Ақмолада есірткі бизнесі өршіп тұр
Ақмолада есірткі бизнесі өршіп тұр
255
оқылды

Елімізде есірткі бизнесіне тосқауыл қою шаралары өткізіліп жатқанымен, ебін тауып, «тауарын» сатып, табыс тауып жатқандар көп. Әсіресе, синтетикалық есірткіні саудалағандардың дәурені жүріп тұр. Ақмола облысында да соңғы кездері есірткі сату мен оны тарату оқиғаларының жиілеуі алаңдатады. Тіпті, өркендеп, қанатын кеңге жайып алған сыңайлы. Мәселен, Көкшетау қаласының іргесіндегі сая­жайлар мен қаланың шеткі аудандарының тұрғындары есірткі кө­мушілердің маңайларында жиі толып жүретінін айтады. Ал олармен күресте құқық қорғау органдарының әрекетіне көңілі толмай отыр...

 Есірткі көмушілерден әбден үрейленіп болған...

Саяжай тұрғындарының ай­туынша, тар көшелерді түн ішінде торуылдап, электр бағандарының түбін қопара қазып жүретіндер жиілеген. Тіпті, көлікпен әкеліп тастаған нашақорлар күні-түні жұрт­қа маза бермейтін болған. Бірнеше мәрте қуып, кейбірін учаскелік инспек­торларға ұстатып жібергенімен, бұл есірткі кө­му­ші­лердің қарасын азайта алмапты. «Бұған дейін саяжай көшеле­рінде бөг­де адамдарды аса байқа­майтынбыз. Ал соңғы кездері түн­гі уақыттарда көшеде, тіпті үйіміздің тап іргесінен нашақор адам­дар көзге жиі шалынып жүр. Олар электр бағандарының жа­нын шұқылап, қазып, әлек болып жатады. Адамдардың бойында үрей пайда болды. Үйде балалар жалғыз қалып жатады. Түн ішінде далаға шығудан қорқып қалған. Тіпті, жұмысымыз ауыр болса да, түн ішінде кезекшілікке шығып, маңайымызды торуылдап жүретін болдық. Осымен бірнеше рет нашақорларды ұстап, айқайлай қуып әуре болдық. Учаскелік инспекторларға ұстап беріп те жатырмыз. Бірақ бұл әрекетімізден түк шықпайтынға ұқсайды. Полиция қызметкерлері бір-екі рет келіп кетті. Бірақ бұл біздегі нашақор­лардың торуылдауына титтей де әсерін тигізген жоқ», – дейді Көкшетау – Крас­нояр бағытындағы саяжай тұрғыны Серік Махметов.

Өңірде «Синтетикалық» есірткі қылмысы өрши түскен

Құқық қорғаушылар да есірткі биз­несінің түрленіп, интернет дүкен алаңдары арқылы да сату жолдарының пайда бол­ғанын мойындады. Облыстық Полиция департаментінің Нашақорлыққа қарсы күрес басқармасы мәлі­метінше, әсіресе синтетикалық есірткіні саудалау оқиға­лары тым жиілей түскен. Ал орамдағы синтетикалық есірткіні қаланың әр түкпі­ріне тасымалдап тығып тастай­тындар да шамадан тыс көбейген. Басқарманың мәліметінше, жыл басы­нан бері Ақмола облы­сында синтетикалық есірткі зат­тарын заңсыз шығару фактілері бойынша 11 қылмыстық құқық­бұзушы­лық, синтетикалық есірткі заттарын сақтау фак­тілерімен 25 қылмыстық оқиға тіркел­ген. Осы­лайша, заңсыз айналымнан 472 грамм синтетикалық есірткі тәр­кіленіп алынған. «Өкінішке қарай, есірткі биз­несінің сату және таралу оқиға­лары азаймай тұр. Полиция бас­қармасымен синтетикалық есірткі заттарының таралуын және ин­тернет ресурстардың қолданы­луының ал­дын алу мақсатында мем­лекеттік орган­дармен, үкіметтік емес ұйымдармен во­лонтерлік қозғалыстар және «Өмір жолы», «Феникс», «Өмір» сияқты қоғам­дық қор­лармен бірлесіп есірткіге қарсы про­фи­лактикалық шаралар жүзеге асырылады. Жыл басынан бері ғана үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен 9 рейд іс-шарасы өткізіліп, көшелерде есірткі сата­тын мекенжайлар көрсетілген 150-ден астам жазу анықталды және өшірілді», – дейді Ақмола облысы Полиция департа­ментінің Нашақорлыққа қарсыз күрес бас­қармасының маманы Рәзия Курсанова.

Қой терісін жамылған жарнама көп...

Қала тұрғындары сондай-ақ интер­неттегі жарнамалық сайт­тарда да есірткі бизнесінің өркен­деуіне жолдың ашық екенін ай­тады. Әсіресе, «курьер қызметі вакансиясы» көбейе бастаған. «Жалақымның аздығы әрі не­сием көп болуына байланысты жұмыс орындарын жиі іздеймін. Бір күні жарнамалық OLX сайтын ақтарып отырып, «курьер» іздеп жатқан хабарландыруларды ке­зіктірдім. Хабарласып мән-жайды білмек болдым. Бірнешеуіне ха­барласып шықтым. Алғаш­қыда сыр білдірмегенмен есірткі зат­тарын таситын «курьердің» қа­жеттігін айтты. Бірден бас тарт­тым», – дейді Дәурен Тас­жанов есімді қала тұрғыны.

Облыста сегіз ай ішінде 103 келі есірткі тәркіленген

Облыста тек жыл басынан бері ғана есірткінің заңсыз айналымы бойынша 59 қылмыстық құқық­бұзу­шылық анықталған. Алаң­дататыны – бұрынғыдай сырттан тасымалдаумен қатар есірткі өндірудің де көбейгені байқалған. «Анықталған 59 қылмыстық құқық­бұзу­шылықтың 42-і есірткі өндіру және дайындау бойынша ұсталды.Полицияның жедел әрекет етуінің нәтижесінде сегіз айда 103 келі 250 грамм есірткі тәркіленіп алынды. Әсіресе, ге­роин, марихуана, гашиш сондай-ақ синтетикалық есірткі түрле­рінің үлесі басым. Мұнымен қоса есірткіні өндіру мақсатынсыз заңсыз сақ­таудың 138 фактісі тір­келді. Есірткі тара­луының алдын алу үшін осы жылы облыс аума­ғында мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарында есірткіге қарсы 176 профилак­ти­калық шара ұйым­дастырылды», – дейді Рәзия Курсанова.

P.S. Ел ішінде кең таралған аса қауіпті есірткі бизнесі осылайша өркен жайып тұр. Тамыры тереңге кеткен көлеңкелі бизнес­ке тос­қауыл қоюда құқық қор­­­ғау­шылар жаңа тың технологияларды қол­дана бас­тағаны жөн сияқты...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы