Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Бейбіт күнде оқ атылып, қан төгілгені талайды алаңдатты. Текетірестен басталып, соңы жаппай төбелеске ұласқан оқиғаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей бақылауына алып, өлкеге Үкіметтік комиссияны жолдады. Қордайдағы қантөгістің салдарына үңілмес бұрын оған түрткі болған себептерге тоқталсақ.
Бәрі неден басталды?
Жалпы, жұрттың жағасын ұстатқан жағдайдың ә дегенде нақты байламынан гөрі болжамы көп болды. Алтыншы ақпан күні әлеуметтік желі арқылы тарай бастаған бейнежазбаларға бастапқыда бұқара аса мән берген жоқ. Себебі бұған дейін де тентектер арасындағы төбелеске тұрғындардың көзі үйренген. Бірақ жетінші ақпан күні тәртіп сақшыларымен жаға жыртысуға барған дүнген азаматтардың артық қылығы қоғам шыдамының шегіне жеткендей болды. Сол-ақ екен кешкілік «Масаншы мен Бұлар батыр ауылындағы ағайындар атысып жатыр екен» деген суық хабар желдей есті.
Ресми де, бейресми мәліметке сүйенсек, негізгі жанжал қазақ пен дүнгеннің қара жолды бөлісе алмағанынан шыққан. Төлеген есімді 80 жастағы қария екі ұлымен жол бойында көлігімен келе жатып, бейтаныс адамдарға тап болады. Дөрекілік танытқан әлгілердің әлімжеттігіне қарсы сөйлеп, қария мен балалары сол жерде таяққа жығылады. Бұл – 5 ақпан күні болған оқиға. Жұрттың айтуынша, ертесіне екі жақ кездесіп, бітімге келген көрінеді. Алайда алтыншы ақпан күні бір топ жігіт мінген автокөлікті жол сақшылары тоқтатып, жүргізуші құжатын тексермек болады. Бірақ көліктен түскен жігіттер тәртіп сақшысының талабына мойынсұнудан бас тартып, соңы екі жақтың жаға жыртысына ұласады. Міне, осы бейнежазбаның әлеуметтік желі арқылы тез тарап кетуі бұған дейін де тұтанып жүрген қазақ-дүнген кикілжіңіне май құяды. Артынша 80 жастағы қарияның соққыға жығылған оқиғасы да өрши түсіп, сөнген шоқты үрлей түседі. Жанжал басталғалы Жамбыл облысы әкімдігі де оқиға себебін ресми түрде мәлімдеген жоқ. Алайда өткен жексенбіде Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди біз айтқан жайтты толықтай растады.
«Тұрғындар жолды бөлісе алмаған. Ауылдың 3 азаматы бір көлікте кетіп бара жатып, жүк көлігінде отырған тағы бір 3 тұрғынмен ерегіседі. Бұл текетірес төбелеске ұласып, тараптар бір-біріне жұдырық алып жүгіреді. Артынша полиция келіп, бұл мәселені шешкен. Алайда әлеуметтік желідегі ақпараттар жағдайды ушықтырып жіберді» деп мәлімдеді А.Калайчиди.
Президент Қордайдағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізіп, жауаптылар жазаланатынын мәлімдеді. Бүгін алғашқы нақты шешімдер қабылданды. Облыстың осы салаға жауапты шенділері қызметінен кетті.
Оқты кім бірінші атты?
Бұл сауалға қатысты да қазір түрлі нұсқалар айтылуда. Бір тарап қазақтарды кінәласа, екінші жақ дүнгендерге кінә артуда. Алайда алғашқы күні болған жайтты көзбен көргендердің сөзіне сенсек, сол түні 300-ден аса адам Масаншы мен Бұлар батыр ауылдарын екі жақтан қоршауға алған. Мұны министр Дәурен Абаев журналистерге берген сұхбатында растады. Ал оқиғаның басы-қасында болғандар Бұлар батыр ауылына апаратын бес шақырым жолда көлік кептеліп, жиналғандардың саны 1 000 адамға жуықтағанын айтады. Сонымен, екі ауылды қоршауға алған қазақтардың негізгі талабы дүнгендермен жеке есебін айырысу болған. Алайда облыстан жеткен өкілдер мен полиция қызметкерлері жиылғандардың жолын бөгеп, адамдарды аталған екі ауылға қарай өткізбеген. Дегенмен ашуға булыққан жұрт тәртіп сақшыларынан құралған қоршауды көлікпен бұзып кіріп, екі автокөлік бірдей отқа оранған. Осы тұста мылтықтың үні бірінші рет естілген. Артынша тастар мен шыныға құйылған сұйықтықтар лақтырылған. Тәртіп сақшылары жиналғандарды бұғаттауға кіріскенімен, басым бөлігі қоршаудан өтіп кетіп, соңы жанжалға ұласады. Алайда алғашқы оқты кім атқаны әлі күнге белгісіз. Десе де, сол күні 8 адам қаза тауып, 40 адам ауруханаға түсті. 47 адам қамауға алынды. Қазір құзырлы органнан құралған тергеу тобы жауаптыларды іздеуде. Қордайға келген Үкіметтік комиссияның төрағасы Бердібек Сапарбаев бүлікке түрткі болғандар жауапсыз қалмайтынын айтып отыр. Кейін Премьер-Министрдің орынбасары ақсақалдарымен болған кездесуде ұсталған 47 азаматтың 44-і босатылғанын хабарлады.
Дүнгендердің өзі не дейді?
Жалпы, қазір қай ауылға барсаңыз да, дүнген жастарымен тілдесу қиын. Бәрінің бойын түрлі сезім кернейтіндей. Сондықтан біз үлкеннен аспаған салтты берік ұстанған ұлттың ақсақалдарымен тілдесуге тырыстық.
– Қазақ пен дүнген соғысты да, ашаршылықты да, өзге де қиыншылықты бастан бірге кешірді. Ауылымыздағы үйлерді өртегендерді өзім бұзақылар деп білемін. Олар да ұлт та, ұлыс та жоқ. Әрқайсысы өзінің істеген әрекеті үшін жауап береді. Алғашқы түндері қиын болғанын жасырмаймыз. Түні бойы кірпік ілмедік. Алайда қазір жағдай тұрақталды. Мен дүнген мен қазақ бауырларымды осынау ынтымағымыздан айырылып қалмауға шақырамын, – дейді Сортөбе ауылының ақсақалы Хусей Дауров.
Дүнген диаспорасының белсендісі Абдухалил Маюфи болса, Қордайдағы жағдай арандатушылардың ісі екенін айтады.
– Біз қазақты әрқашан бауырлас ел деп білген ұлтпыз. Өзімнің келінім – қазақ. Қызымды қазаққа ұзатып отырмын. Сондықтан біз тамырласып, қазақ болып кеткен елміз. Ал кешегі қантөгіс бұл теріс пиғылды ұйымдасқан топтың істеген тірлігі деп ойлаймын. Балаларымыз сол арандатуға ұрынып қалды. Сондықтан мен барша қазақтарды бірлікке, татулыққа келуге шақырамын. Бізді қазір бұзық халық деп жатыр. Біз ондай емеспіз. Біз татулықты сүйетін елміз. Сондықтан қазақ бауырлар бірлік пен бітімгершілікке келейік, деп ақсақал қазақты ауызбіршілікке шақырды.
Қазіргі жағдай қандай?
Қазір қос ауылдағы жағдай толық бақылауда. Елді мекендерде астаналық комиссия тексеріс жұмыстарын бастағаннан кейін біз де арнайы ат басын бұрған едік. Өтеген ауылында жағдай тұрақты. Ал Ауқатты ауылына кірер тұста екі бірдей өткізу бекетінде әскерилер мұздай қаруланып тұр. Бір сөзбен айтқанда, тексеріс пен қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ауқаттыда бірер үйлердің терезесі сынған. Бұлар батыр ауылында күйіктің иісі қолқаңды қабады. Жол бойында өртенген көліктер тұр. Ауыл ішін арнайы жасақтың сарбаздары бақылауға алған. Ал Масаншыдағы жағдай қиындау. Мұнда бір көшенің үйлері толықтай өртке оранған.
Қордайдағы қақтығыс болған күннен бері әлеуметтік желілерде түрлі жалған ақпарат белең алды. Соның салдарынан азаматтар Масаншы мен Бұлар батыр ауылдарына жиылып, арандатуға түсіп қалғандай. Мұны алғашқы түнгі оқиғаға куә болған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева да айтты.
– Алғашқы күні ең қиын жағдай Масаншы мен Бұлар батыр ауылдарында болды. Ұйымдасқан топ көліктер мен үйлерді өртеді. Алайда арнайы жасақ ауылға кірген кезде бүлікшілердің бірде-біреуін таппай қалды. Бәрі ізін суытып үлгеріпті. Соған қарағанда, шынында сырттан келген арандатушылар көпшілікті қақтығысқа итермелеген сияқты, – дейді Маржан Төреғұлқызы. Қазір Үкіметтік комиссия да, құқық саласының қызметкерлері де бірінші күннен осы нұсқаны тексеру үстінде.
Алайда бір қуанарлығы, «Қордайдан дүнгендер қырғыз еліне үдере көшіп жатыр» деген қауесет шындыққа жанаспады. Рас, оқыс оқиға болған күннің ертесіне үрейленген халық шекараны бетке алған. Алайда Үкіметтік комиссияның күшімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазір дүнген азаматтар толықтай үйлеріне оралып отыр. Жексенбі күні өткен жиында да вице-премьер Бердібек Сапарбаев тағы да елді сабырлыққа шақырды.
– Сіздерге қауіптенетіндей еш негіз жоқ. Денсаулықтарыңыз бен өмірлеріңіз құқық саласы қызметкерлерінің жіті бақылауында болады. Сондықтан барлығыңыздың үйлеріңізге оралуларыңызды сұраймын. Осыны туған-туыс, жақындарыңызға жеткізсеңіздер. Ауылдарыңызда болған жағдайға жауаптыларды толықтай анықтап, жауапкершілікке тартатын боламыз, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Елордалық тексеру тобы қаза тапқан тұрғындардың үйіне барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуын жеткізді. Сондай-ақ жексенбі күні жерленген марқұмдардың моласының басына барып, көпшілікті тағы да бірлік пен ынтымаққа шақырды. Көпшілік көтерген түйткілдер бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын және зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары толықтай есеп аяқталғаннан соң, заң шеңберінде қолға алатынын жеткізді. «Сіздерді Үкімет далада қалдырмайды. Барлық мәселе тексеру тобының қорытындысынан кейін шешіледі. Тұрғындардың қауіпсіздігі, тұрмыстық жағдайы біздің басты міндетіміз бен парызымыз болып отыр» деп халыққа басу айтты комиссия мүшелері.
Жалпы, бұған дейін 8 адам қаза тауып, 40 адам жарақаттанып, 36 үй өртке оранып, 20-дан аса көлік жанып кеткені туралы дерек айтылған болатын. Өткен жексенбіде жансақтау бөлімінде жатқан тағы бір азамат көз жұмды. Сондай-ақ қақтығыс барысында 25 жасар Дархан Әбдірахымның да қайтыс болғаны белгілі болды. Көрші ауылдан келген тұрғынның өзінде төлқұжаты болмағаннан кейін жергілікті билік осы таңға дейін мәйіттің жақындарын таппаған еді.
Одан бөлек, қазір жергілікті билік 2000 жылы туған Мұрат Масановты іздестіруде. Жақындарының айтуынша, соңғы рет Мұрат көлігімен қақтығыс болып жатқан ауыл маңынан өтіп бара жатқанын айтқан екен. Содан кейін балаларымен байланыс үзілген. Алайда ертесіне інісін іздеп шыққан бауырлары оның көлігін Бұлар батыр ауылының маңынан қираған күйінде тапқан. Бұл іспен қазір құзырлы орган қызметкерлері жіті айналысуда.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ,
Жамбыл облысы