КҚК: құбырға бар ма балама?!
КҚК: құбырға бар ма балама?!
© коллаж: Елдар Қаба
930
оқылды
Батыс елдерінің санкциясына іліккен Ресей арқылы қазақтың қара алтынын жаһандық нарыққа тасымалдау барған сайын күрделенді. Он күндей бұрын Мәскеу КТК құбыры арқылы келетін Қазақстан мұнайын Новороссийск портымен Еуропаға жөнелтуді доғарды. Ресми себеп – порт айналасынан жетпіс жеті жыл бұрын аяқталған Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі миналар табылған. Қазақстандық мұнай экспорты ай соңына дейін тоқтатылды, ұзауы да ықтимал. Қазақстан баламалы жолдарды іздейді. Ол қандай жолдар? Онымен шикізат тасу ұтымды да, әлде шығынды ма? Батыстық сарапшылар, Германияның жетекші Deutsche Welle басылымы секілді ақпарат құралдары Ресейдің бұл қадамын «Қа­зақстанды достыққа көндіру опера­циясы» деп бағалады. Олардың пікірінше, мұның бәрі Қазақстанның Кремль құрып жатқан квазимемлекеттік аумақтарды тәуел­сіз республика ретінде мойында­мауына жауап-мыс. Бұған түсініктеме берген Энергетика министрі Б.Ақшолақов Каспий құбыр консорциумы айналасын­дағы ахуалдың халықаралық геосаяси дауылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бас энергетиктің сендіруінше, ресейлік тарап Новороссийск портының айналасы, теңіз түбі тексерілетінін ПМЭФ-2022 фору­мына дейін, 13 маусымда хабардар етті.
«Тиісінше, Парламентте олардың те­реңдікте жұмыстарды бастамас бұрын теңіз түбін тазалау жұмыстарына кіріскелі жатқанын жеткізгенмін. Өкінішке қарай, ол маңда Екінші әлемдік соғыс заманынан қалған жарылғыш заттар жетерлік. Менің түсініктемем 16 маусымда, бейсенбіде шық­ты. Консорциуммен апта басынан дайын­далдық. Құбыр арқылы шикізат та­сымалының күрт қысқаруы қазақстандық мұнай экспортына көп зиян тигізбейді. Себебі бізде осы құбырмен өнімін айдай­тындардың бірі – Қашаған кен орны 15 шілдеге дейін жөндеуге жабылды. Мұнай жөнелтуге еш ықпал етпейді», – деді ми­нистр Болат Ақшолақов.
Негізі, кейбір ақпарат құралдары жазғандай, КТК мұнай айдауды толық тоқтатқан жоқ. Әзірге Новороссийскідегі үшінші жылжымалы айлақтық құрылғы (ВПУ) жұмыс істеп тұр. Теңіз түбін тазалау жұмыстары аяқталғанша алғашқы екеуі арқылы ғана қазақстандық қара алтынды қабылдау тыйылған. Энергетика министрі Б.Ақшолақов ресейлік әріптестеріне сілтеме жасап, ол жұмыстар 25 маусымға дейін жалғасады деп болжаған еді. Алайда одан бері үш күн өтті, мұнай қабылдау сол бойы толық көлемде іске қосылмады. Жалпы, көршінің осы портының қыз­меті тек биылдың өзінде осымен үшінші рет тоқтатылып отыр. Салдарынан соған тәуелді КТК құбыр жүйесінің жұмысына нұқсан келіп жатыр. КТК ТМД көлемінде энергетика саласындағы ең ірі бірлескен жоба саналады. Қазақстандағы Теңіз кен орнынан бастау алатын құбыр Новорос­сийск теңіз айлағына дейін 1 511 шақы­рым­ға созылып жатыр. Оның арқасында Ресей жел сайын бірнеше миллиард дол­лар табыс табады. Өз кезегінде Қазақстан жаһандық нарыққа жыл сайын бүкіл экс­порттық қара алтынының үштен екісінен астамын дәл осы құбыр арқылы жөнелтеді. Яғни, Каспийде орналасқан кен орын­дарының экспорты соған қатты тәуелді. Бұл ретте құбыр арқылы тасылатын ресейлік мұнай Батыстың санкциясына ілікті. Осыдан кейін Қазақстан еуропалық нарықта шектеуге ілікпеу үшін өз мұнайы­ның Urals сұрыпының атауын KEBCO деп өзгертті. Әйтпесе, Urals атауы әлемге не­гізі­нен Ресей маркасы ретінде белгілі. КТК-ның Новороссийскідегі теңіз тер­миналы 3 жылжымалы айлақтық құ­рылғымен жабдықталған, солардың көме­гімен құбырмен жеткен мұнай жағалаудан айтарлықтай қашықтықта танкер-кеме­лерге қауіпсіз толтырылады. Каспий құ­быр консорциумының 19%-ы «ҚазМұнай­Газ» ұлттық компаниясына, 1,75%-ы – Kazakhstan Pipeline Ventures LLC-ге, 24%-ы – ресейлік «Транснефть»-ке, 7,5%-ы Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited-ке тиесілі. Қалған үлестерге ше­телдік инвесторлар ие. Иран бағыты қызықты әрі қомақты Энергетика министрлігінің мәліметін­ше, 2021 жылы Қазақстан жалпы көлемі 85,88 млн тонна мұнай өндіріпті. Оның 67,5 млн тоннасын шетелге экспорттаған. Энергетика министрлігі биылғы мұнай өндірісі болжамын 87,5 млн тоннадан 85,7 млн тоннаға дейін – 1,8 млн тоннаға азайтты. Қазір Қазақстанның бүкіл мұнайы­ның 94%-ы Ресей аумағы арқылы тасы­малда­нады. Күндердің бірінде көрші бұған тосқауыл қойып тастаса, ел бюд­жетінің жартысына жуығын толтырып отырған сала дағдармақ. Сондықтан ел Үкіметі сала мамандарын тартып, бұл істе РФ-ға тәуелділіктен кетудің жол­дарын іздеуде. Оның үстіне, санкциялар және әскери тәуекелдер кесірінен Ресей аумағы арқылы тасымалданатын қазақ­тың қара алтыны жеңілдік-дисконтпен сатылады. Қынжылтарлығы сол, терең теңіздер мен алып мұхиттарға шыға алмай, құрлық­та қысылған Қазақстан үшін балама тым аз. Қытай, Орталық Азия, соның ішінде Ауғанстан арқылы жаһандық нарыққа шығу тым күрделі, тосыннан туындауы әрі түйіні тарқатылмауы мүмкін проблемасы көп. Нәтижесінде, Каспий қалады. Ол ар­қылы Әзербайжанға шығып, одан ары Грузияға, Қара теңізге, Түркияға және Еуропаға құлаш ұруға болады. Қазақстанның Мұнайсервистік ком­паниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, Ақтау порты арқылы бүгінде небәрі 2 мил­лион тонна қара алтын тасымалданады.
«Бұл көлемді қазірден кем дегенде 5 мил­лион тоннаға дейін арттыруға бола­ды. Қуаты жетеді. Ал Ақтау айлағындағы ре­конс­трукциялау жобалары аяқталған соң оның мұнай құю қуаты 12,5 миллион тон­наға дейін ұлғаяды. Қашаған мұнайы­ның қожайындары, нақтылай кетсем, CNPC мен KMG Kashagan B.V. биылғы қазаннан бастап, қара алтынды Ақтау порты арқылы жөнелтуді жоспарлап отыр. Таяуда олар­дың техникалық мамандары­ның делега­ция­лары Ақтау айлағында бо­лып қайтты. Келіссөздер қорытындысында отандық порт арқылы қашағандық мұнай­дың алғашқы партиясы қазанда әлемге жол тартады деген уағдаластыққа келген. Әйтсе де, көлемі және ары қарайғы мар­шруты белгісіз, пысықталып жатыр», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Иран бағыты бір жағынан Каспий айдынына, екінші жағынан Орталық Азия аумағына байланысты. Түрікменстан жері арқылы теміржол көлігімен Иранға, одан ары танкерлермен Парсы Шығанағына, Азия алпауыттарына шығуға болады. Бұл бағыттың дамуына Президент Қ.Тоқаевтың 19 маусымда Тегеранға ресми сапары тың серпін берді. Бұл жерде Иран­ның да Батыс санкциялары салынған ел екенін ұмытпаған жөн: АҚШ оның мұ­найын сатып алуға эмбарго енгізген. Дегенмен қазақ мұнайын Иран порттарына жеткізудің қажеті болмайды: алмастыру схемасы қолданылмақ. Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры­ның дерегінше, Қазақстан лидерінің таяудағы Иранға сапарынан соң алмастыру схемасы бойынша шикізатты транскас­пий­лік бағдармен тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазақстан Иран арқылы своп-жеткізілімдерді 2011 жылға дейін жүзеге асырғаны белгілі: жылына 2-3 миллион тонна жөнелтілетін. Бұл әдіске сәйкес, қазақ мұнайы Ақтау порты арқылы танкерлермен ирандық Не­ка портына апарылады. Одан ары құр­лықпен ирандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Соның орнына Парсы шыға­нағы елдеріне Қазақстан атынан сонша көлемдегі ирандық мұнай сатылады. Нека терминалы Тебриздегі және Тегерандағы МӨЗ-дермен құбырмен байланыстырылған. Ол магистралдың өткізу қуаты күніне 370 мың баррель, мұны 500 мың баррельге дейін кеңейтуге мүмкіндік бар. Бұл жылына шамамен 25 миллион тоннадай. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл – Ресейді айналып өтетін тамаша бала­малы жол. Бұл бағыттың кемшілігі сол, Қазақстанда Каспий арқылы әрлі-берлі үздіксіз жүздіретін алып кеме-танкерлері жоқ. Қолдағысының бәрі – шетелдік, ресейлік. Көршілерге де ден қойсақ қайтеді? Бұдан бөлек, ірі Қытай бағыты қалады. Қазір Атасу–Алашанькоу мұ­най құбыры арқылы шың еліне Қазақ­станнан тек 1 миллион тоннасы ғана жеткізіледі. Қалған 10 миллион тоннасы ресейлік мұнаймен тол­тырылатын көрінеді. Бірақ Атасу–Ала­шанькоудың қуа­ты жылына 20 миллион тоннаға дейін барады. Ендеше ҚХР-ға жөнел­ті­лімді Қазақстан тағы 9 миллион тоннаға өсіре алады. Бұл бағыттағы гәп – мұнай бағасы. Жұңғо елі қара ал­тынды аса арзанға алуға құмар. Мұның сыртында шығыс көршіге жет­кізілімді күрт көбейту үшін құбырға жет­кізілетін мұнай көлемін де еселеп арттыру қажет болады. Ол үшін Атасуға дейінгі теміржолды қатты жүктеуге тура келмек. Бұл ретте Кеңқияқ–Атырау телімінің өт­кізу қуаты тым шектелген: онымен еліміз­дің батысындағы кен орындарынан рес­пуб­ликамыздың оңтүстігіне жылына бар-жоғы 6 миллион тонна ғана мұнай тасуға мүмкіндік бар, оның үлкен бөлігі Шымкент мұнай өңдеу зауыты алып қояды. Мамандардың дерегінше, тағы 3-5 млн тонна шикі мұнайды Қытайға қарай құ­бырмен емес, тікелей теміржолмен Достық – Алашанькоу және Алтынкөл – Қорғас шекаралық өтпелері арқылы тасымалдауға болады. Бірақ қазақ-қытай шекарасында жүк жиі кептеліп, тұрып қалады. Батыс әлемі­мен сауда-саттығының еселеп өсуіне байланысты ҚХР-дың ішкі теміржол же­лісі шектен тыс жүктелген. Ауыртпа­лықты азайту үшін Бейжің ірі партиялы жүктерді шек­тейді. Әрине, Орталық Азия да қазақ елі­нен қара алтын сатып алып тұрады. Соның ішінде өзбек бағыты сал­мақ­тырақ. Әйт­кенмен өзге маршруттермен салыстырған­да, мардымсыз әрі азаюда: Өзбекстан былтыр бізден бар-жоғы 50 мың тонна мұнай алды. 2020 жылы 459 мың тоннасын арбалаған еді. Құмкөл мұ­найының негізгі бөлігі құбырлар жүйе­сімен Шағыр стан­сасына жетеді, ары қарай өзбектердің Ахунбабаев стан­сасына – Ферғана МӨЗ-іне жөнелтіледі. Бұл бағыт та шектеулі: Шағыр стан­са­сындағы теміржол термина­лының жыл сайынғы өткізу қуаты 1,1 мон тонна ғана. Бұған қоса, Қызылорда өңі­рінде бар­ланған мұнай таусылуға таяды, өн­ді­рістің төмендеуі Өзбекстанға экс­порт­ты қатты қиындатты. Экономист Мұрат Балабайдың түсін­діруінше, Қызылордада былтыр 4,2 мил­лион тонна қара алтын өндірілген. Биыл 4 миллион тоннаға төмендеуі мүмкін. Бұл ретте оның басым көпшілігі ішкі нарыққа жолданады. Бұрындары Қызылорда облысы жылына 11 миллион тонна мұнай шығаратын. Сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстанның ендігі мақсаты бірін­шіден, Каспий, Қытай, Орталық Азия бағытта­рын­да жаңа мұнай құбырларын салу, екін­шіден, алып танкерлерге қол жеткізу бол­мақ. Олай жасамаса, санк­циялар ке­сірінен темір шымылдырыққа қамалып, әлемнен оқшауланған Ре­сейге тәуелді болып қала береді.