Зейнетақы реформасы: заманауи жүйеге өтуде де көш бастадық
Зейнетақы реформасы: заманауи жүйеге өтуде де көш бастадық
676
оқылды

1998 жылдың 1 қаңтарын тәуелсіз Қазақстанның зей­нетақы жүйесінің туған күні десек болады. Өйткені дәл осы күні «Қазақстан Рес­пуб­­ликасында зей­нетақымен қам­сыздандыру туралы» заң күшіне енген еді. Осылайша, кеңес кезінде қалыптасқан жүйе бұзылды. Оның орнына «әркім еңбегіне қарай зей­нетақы алады» деген ұстаным санаға сіңді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүр­гізген саясаттың нәтижесінде жасақталған жүйе бүгінде өз жемісін беріп отыр.

Зейнетақы жүйесін неге ауыстырдық?

 Күллі кеңес кеңістігінде жинақтауға негізделген жүйеге алғаш көшкен Қазақстан болды. Сондықтан да көпшілігі басында бұл жүйеге күмәнмен қараған. Айлығының 10 пайызын беру ар­қылы болашақта табысына қарай зейнетақы алу мүмкін екеніне сенбеген болса керек. Жұмыс іс­тейтін, эко­но­микалық белсенді азаматтардың иығына қарттардың зейнетақысы жүк болып артылды. Ал 1990 жылдары ел ішін жұ­мыс­сыздық жайлап, қиын кезеңдер басталды. Одан қала берді Қа­зақстандағы туу көрсеткіші тө­мендеді. Бұл болса, қарттардың үлесі артқанын білдіретіні белгілі. Сәйкесінше, артылған жүктің салмағы шамадан тыс көбейді. Тағы бір себеп – жұмыс істей­тіндердің табысы мен зейнетақы көлеміне байланысты. «1990 жылдың ортасында зейнетақы жүйесінде іркіліс көп болды. Зейнетақы кешіктіріліп берілді. Тек 1995 жылдың өзінде зейнетақы көлемі ақшаның құн­сыздануы себебінен үш рет қа­ралды, нәтижесінде орташа зей­нетақы екі есеге өсті. 1997 жыл­дың қаңтарында елде 2,9 миллион зейнеткер болды. Бұл – барлық халық санының 17 пайызы. Зей­нетақының өсуі мен зей­неткерлер санының көбеюі мемлекеттік бюд­жетке қосымша салмақ түсірді. 1995 жылы зейнетақыға 46 мил­лиард теңге бөлінді, сонымен бірге зейнетақы бойынша бере­шектер көбейе берді» деп жазды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында. Қарапайым  мысал ретінде статистиканы сөйлетіп көрелік. 1992 жылы елде 2960,8 пайыздық гиперинфляция болды. Көрсеткіш араға үш жыл салып, 1995 жылы ғана төмендетілді. Сөйтіп, 60,3 пайыз болған. Байқасақ, зейнетақы жүйесіне реформа жасалуына елдегі макроэкономикалық жағдай әсер еткен. Әлі күнге дейін көп­шілік қиын-қыстау кезеңді си­паттау үшін «тоқсаныншы жыл­дар» сөзін синоним ретінде қолданады. Осы себептерді алға тарта отырып, жүйені жаңарту туралы шешім қабылданған.

Зейнеткерлік «көші-қон» жөн болды ма?

