Жерді кім сатып алса да, 5 қабатты үй жанынан көпқабатты үй салынбайды – Алматының әкімі
Жерді кім сатып алса да, 5 қабатты үй жанынан көпқабатты үй салынбайды – Алматының әкімі
Фото: kursiv.kz
481
оқылды
Алматы әкімімен кездесуде Алмалы ауданының тұрғыны құрылыс мәселесін көтерді, – деп жазады inform.kz. Қала тұрғыны Нұрмақов көшесінде 5 қабатты үйлердің жанынан көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталғалы жатқанын айтып шағымданды.
«Тоқтаусыз салынып жатқан құрылыс жан-жағымыздан қысып бітті. Үйіміздің қасындағы тұрғын үйдің қабатын азайтуды сұрап едік, ол да орындалмады. Қазір 12 қабатты үй тұрғызылды. Сонымен қатар Нұрмақов 150 мекенжайында үйімізге қарама-қарсы бос жер бар, сол жерге саябақ салып беруді де айтып келеміз. Бірақ онда да көпқабатты үй бой көтерді. Енді мердігер жанымыздағы 2 учаскені сатып алмақ екен. Оны тоқтату мүмкін емес сияқты», – деді қала басшысымен кездесуге келген Алмалы ауданының тұрғыны.
Алматы әкімі Ерболат Досаев ол жерге барғанын айтты. «Мен ол жерді барып көрдім. 2 учаскеге де рұқсат берілген жоқ. Олар бізді хабардар етпеді. Кім сатып алса да, Нұрмақов көшесіне ғимарат салынбайды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.