Ойбай, кеп қалды
Ойбай, кеп қалды
536
оқылды
Базар бастығының орынбасары оқыранған айғырдай жүгіріп келді де, бастығын құшақтай алды. Төбе шашы әскерилерше тік түрған, көздерінің көлемі өзгерген, бетінде қан жоқ, үрпиіп кетіпті. Бастығы оған таңдана қарады. Сосын оның кеудесінен итеріп: ‒ Мен саған керілген келіншекпін бе? Ары тұр! ‒деп итеріп жіберді. Кері шегінген ол бастығын тағы да құшақтады. Әлде, оны біреу сөзбен пышақтады? Зәресі қалмай, қалшылдап кеткен. Бастығына жабысып алыпты. Еркек пен еркектің жабыса қалғаны бір түрлі екен. ‒ Ары тұр дедім ғой! Құшақтамашы! ‒ Қорқамын. ‒ Кімнен? ‒ Келе жатыр! ‒ Кім, кім? Финпол? ‒ Ол өзіміздің адам ғой. ‒ Санэпид? ‒ Ол өзіміздің надан ғой... ‒ Ажар? Ой, пожар? ‒ Үйренісіп қалғандар ғой.. ‒ Прокурор? ‒ Ой, оның тісі «крышамызға» батпайды... Бастықтың басы қатты. Кім болуы мүмкін, а? Орынбасарымның сонша қорқатынындай кім келе жатыр базарға? Бізде бұрыннан қалыптасқан «Мен ‒ саған, сен ‒ маған» жүйесінің жібін кім үзбек? Майлы шелпегімізді кім тартып алмақ? Жүні тікірейген жұмбақ болды ғой? Орынбасары үндеместен кабинетінен шығып кеткен. Бір кезде тағы әлдекімнен қашып келді. Бастық: ‒ Не болды? ‒ деп сұрады. ‒ Келе жатыр! Бастық кабинеттегі шифонердің ішіне кіріп кетті. Жүрегі дүрсілдейді. Дауыстап: «Кім болса да, кірсін!» ‒ деді. Орынбасар шифонердің есігін ашып: ‒ Келе жатыр, ‒ деді жыламсырап. Бастығы қорыққанынан шәй ішетін шағын бөлмесіне кіріп, диванның артына жасырынды. Орынбасары оның құлағы тұсына аузын тақап: ‒ Басеке, келе жатыр, ‒ деді. Бастығы ұшып тұрды. ‒ Әй, кім келе жатыр? ‒ деп сұрады. Орын­басары жылады. ‒ Келе жатыр... ‒ Аспан айналып жерге түссе де, айтшы? Кім келе жатыр? ‒ Келе жатыр ғой... ‒ Мен танимын ба? ‒ Танисыз. ‒ Ойбай? ‒ Оны халық таниды. ‒ Жүр, күтіп алайық! ‒ деп орынбасарын кабинетке жетеледі. Сол екен, кабинетіне үрейі ұшып кеткен салық жинаушы кіріп келді. Ия, саудагерлерден алым жинайтын әйел. ‒ Ағай, ‒ деді ол. ‒ Әу? ‒ Келе жатыр... ‒ Екеуіңді жын бокстап кеткен бе? Кім келе жатыр? ‒ Сіз оны танисыз. ‒ Айтсаңдаршы? ‒ деді бастық қалшылдап. Орынбасары жұтынып: ‒ Басеке, Жаңа Қазақстан келе жатыр! ‒ деді. ‒ Енді бұрынғыдай халықты қинай алмаймыз, майлы шелпек жинай алмаймыз, ‒ деді салық жинаушы келіншек. Бастық кенет тілін тістеп алды, «Жаңа Қазақстанды» кіргізбеймін!» ‒ деп есігін кілттеп алды. Бірақ, Жаңа Қазақстан ауасы, осы болды дауасы, оның өкпесін қысты, қысқасы, бастықтың зәресі ұшты. Бұл ‒ еліміздегі бір базардағы көрініс дейік. Ал, Алматыдағы атақты «Алтын орда» базары мен еліміздегі басқа да базарлардың «қатып қалған» жүйесін жібітуге президенттің өзі үкіметке тапсырма берді. Күні кеше, «Бақ‒орда» базарының кәсіпкерлері жалдау ақысының екі есе көтерілгеніне наразы болып шықты. Авто‒бөлшек сататын дүкендері бар кәсіпкерлер бұрын екі мың теңге төлейтін. Басшылар мұны екі есе көтеріп жіберіпті. Кәсіпкер Сембек Нұрғұлов, Баян Рақымовалардың ашынған дауыстары басшылыққа жетті. «Бақ орда» базарының басшысы Зәуре Сапажанова бой берер емес: «Менің жарыққа төлейтінім бар, күзетшілерге төлейтінім бар, мұны кім түсінеді?» ‒деп күрсінді. Ал, халықтың мұңын сонда кім түсінеді?