Алматыда жоғалып кеткен 14 жастағы жасөспірім өлі күйінде табылды

Алматы
© elorda.info

Алматыда екі күн бұрын жоғалып кеткен 14 жастағы жасөспірімнің денесі табылды. Оны 15 жастағы досы асқан қатыгездікпен өлтіргені белгілі болды, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсары туралы жасөспірімді іздеуге белсене қатысқан Ислам Угушев Facebook желісінде жазды.

Белгілі болғандай, жасөспірім 22 маусым күні сағат 13.00 шамасында «Денсаулық» бау-бақша серіктестігіндегі үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Баланың отбасы оны қанша іздегенімен, таба алмайды.

Ал 23 маусымда баланың мәйіті табылған.

«Ол өте сүйкімді, мейірімді бала болған еді. 14 жаста еді. Өзі ұзақ уақыт дос болып, араласып жүрген досының қолынан мерт болды. Кейін анықталғандай, 15 жастағы жасөспірім марқұм досының үйінен ақша ұрлаған. Осы жайтқа қатысты ол досымен сөйлеспек болып оңаша шақырғанда, досы оның басын жарып, артынша аяқкиімінің бауымен қылқындырып өлтірген. Содан соң түк болмағандай баланың ата-анасына келіп, оны бірге іздеп жүргендей кейіп танытқан», –  деп жазады Ислам Угушев.

Сондай-ақ ол өзі өлтірген досының банк картасын алып, онымен сауда жасаған.

Алматы қаласы Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар деген күдікпен ұсталған бала өзінің кінәсін мойындап отыр деп мәлімдеді.

"Алматы қаласы Медеу ауданының полиция бөлімшесіне 2007 жылы туған азаматтың жоғалып кеткені туралы арыз 23 маусым 2022 жылы түсті. Шұғыл іздестіру тобы жасақталды. Күндіз саяжай маңынан іздестіріліп жатқан баланың мәйіті  табылды. Оның адам қолынан қастандықпен өлтірілгені анықталды. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 2007 жылғы бала ұсталды. Күдікті өзінің досын ұрысып қалғаннан кейін өлтіргенін мойындады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тиісті сараптама тағайындалды", деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.