 Елбасы сол кездегі ахуалдың күрделі болғанын айта келе, «Қа­лыптасқан экономикалық және демографиялық жағдайға бай­ланысты зейнетақы реформасын кейінге қалдыруға болмайтын еді. 1997 жылдың наурызында Үкімет Зейнетақы жүйесін реформалау тұжырымдамасын бекітіп, сол жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қа­былданды» деп жазады. Сонымен бірге Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында бірінші болып зейнетақы реформасын жүргізді және оның нәтижесі де көп күттірмегенін атап өтті. «Мем­лекеттің зейнетақы және жәр­демақы төлеу бойынша берешегі 50 мил­­­лиард теңге болса, 1999 жыл­­дың соңына қарай бұл толы­ғымен өтелді. Осылайша, зей­­нетақы саласындағы дағдарыс өз шешімін тапты» деп атап өтті Елбасы. Бүгінде сол реформа же­місін беріп отыр. Экономист Бауыржан Ысқақ бұрынғы жүйеден гөрі қазіргіні қолдайтынын айтып отыр. «Эко­номикамыз нарықтық қа­ты­нас­тарға көшкеннен кейін зей­нетақы жүйесі де оған бағынуы керек. Мысалы, 1998 жылға дейін зей­неткерлікке шыққандардың жұмыс өтіліне ғана байланыстырған болса, одан кейінгі реформада дамыған елдер үлгісіне – жи­нақтауға көшкен едік. Одан бері бұл реформада динамика барын байқап отырмыз. Айталық, 2010 жылдары ең төмен зейнетақы 18 325 теңге болса, 2020 жылы 40 441 теңге болды. Базалық зей­нетақы мөлшерлемесі де кезінде 17 мың теңге шамасында болса, қазір – 32 мың теңгедей. Қай жағынан алып қарасақ та, бұ­рынғыдан гөрі қазіргі жүйенің артықшылығы мол. Егер сол күйі кеңестік жүйемен кете бергенде бұл мемлекет бюджетіне ауыртпалық болар еді. Бюджет тапшылығына әкелуі мүмкін. Ал қазіргі жүйе арқылы мемлекет оны эконо­миканы ынталандырушы факторға айналдыра алды. Бүгінде әр адам ресми түрде жұмыс істеп, жарна аударып тұрса, зейнетке шыққанда сомасының көп бо­латынын тү­сінеді. Осы арқылы кө­­леңкелі экономиканың да алдын алуға септігін тигізеді. Олай дей­тініміз, биыл жинақтың бір бөлігін пай­далануға рұқсат беру арқылы көпшіліктің тұрақты жарна ау­дарып тұруына түрткі болды. Екіншіден, қорға аударған қа­ражатымыздың үштен бір бөлігі экономикаға жұмыс істейді. Өйт­кені қаншама екінші деңгейлі банктің депозитінде сақталу арқылы инвестициялық кіріс әке­ліп отыр. Осылайша, эко­но­ми­каның түрлі саласына қаражат құйыла бастады. Бәріміз эко­но­микамыздың дамуына ат­салысып отырмыз деген сөз», – дейді са­рапшы.

Жаңарған, жаңалығы мол жүйе

Сөйтіп,  әркім бо­лашағына өзі жауапты болатын нұсқа таңдалды. Жинақ­таушы компоненттен түскен жар­налар қаржы нарығына ин­вес­тицияланып, табыс әкеледі. Осы­лайша, қаржы нарығы ұзақ­­мер­зімді капиталға ие болады да, отандық эко­номиканың түрлі саласының дамуын қамтамасыз етеді. Бастап­қыда жеке жи­нақ­таушы зейнетақы қорлары жұмыс істегенін де айта кету керек. Яғни, әркім қайсысына жинауды өзі таңдауға ерікті еді. Осының ар­қасында зейнетақы нарығында едәуір бәсеке басталып, одан жа­ғымды әсер байқалған. Де­генмен уақыт өте келе оның да «шикі тұстары» біліне бастады. Атап айтқанда, қорлар жаңа клиенттер тартудың орнына, бір-бірінен әкетуді көздеді. Ақыры 2013 жылы мемлекеттік жи­нақ­таушы зейнетақы қоры баз­а­сында бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы құ­рылып, бір жерге тоғыстырылды. Бүгінде енді зейнетақы қара­жа­тының сақта­луына БЖЗҚ мен Ұлт­тық банк жауап береді. Бы­лайша айтқанда, бәрі мемлекеттің бақылауында. Бір қарағанда, жап-жақсы жүйе кө­рінеді. Дегенмен жыл өткен жүйені жетілдіріп оты­руға деген қажеттілік бай­қалады. «Қазақстан Республикасының зей­нетақы жүйесін одан әрі жаң­ғыр­тудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қа­зақ­стан Пре­зиденті Жарлығының жобасында 2028 жылдан бастап базалық зей­нет­ақыдан кепілді минимал зей­нетақыға ауысу жоспары жай­лы айтылған. Соған сәйкес, бірнеше ұсыныс та жа­салды. Оның бі­ріншісі – зейнетақы жүйесіне 5 жыл­дан аз уақыт қа­тысқан өтілі бар тұлғаларға тө­­мен күнкөріс деңгейінің 70 пайы­зы мөлшерінде кепілді зей­нетақы белгілеу. Екін­шіден, бес­жылдық өтілі барларға төмен күн­көріс деңгейінің 70 пайыз мөл­шерінде базалық зей­нетақы белгілеу ұсы­нылған. Ал әр бес жыл қо­сылған сайын көлемі 2 пайызға ұл­ғай­тылып тұрмақ. Үшін­­шіден, ба­за­лық зейнетақы тағайындауды алып тастау деген жоспар бар. Сондай-ақ биылдан бастап зей­нетақы жи­нағындағы қаражат белгілі мөл­шерден асқан жағдайда оны пайдалануға рұқсат берілді. Бір әт­теген-айы – жет­кілікті шектен екінің бірі аса алмағаны. Әйтсе де, зейнетақы жарнасын тұ­рақты толықтырып тұруға, бұ­­­ған аса жауапкершілікпен қарауға стимул болғаны анық. Де­мек, бұл тұр­ғыдан алғанда мем­лекет ха­лық­­ты ын­таландыра алды.

Жадыра АҚҚАЙЫР