік беретін протездерді (бионикалық протездер, киберпротездер, нейропротездер) құрастырып, бейімдейтін дамыған елдердің тәжірибесін зерттеу қажет. «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын әлеуметтік қорғау туралы» заң еліміз 2015 жылғы 21 сәуірде ратификациялаған БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенциясымен сәйкесу үшін жетілдіруді қажет етеді. Атап айтқанда, қазақстандық заңда мүгедектің өмір сүру құқығының кепілдіктері туралы, барлық мүгедектердің заң алдындағы және қазақстандық қоғамның барлық мүшесінің теңдігін қамтамасыз ету туралы нормалар жоқ. Қазақстан аталған халықаралық конвенцияны ратификациялағандықтан, жаңа заң әзірлеп қабылдағаны дұрыс. Осындай тәсілмен мүгедектердің жоғарыда келтірілген құқығын кеңейтілген форматта реттеуге, сондай-ақ конвенцияда көзделген басқа да құқықтарды келтіруге болады. Мүгедектердің өмір сүру деңгейін көтеру керек, олар толыққанды адам сияқты өмір сүруі қажет, оларды жоғары мақсаттарға қол жеткізуге толық жағдай жасау керек. Мен Нью-Йорктегі БҰҰ-ның 2012 жылы мүшесі ретінде жұмыс істеген кезімде Адам құқықтары жөніндегі комитетке келген америкалық мектеп оқушыларына, олардың ұлы отандасы Франклин Рузвельт туралы мысал келтірдім, ол мүгедектігіне қарамастан, қатарынан 3 мерзімде үлкен елдің Президентінің өкілеттіктерін жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырды. Осындай мысалдармен біз қазақстандық мүгедектерді де шабыттандыруымыз керек. Біздің еліміз 2008 жылғы 11 желтоқсанда қол қойған, бірақ осы күнге дейін ратификацияламаған осы конвенцияға Факультативтік хаттама әлі де бар. Хаттаманы ратификациялаудың мәні мынада: Қазақстан оны ратификациялағаннан кейін елдің барлық мүгедектерінде олардың құқығын қандай да бір дәрежеде бұзған мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасау құқы пайда болады. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға өз құқығы мен заңды мүддесін қосымша қорғаудың тағы бір тәсілі болар еді. Бұл тағы бір халықаралық орган – БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті мүгедектеріміздің істері мен мәселелеріне тереңірек үңіліп, оларға жан-жақты көмек көрсете бастайды деген сөз. Ендеше бүгінде Қазақстан мемлекеті атынан ратификациялық құжатқа қол қойылып, БҰҰ қарауына ұсыну ғана қалып тұр.
Марат СӘРСЕМБАЕВ, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор