Қазақстандық танымал адвокат ресейлік журналист Тигран Кеосаянды сотқа берді
Қазақстандық танымал адвокат ресейлік журналист Тигран Кеосаянды сотқа берді
Фото: Inbusiness
13,642
оқылды
Белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов Қазақстан жайлы жағымсыз  мәлімдеме жасаған ресейлік журналист Тигран Кеосаянды сотқа берді. 
"Кеосаян бүкіл халқымыздың намысына тиді, ол сөзсіз. Бұл істегі ұстанымы үшін СІМ-ге рахмет. Бірақ қазақтар да жауап беруі керек. Заңға сәйкес, жауап беруші шетелдік азамат болса да, мұндай істер бойынша Қазақстан сотына арыздануға болады. Кеше мен, Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотына осындай шағым түсірдім. Соттан сұрайтыным тек бір нәрсе. Кеосаян айтқан сөзін теріске шығарып, ютуб арнасына жаңа видео жарияласын. Одан басқа ештеңе қажет емес", – деп жазды заңгер Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, сәуірде Кеосаян YouTube арнасында видео жариялап, қазақстандықтар «Украинаға қарасын» деген мағынада мәлімдеме жасаған еді. Тигран Кеосаянның сөзінен кейін қазақстандықтар ресейлік телеарналарды өшіріп тастауды талап еткен болатын. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаянға жағымсыз тұлға  мәртебесін беру мәселесімен айналысып жатқанын хабарлады.