Ысқырық
Ысқырық
416
оқылды
Сабырбек ОЛЖАБАЙ халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бұрауы мықты сағат сықылды тынбай сартылдап жүріп тұратын Сабырбектің бір сиқыры бар ма дейміз. Сатираға сүйкеніп, драматургиямен достасып, өлеңмен «өбісіп», прозамен пікірлесіп, детективпен де дидарласып, қалам тартпаған жанры қалмады. Осы тұрғыда Олжабайдың Сабырбегі әмбәбаб техникаға да тартып туған тәрізді. Мәселен, өнертапқыштар шөп оратын, жер жыртатын, культивация жасайтын, тырмалайтын, қазатын, сүретін, жинайтын құрылғылардың барлығын бір трактордың бойына сыйдырып жібереді. Міне, «Араның» арнаулы тілшісі Сабырбек Олжабай осы трактор сияқты барлық міндетті бір өзі арқалап жүрген қарымды қаламгер. Осындай кең ауқымды шығармашылық еңбектері үшін оған таяуда Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын берді. Біз марапат иесін шын жүректен құттықтап, оның бір сатиралық әңгімесін жазарларыңызға ұсынып отырмыз. Прокурор қолындағы қылмыстық іске қарап аң-таң қалды. Сенерін де, сенбесін де білмеді. Асаған Қарынбайұлы құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында Береген Алағановты тендерден ұтқызып беремін деп 50 мың АҚШ долларын асап қойған болатын. Асағанның бұл қылмысы сыбайлас жемқор­лық деп дәрежеленіп, оған 10 жыл мерзім кесіліп те қойылған-ды. Енді қара, Асаған алаяқтық жасаған. Ол Береген Алағановтан шытырлатып тұрып доллар алған күннен бір тәулік бұрын департамент директоры орынтағын оп-оңай тастап, қызметінен өз өтінішімен босаған екен. Әрине, жұмысы жоқ жан жамбастап жата бермейді. Әрекет керек. «Есектің артын жуса да мал тапқаны» жөн. Отбасы мүшелері тарығып қалмас үшін талқан да болса табыс кіргізгені абзал. Сондықтан Асекең қызметін қиып кеткен күннің ертеңіне-ақ мал табудың оңайлатылған жолына түскен. Сөйтіп оң жамбасына келіп қалған құрылыс фирма­сының директорын майлы ішектей айнал­дырған. – Япыр-ай, мұндай зымияндықты көр­сем, көзім шықсын. Осындай да көзбояу­шылық болады екен-ау,- деп прокурор таң­данысын жасыра алмай ысқырып жіберді. Оның ысқырғанын «шұғыл шақырғаны» деп ойлаған хатшы қыз есікті жылдам ашып бұйраланған басын оқ жыландыкіндей сумаң еткізді. – Иә, ағай! Иә, ағай! Кі-кі- кімді ша­қы­райын?- деп тұтыңқырап тұрып қалды. Өйткені, сағыз шайнап отыр еді. Прокурор Пернебек Пайызханов ашудан нарт болып қызарып кеткен екен. Сағыз шайнағыш Сағымкүл есік алдында не кірерін, не кетерін білмей оқтау жұтқан адамдай қақшиды да қалды. Оның бұл тұрысы прокурордың одан бетер ашу-ызасын келтірді. – Сені кім шақырды? – Өзіңіз ғой ысқырған. – Кім ысқырған? – Сіз. – Алла! Жұмыс бөлмемде ысқыратындай мені жын қағып кетті деймісің. Жаңылыс естіген шығарсың. – Ағай, таңертең ғана құлағымды жуып шыққам. Таза естимін. – Енді сені құлағыңа мақта тығып алған деп тұрғаным жоқ қой. Салғыласпай бар, жұмысыңды істе. – Жұмысымды жасап отырмын ғой, ағай! – Жарайды, бара ғой. – Тағы да ысқырсаңыз келмей-ақ қояйын ба? – Енді ысқырмаймын. Кірмей ақ қой. Прокурор Пайызханов отыра қалып қалалық соттың төрағасына наразылық хатын жазды. «Асаған Қарынбаев барып тұрған қыл­мыскер. Оны экономикалық қылмыс және сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес депар­таментінің қызметкерлері өзінің жұмыс бөлмесінде Береген Алағановтан 50 мың АҚШ долларын пара ретінде алып тұрған жерінен құрықтаған. Сол жерде бас шарасы қамауға алынған. Тиісті құжаттарды дайындау барысында оның департамент директоры лауазымында отырғаны тайға таңба салғандай анық жазылаған. Сонда ол қалай ғана алаяқ болып шыға келеді?  Сіздер оның қылмысын дұрыс дәреже­лемей отырсыздар. Сондықтан прокурорлық наразылық білдіремін» деп шиыршықтап қолын қойды. Оның осы қол қойысын аңдып тұрғандай тазыдай жылмаңдап судья Сұрағанов кіріп келді. Прокурор Пайызханов ешкімді де тер­геусіз өткізбейтін хатшысының тырп етпей қалғанына таңырқады. -А-а, Пернеке, Саламатсыз ба? Есіктен ептілікпен кірген судья екі қолын жайып ілгері ұмтылды. Пайызханов жаңа ғана осы судьяны тірідей көрсе шайна­май-ақ жұтып жіберуге дайын отырған. Мүмкін ол мұның қан қысымы көтерілген кезін аңдып әдейі келген шығар. Бұл Сұра­ғанов­тан бәрі де шығады. Ол енді прокурордың өзімен ойнай бастаған екен. Қаны басына шапқан Пернебек сығымдай ұстағаны сон­ша­лық, алақанындағы әлдене шырт-шырт етіп жарылып кетті. – Судья Сатыбалды Сұрағанов, мен сізді түсінбеймін, – деді ол ашуын ақылға жеңдірмек болып, өз-өзін тежей түсіп. – Түсінбейтін не бар, Пернеке! – Асаған Қарынбайұлы кабинетінде қылмыс жасағанын бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары жамырай жазды. Алғашқы күні қаржы полициясының бастығы да теле­дидарда осылай деп мәлімдеді. Ал сіз алаяқ­тық жасады деп жазасын жеңілдетіп отыр­сыз. – Пернеке, өзіңіз де білесіз, осы газет-мазет дегендеріңіз ешнәрсенің парқына бармай-ақ ауруды тыңдай, сауды жындай етіп жаза береді. Оларға сенуге бола ма өзі? – Жарайды, оларға сенбейік. Бірақ, прокуратураға алғашқы әкелген материалда Қарынбайұлының қылмысы ап-анық жазы­лып тұрғанын өз көзіммен оқығанмын. – Оқысаңыз, ол алғашқы тергеудің қорытындысы. Бірақ, мәселе басқада болып тұр ғой... – Ол қандай мәселе? – Міне, осыны сұрамайсыз ба? – Ал сұрадық. – Сұрасаңыз, Қарынбайұлы ана кісімен қарын бөле көрінеді. Жоғарыдан сол кісінің өзі қоңырау шалып жатыр,– деп Сұрағанов сұқ саусағымен төбе жақты нұқып көрсетті. Пайызхановтың аптылығы басылың­қырап қалды. Судья енді сыбырға көшті. – Пернеке, саспаңыз, сіздің де сыбағаңыз ойластырылған. Қарынбайұлын құтқарсақ, өзіңізге тиесілі – 100 мың болғалы тұр,- деді сырттан кіргені. – Қанша дедіңіз, қанша? – деп Пайыз­ханов ысқырып жіберді. Бұл жолы ысқырығы жер жарарлықтай еді.  Сағымкүл селк етті. Басекең «кірме» деген. «Бағана жападан жалғыз отырып еріккеннен ысқырған шығар. Ендігісінде жол болсын!» деп хатшы қыз есік сыңылауынан сығалап еді о, тоба, прокурор мен судья сүйісіп тұр екен. Еркек пен еркектің сүйіскенін бұрын-соңды көрмеген хатшы қыз: «Бұлар немене өзі, қызтеке ме?» деп шошынып калды. Ойына еркек пен еркектің байланысы туралы әлдене түскенде Сағымкүл де байқамай ысқырып жіберді. Бұл жолы көшедегі көлік жүргізушілері «жол полициясы ысқырған екен» деп тежегіштерін тез- тез басты. Сасқалақтап қалған жүргізушілердің көліктері бір-бірімен соғысты. Айналадағы азан-қазан шудан әрі оқыс ысқырықтан сүйістерін зорға тоқтатқан екеуі терезе алдына жүгіріп барысты. Сырттағы сұмдықты көрді. – Мына атаңа нәлеттерді шетінен соттау керек,– деп олар қосарлана ысқырғанда жол шетінде кетіп бара жатқан арбаға жегулі ат үркіп жолжиектегі бір адамды қағып кетті. – Нағыз қылмыскерді таптық, – деп екеуі қолдарын ысқылады. Арада алты күн өткенде судья Сұрағанов арбакешті алты жылға кесті.  Арбакештің ауыр ахуалы Пайызхановты ойландырған да жоқ.