Әлемнің бірінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев Astana Open ATP 250 турниріне қатысады.
Биылғы дода елордада 18-25 қыркүйек аралығында өтеді. Д.Медведев – 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының, 2020 жылғы ATP қорытынды жарысының жеңімпазы. Сондай-ақ ол үш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына дейін жетті.
«Даниил Медведевтің биыл үшінші рет өткелі отырған Astana Open додасына келетініне қуаныштымыз. Қазақстанда Рафаэль Надаль, Новак Джокович, Жо-Вильфрид Тсонга сияқты әлемнің үздік теннисшілерінің өнер көрсетуі игі дәстүрге айналып келеді. Даниил өзінің спорттағы жолын біздің елімізде бастаған. Әлемнің бірінші ракеткасы елордадағы Ұлттық теннис орталығында өнер көрсетер күн де жақын», – деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
Ресейлік теннисші 2010 жылы 18 жасқа дейінгілер арасында Өскеменде өткен ITF Juniors G3 турниріне қатысқан. Ал 2016 жылы әлемнің 171-ракеткасы ретінде ATP Challenger сериясына енетін Қазақстан Президенті кубогына келген. Онда ол ширек финалға дейін жеткен болатын.«Мен Astana Open турниріне қатысатыныма қуаныштымын. Мұнда маған дейін де атақты ойыншылар келген екен. Доданы асыға күтемін», – деді Д.Медведев.