Зейнетақы жинағы – қария шаққа салынған инвестиция
Зейнетақы жинағы – қария шаққа салынған инвестиция
Еліміз 1998 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында бірінші болып зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалады. Себебі тәуелсіздік алған сәттен бастап, зейнетақы реформасына дейін Қазақстанда Кеңес Одағынан мұра болып қалған үлестіруші немесе ортақ зейнетақы жүйесі қолданылып келген еді. Үлестіруші жүйенің басты қағидаты – ұрпақтар ынтымақтастығы, яғни жұмыс істейтіндер есебінен зейнеткерлер зейнетақымен қамтамасыз етілетін. Ал жинақтаушы жүйеде зейнетақы қаражаты жұмыс істейтін әрбір азаматтың ай сайынғы аударатын тұрақты жар­наларынан құралып, түрлі қаржы құрал­дарына инвестицияланған соң алынған табыспен бірге құрметті еңбек демалысына шыққан кезде зейнетақымен қамсыз­дандыру үшін пайдаланылады. 2013 жылдың 22 тамызында жұмыс істейтін әрбір азаматтың айлық табысының он пайызы мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарнасын есепке алатын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы құрылды. Қазіргі тәжірибелерге сүйенсек, Қазақстанда қарт тұрғындардың үлесі өсіп келеді. Салдарынан болашақта әлеуметтік қолдау деп аталатын коэффициент төмендеп, сәйкесінше бюджет есебінен қарттарды зейнетақымен қамтамасыз етуді жалғастыру қиындай түспек. Сондықтан көптеген адам келешекте жұмыс істеген кезеңде жинаған жинақтарына ғана иек артуға мәжбүр болады. Бірақ біз жас күнімізде қартайған шақтағы әлеуметтік жағдайымыз туралы бас қатыра бермейміз. Дегенмен зейнет жасы таянғанда өмір бойы төккен теріңе қарай лайықты зейнетақы алғың келетіні де ақиқат. Ал ол үшін еңбек етіп жүргенде тиісті жарналарды тұрақты әрі толық мөлшерде аудару керек. Өкініштісі, қайсыбір адамдар жарна мөлшерін азайту үшін жалақыларын әдейі азайтып көрсетеді...Осылайша, жеке жауапкершілікті ысырып тастап, қария шақта қолтықтан демеу болатын зейнетақы капиталы мәселесіне мән бермейді. Сөйте тұра, зейнетке шығар сәт жақындағанда жанталас күйге түсіп, БЖЗҚ-дан керемет тосынсый күтеді. Бірақ қаржы әлемінде ғажайып тарту-таралғы деген болмайды. Әр адам зейнетін бейнетіне қарай көреді. Болашақ зейнеткерлерге кім қолдау көрсетеді? 2021 жылдың 1 қаңтарында ел халқының саны 18 879 552 адамға жетті. Демографиялық зерттеулер жас ерекше­ліктеріне қарай 15 пен 24 жас аралығындағы тұрғындардың саны азайып кеткенін көрсетті. Бұл 1990-2000 жылдардағы бала туу деңгейінің күрт төмендеуінің салдарынан туындаған жағдай. 2050 жылға қарай БЖЗҚ-ның актуар­лық есептеулері бойынша елімізде егде жастағы адамдардың үлесі 18,4% құрайды. Ал БҰҰ есебі бойынша нақ осы кезеңде әлемдегі қарттардың үлесі 20,1% болады деп күтілуде. Мәселен, 1990 жылдары туғандар 2050 жылы зейнет жасына жетіп, бұл топтағы азаматтар «демографиялық жаң­ғырықтың» бірінші толқынын құрай­ды. Тағы бір қызық дерек, 2050 жылы өмір сүру ұзақтығы артып, қариялар арасындағы өлім-жітімнің төмендеуі есебінен егде жастағы адам­дардың саны ұлғаяды деген болжам бар. Мұны, әрине әлеуметтік жағынан алғанда жақсы жаңалық деп айтуға болар. Дегенмен 1990-2000 жылдар аралығында дүниеге келіп, қазір 20 мен 30 жас ара­лығындағы жастарымыз зейнетақы қамын осы бастан ойластырғандары абзал. Халықтың қартаюы бюджетке салмақ Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға қарай елімізде егде жастағы халық саны өседі. Яғни, еңбекке жарамды 25 пен 64 жас аралығындағы азаматтардың үлесі азаяды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қолдау коэффициентінің екі есеге дерлік төмендейтінін көрсетеді. Түсінікті тілмен жеткізсек, осы жылдары 65 жастан асқан 1 зейнеткерге еңбек жасындағы 3,64 адам­нан келеді. Экономистердің есебінше, тұрғындар арасында қарттар үлесінің артуы еңбек нарығына, экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз етуде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеменің артуына тікелей әсерін тигізеді. Бұл мәліметтерді ескерсек, алдағы онжылдықтарда еліміздің жоғарыда атап өткен қиыншылықтарға ұшырауы мүмкін екенін байқауға болады. БҰҰ болжамы бойынша, мұндай жағ­дай тек Қазақстанды ғана емес, әлем­нің көп­теген елін күтіп тұр. Сондықтан зерт­теушілер бүгінгі жастар – болашақ зейнеткерлердің алдағы қария шақта қамсыз тіршілік кешулері үшін қаражат жинақтауды қазірден бастап ойластыру­лары керек екенін тағы бір рет еске салады. Бірде оң, бірде теріс Жұртшылықтың басым бөлігі қарттық кезең түгілі алдағы бір-екі жыл көлемінде қалай өмір сүретіндерін ескере бермейді. Жастық күш-қуат, еңбекке қабілеттілік мәңгілік мызғымас қалпында қалатындай алаңсыз ғұмыр кешеді. Бүгінгі күннің күйбең тіршілігінде жинаған ақшасының жай-жапсарына, қаржылық сауаттылық, жоспарлау мәселесіне көңіл аудармай жатады. Сондықтан олар нарықтың құбылмалығы немесе доллар бағамының өзгеруі салдарынан инвестициялық кірістің өзгергені туралы ақпаратты көргенде ғана үрейге бой алдырып, тиісті мекемелерден түсініктеме беруді талап етеді. Мамандардың айтуынша, мұның жақсы жағы да бар. Өйткені дәл осындай сәтте көптеген азамат аз мөлшерде жарна аудару арқылы қомақты зейнетақыға үміт арта алмайтындарын, яғни, жарналарды көбейту жолдарын іздестіру керектігін нақтырақ түсінеді. Ал инвестициялық кіріс тікелей сол жарналардың мөлшеріне байланысты. Ендеше инвестициялық кіріс дегеніміз не? – «Зейнетақы активтері құны өзгеріп отыратын әртүрлі қаржы құралына инвестицияланады. Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түсетін кіріс белгілі бір кезеңде оң және теріс болуы мүмкін. Инвестициялардың шамамен 2/3 бөлігі теңгеге, 1/3 бөлігі шетел валютасына тиесілі. Шетел валютасындағы инвес­тицияның басым бөлігі АҚШ долларымен көрсетілген. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтерінің бір бөлігі ретінде инвестициялық кірісте көрініс табады. Кейде ұлттық валюта нығайса, кеудемізді қуаныш сезімі билейтіні ақиқат. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ осы кезде зейнетақы шотыңыздағы инвестициялық кірістің мөлшері азаюы мүмкін. Ал доллар бағамы көтерілсе, өсуі мүмкін», – дейді бұл жайында БЖЗҚ мамандары. Осыған нақты мысал ретінде биылғы жылдың басындағы теңге мен АҚШ доллары арасында болған айырмашылықты келтіруге болады. Мәселен, 2022 жылдың қаңтарынан наурыз айының басына дейін теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін әлсіреді. Одан кейін наурыздың ортасында доллар 512 теңгеге дейін көтерілді. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау жүргізіліп, Қор салымшы­ларының жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық кірістер байқалды. Алайда ұлттық валюта бағамы­ның нығаюына байланысты соңғы кездері салымшылардың шоттарына есептелетін инвестициялық өсімнің біршама төмен­дегені де белгілі. – Айта кетерлік жәй, зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізіліп отырады. Қордағы ақшасының инвестициялық жағдайын қадағалаған салымшылар осы аралықта біршама өзгерісті байқады, – дейді БЖЗҚ сарапшылары. Бұл ретте сарапшылар зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестиция болып табылатындықтан, инвестициялық кірісті кем дегенде бір жыл мерзімге талдау керек екенін ескертеді. Шынында да, қысқа мерзімді деректер нақты көрсеткіш емес, олар нарықтағы әртүрлі жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Инвестициялық табыс инфляциядан жоғары Инвестициялық кірістің қысқа мер­зімді төмендеуі туралы ақпарат салымшы­лар арасында дүрбелең тудырып жатады. Бұл көбіне олардың зейнетақы шотындағы жағдайды ай сайын бақыламауы салдары­нан болады. Әрі БЖЗҚ-ның ай сайын беретін дәстүрлі есебінен кейін де жұрт­шылық мәселенің мән-жайын анықтау үшін кәсіби мамандардан кеңес алуға асық­пайды. Есесіне олар көрші-қолаң, тамыр-таныстарымен бірге әлгіндей «жаңа­лықтарды» белсенді түрде талқыл­айды. Дәл осы тұста халық арасында «ақша құнсызданып, инфляция табыс­тылық­тан асып барады» деген сөз де желдей есіп тұрады. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Шындығында, соншалық дүрлігуге себеп бар ма? Оны білу үшін салымшы­лардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінген 2021 жылғы таза инвестициялық кірістің көлеміне назар аударған жөн. зейнетақы Мысалы, былтыр салымшылардың пайдасына есептелген инвестициялық қаржы көлемі шамамен 1,4 трлн теңгені құрап, бұл бір жыл ішінде алынған жар­налар сомасынан 1,3 трлн теңгеге асып түсті. 2021 жылы ҚР Ұлттық банкі бас­қаратын БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша кірістілік инфляция 8,4% болғанда жыл басынан бері 11,13% жетті. Ал бұл мерзімді банктік депозиттер бойынша кірістіліктен едәуір жоғары көрсеткіш. Демек, алаңдауға еш негіз жоқ. Зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік бар Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық. Еліміздегі әрбір салымшы өзінің инвестициялық кірісін Қордың enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымша арқылы тәулік бойы көру мүмкіндігіне ие. Қазақстан – зейнетақы төлеу құқығын алған кездегі инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретін әлемдегі жалғыз мемлекет екенін көпшілік біле бермейді. Ал мемлекет тарапынан берілетін кепілдік салымшы­лардың жинақтарын инфляциядан сақтауға өлшеусіз септігін тигізеді. Ескеретін жәй, зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқару­шыларға беру кезінде (мұндай мүмкіндік 2021 жылдан бері пайда болды) мемлекеттік кепілдік зейнетақы активтерінің кіріс­тілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету бойынша басқарушы компанияның кепілдігімен алмастырылады. Жинақ ақшаңызды шешіп алсаңыз не болады? Белгілі бір себептермен Қордағы ақшаңызды зейнет жасына жетпей шешіп алған жағдайда келешектегі қарттық өміріңіз қалай болады? Енді сіз зейнетақыға қол жеткізе аласыз ба? Бұл сұрақтар ең жиі қойылатын сауалдардың қатарына кіреді. Айтқандай, кезінде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу төңірегінде әлеумет­тік желілерде қызу пікірталас болған­дықтан, маңызды сұрақты БЖЗҚ маман­дарына жолдадық. – Жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтары мерзімінен бұрын пайдаланғаннан кейінгі Қордағы қалдық ақша инвестициялық кіріс есебінен өсуін жалғастыра береді. Осы ретте тоқтала кететін негізгі мәселе, біржолғы зейнетақы төлемін алу Қордың немесе тұтастай алғанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс барысына кері әсерін тигізе алмайды. Мәселен, бірқатар салымшының Қордағы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алғанына қарамастан, соңғы есеп бойынша БЖЗҚ-дағы қаржы көлемі төмендеген жоқ. Айтқандай, 2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында шамамен 13,0 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Сонымен қатар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда да біршама өсім бар. Нақты санмен келтірсек, 2021 жылдың 1 мамырынан 2022 жылдың 1 мамырына дейін бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 356,9 млрд теңгеге немесе 2,8%-ға өсті. Демек, зейнетақы жарналарының да, инвестициялық кірістің де өсу қарқынын байқауға болады. Ал енді «Қаражатты алу салымшының жеке жинақтарына қалай әсер етті?» деген сауалға тоқталсақ, ол енді бөлек мәселе. Өйткені жинақтаушы зейнетақы жүйесінің діттеген мақсаты – әрбір азаматтың жұмыс істеген жылдары өзінің зейнетақы шотына тұрақты түрде жарна аударып, болашақта қомақты зейнетақы төлемдеріне ие болуын қамтамасыз ету. Сол тұрғыдан пайым­дағанда, зейнетақы жинақтарын пайдалан­баған азаматтар зейнет жасына жеткен тұста өз жинағының бір бөлігін баспана сатып алу немесе емделу мақсатына жұм­саған салымшыларға қарағанда әлдеқайда қомақты зейнетақыға қол жеткізе алады. Өз кезегінде мемлекет салымшыны ең төменгі зейнетақы мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте ең төменгі зейнетақы БЖЗҚ төлемдерінен және ең төменгі базалық зейнетақы есебінен қалыптасады. Атап кетер тағы бір дерек, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын ғана құрайды. Бірақ салымшының зей­нетке шыққанға дейінгі табысы және сәйкесінше зейнетақы жарналары жоғары болса, онда зейнетақы төлемдері де әлдеқайда көбірек болады. Қалай болғанда да, Қордағы жинақ ақшасын мерзімінен бұрын шешіп алмай, қайта инвестициялық табыс есебінен еселей берген адам зейнетке әлдеқайда жоғары зейнетақымен шығады. Демек, зейнетақы жинақтарын баламалы мақсат­тарға мерзімінен бұрын пайдалану бәріміз­ден қаржылық сауаттылықты, болашақ табысымызды мұқият таразылай білуді талап етеді. Осы жерде ескертер тағы бір жәйт, Қордың әрбір салымшысы enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы кальку­ляторының көмегімен өзінің болашақ зейнетақы төлемдерін болжамды түрде есептей алады. Сонымен қатар ресми сайттағы жеке кабинетте тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін жеткіліктілік шегінен асатын сома туралы ақпарат та қолжетімді. Қанша адам қаражатын пайдаланды? ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметіне өз жинақтарын пайдалануға үлгермеген азаматтарды қолдау мақсатында зейнетақы жинақтарының төменгі жеткіліктілігінің жаңа шегін (бұдан әрі – ТЖШ) енгізу мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған болатын. Осы аралықта Қордағы жинақтары жеткіліктік шегінен асқан жағдайда оны мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат берілген қанша адамның өтініші орындалды? Пайдаланыл­ған қаражаттың мөлшері қандай? Ендеше БЖЗҚ-ның берген мәліметіне көз жүгіртейік. Жалпы, 2021 жылдың қаңтарынан бастап 2022 жылдың 9 маусымына дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында жинақталған зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын алуға салымшылар тарапынан барлығы 2,7 миллионнан астам өтініш берілді. Оның ішінде жалпы сомасы 3,4 трлн теңгеге 1 709 565 өтініш мақұлданды. Қалғандары әртүрлі себеппен қанағаттандырылмады. Себебі кері қайтарылған өтініштердің көпшілігінде иелері алуға болатын шектеулі сомадан асатын қаражатты көрсеткен. Жинақтарының бір бөлігін алғандар­дың арасында тұрғын үй алу үшін пайда­ланылған біржолғы зейнетақы төлемдері­нің орташа мөлшері шамамен 2,4 млн теңге болды. Аймақтар бойынша орындалған өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (17,63%), Нұр-Сұлтан қаласы (13,98%) және Маңғыстау облысының (10,36%) тұрғындарынан түскен. Сондай-ақ БЖЗҚ емделу мақсатына жоғарыда көрсетілген мерзімде 298,6 млрд теңгеге 385 513 адамның өтінішін орындады. Бұл ретте қаражатты алудың орташа сомасы шамамен 0,8 млн теңге. Емдеуге түскен өтініштердің жалпы санының 96,0% стоматологиялық, одан кейін офтальмологиялық қызметтерге және ауыр диагноз қойылған науқастарды емдеуге бағытталған.

Алматы