Бүгінде есірткі бизнесі десе, ең бірінші Шу өңірі еске түсетіні анық. Жамбыл облысының картасында жалпағынан жатқан бұл өлкеге есірткі шөбі ертеде қолдан егілген екен. Тамыры бірден жер тартып кеткен қарасора байлауға көнбей, қазіргі таңда ауқымы 24500 гектар жерді алып жатыр. Өсімдіктің гүлдейтін шағында Шуға заңсыз есірткі тасымалдаушылар лек-легімен ағылатыны тағы белгілі. Осыған орай биыл 1 маусымнан басталған «Қарасора» жедел алдын алу шарасы аясында ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. 6 айда 800 келі есірткі тәркіленді Қатаң бақылауды қажет ететін аймақта бүгінде қарасораның көзін құрту үшін Жамбыл облыстық Полиция департаменті білек сыбана кіріскен. Департаментке қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданының 5 гектар жер аумағында 1 тонна 781 келі сора тұқымдас өсімдікті шауып, өртеген. Сондай-ақ «Қарасора–2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында аталған басқарма 27 жастағы шулық азаматтан 60 келі 440 грамм «каннабис өсімдігі» және 103 келі 240 грамм «кептірілген марихуана» есірткі затының 10 қабын тәркілеген. Сонымен қатар былтыр заңсыз айналымнан 3 тонна 293 келіден астам, оның ішінде 800 грамм героин, 103 келі гашиш, 3 тоннадан астам марихуана секілді түрлі есірткі заттары көлеңкелі сатылымнан шығарылған. Бұдан бөлек, 550 гектар аумақта жер жырту, шабу және өртеу жолдарымен 40 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Арнайы жоспар жасалып, Жамбыл облысының құмды аймағынан есірткі заттарын шығару арналарын жабу үшін 6 жылжымалы мобильді бекет қойылған. Сондай-ақ биылдан бастап алғаш рет жедел алдын алу іс-шарасы барысында жабайы қарасора қарқынды өсетін аумақтарды қашықтықтан зерделеуді жүзеге асыру үшін Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының пилотсыз ұшу аппараттары тартылуда. Есептік кезеңде облыстық Полиция департаменті қызметкерлері 800 келіден астам есірткі заттарын анықтап, тәркілеген. Ал бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 612 келіге артық көрсеткіш. Апта бұрын Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шу ауданы Ақтөбе ауылынан 12 шақырым жердегі «Баусасық» құмды аймағында 43 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтаған. Тексеру барысында одан жалпы салмағы 194 келі «каннабис өсімдігі», 4 келі 800 грамм «кептірілген марихуана» және 4 грамнан астам «каннабис шайыры» есірткі заты табылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, қазіргі уақытта ол Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына орналастырылған. Көрші елден үйренеріміз көп Облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Баймурзиннің айтуынша, сала мамандары қазір есірткі тасымалдау жолдарын бұғаттап қана қоймай, оның жаңа түрлерін шығарушылармен де күресуде екен. Ол үшін егістіктер, тасжол және теміржол жиектері, бау-бақшалар мен қоймаларға дейін тінтіп жатыр. Сондай-ақ малды ауылдардағы малшылардың қорасы да қаралуда. Жасыратыны жоқ, мұндай тінту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Осыдан екі-үш жыл бұрын есірткі шөбін басып алып бара жатқан бірен-саран көлік ұсталғанын естісек, қазір апта сайын малшының үйінен бастап, тұрғын үйдің қоймасынан ондаған келі есірткі шөбі анықталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Демек, құрылымдық сала қырағылық танытуда деген сөз. Алайда осы есірткі шөбіне жылда қыруар қаржы бөліп, шабу қажет пе? Егер есірткі шөбін кәдеге жаратудың жолын тапсақ, заңсыз тасымалдаушылармен де күресу қажет болмас еді. Бұған дейін айтылғандай, қарасорадан қағаз жасаудан бастап, құрылыс материалдарының да түрлерін шығаруға болады. Мәселен, Ресей мен Финляндия мемлекеті ағаштан, Қытай мен Тайланд бамбуктен қағаз жасап жатса, неге бізге мыңдаған гектарды алып жатқан қарасорадан қағаз шығармасқа? АҚШ-тың доллары да осы қарасорадан жасалады деген дерек бар. Бір жылдары өзіміздің отандық мамандар да «теңгені осы қарасорадан жасау керек» деген бастама көтерді. Одан бөлек, қарасораның майын емдік мақсатта да пайдалануға болатыны көп айтылып жатыр. Ғалымдардың сөзіне сенсек, қарасораның майын ішкеннен кейін адамның иммунитеті көтеріледі екен. Ал одан жасалған косметикалық бояулар көп уақытқа дейін өз сырын кетірмейді. Ресей ғалымдары осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын күшейтіп, қазір қарасораны медициналық мақсатта қолдануға болады деген байламға келіп отыр. Сол себепті үш бірдей зауыттың жұмысын жолға қойған. Талқыға емес, ақылға салатын кез келді Ал Қазақстанда қарасора қылмыстық жаза арқалайтын жол ретінде қаралуда. Естеріңізде болса, 2004 жылы Қазақстан-Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды жоспарлаған. Алайда ауқымды бастама аяқсыз қалды. Кейіннен Парламент Мәжілісінде бұл мәселе көтеріліп, «Kagaz Shahary SEZ» серіктестігінің директоры Максим Скрынниктің бастамасымен Алматы және Түркістан облыстарында 40 гектар жерге қарасора егілді. Құрамында есірткісі жоқ 100 күнде өсіп шығатын қарасораның бұл түрінен өндіріске қажетті 25 мың түрлі зат алуға болады деп көзделді. Алайда бұл өндірістің бүгінде өрістеп жатқаны байқалып тұрған жоқ. Бәлкім оған шикізат тапшылығы себеп болған шығар. Сондықтан қарасора өндірісіне бүгінде таптырмайтын орын – Шу өлкесі екені анық. Шикізат қорынан еш қиналмайсың. Тіпті, қарасораны жергілікті тұрғындарға жинатып, халықты да жұмыспен қамтуға болады. Ал зауыт салуға инфрақұрылымы жүргізіліп қойылған «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы сақадай сай дайын тұр. Тек тірліктің тетігін табу керек. Ол үшін, әрине, ғалымдардың басын қосып, тараптардың ұсынысы мен жобаларын тыңдаған жөн. Лайықты жоба анықталғаннан кейін оны қаржыландыру қиынға соқпас. Ал бұл өндіріс орнының өніміне өз елімізден бөлек, сырт мемлекетте де сұраныс орасан болатыны даусыз. Әрі қажетті шикізат ту сыртыңда тұрғандықтан кәсіпорын жұмысын бір сәтке де тоқтатпауға болады. Елімізде онсыз да көп цемент, қант, кірпіш зауыттарын сала бергенше неге тың кәсіп түріне көңіл бөлмеске? Оның көзін жоюға жылда қыруар қаржы бөлгенше неге экономикалық тұрғыда тиімді пайдаланбасқа? Осы мәселені билік басындағылардан талқыға емес ақылға салып, бір шешім шығаратын кездері жеткен сияқты...
Жамбыл облысы