Шалғай ауылдың балалары үшін IQanat республикалық оқушылар слетінің аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара аясында оқушылар елордадағы Назарбаев университетінде жоба қамқоршыларының бірі, BI Group холдингінің басқарма басшысы Айдын Рахымбаевпен кездесті. Мотивациялық кеште Айдын Рахымбаев 752 оқушыға жігер сыйлады.
«Ауыл баласы ол кезде әлемдік оқу орнында оқимын деп үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ қалауын тапсаң, қар жанады екен. 35 жасымда ағылшын тілін үйренуді қолға алып, 40-тан асқанда ғана Гарвардқа түсуді жоспарладым. Тек 47 жасымда ғана сол оқу орнына түстім», – деді ол. Сондай-ақ ол оқушыларға жауапкершіліктің мән-маңызын да түсіндірді. «Жауапкершілік жүктелген тапсырманы орындаумен шектелмейді. Жауапкершілік – біреуге сіңірген еңбегің емес, өзіңнің алдыңда абыроймен атқаратын міндет» екенін жеткізді. Осыдан соң оқушылар тарапынан «Оқушы күніңізде жауапкершіліктен жалтарған кезіңіз болды ма?» деген сұрақ қойылды. «Ондай оқиғалар жетіп артылады. Оқушы кезімде талай бұзықтық жасадық. Бір күні мектепке ерте келіп, бор жазылмас үшін балауызбен тақтаны жақсылап боядым. Мектептегі ең қатал мұғалімнің сабағында осындай әрекетке барғаным бар еді. Сол күні сабақтан алып қалып, оңбай таяқ жедім. Қайнаған сумен бірнеше сағат бойы тақтаны жуып шықтым», – деді бала күндегі естелігімен бөліскен Айдын Рахымбаев.
Зияткерлік жарыстың бірінші кезеңі, аудан деңгейінде іріктеуден басталады. Олимпиада 1қыркүйектен басталады. Бірінші кезеңде балалар үш блоктың бірінде бейімділікті анықтау үшін барлық пән бойынша тест тапсырады. Оның ішіне математика, физика, химия, биология, қазақстан тарихы, география, дүниежүзі тарихы бар. Екінші кезеңде облыс деңгейінде өтеді, онда бірінші кезеңге қатысқан оқушылардың тек 25 пайызы ғана бақ сынап, осы алғашқы сатыда ең көп балл жинаған пән бойынша тест тапсырады. Биыл оқу жылында олимпиадаға республиканың түкпір-түкпірінен жиналған ауыл мектебінің 37 мыңға жуық қазақстандық оқушы қатысып, оның 7,6 мыңы ғана екінші кезеңге өткен. «Ақтық сында тек 752 бала бақ сынайды. Соңғы сынақта сүрінбеген үздік 100 бала ғана IQanat High School of Burabay-да оқуға мүмкіндігі бар», – деп отыр Кәмила Башарова.