Жайылымның жайы жабырқатып тұр

Жайылымның жайы жабырқатып тұр

Топырағының түгін тартса майы шыққанымен, Ақмола өңірінде жер мәселесі аса өзекті. Мыңдаған гектар же­рі­нен айырылып қалған ауыл­дағы ағайынға қорадағы бес-алты бас малын бағудың өзі ауыр мұңға айналған. Жем­шөптің бағасы удай қымбат. Ал шабатын шабындық пен мал жаятын жайылым жер тапшы. Мәселе қозғалғалы бір­талай жылдың жүзі болға­ны­мен, жергілікті жерде «бая­ғы жартас – бір жартас» күйі қалған... Түйткілді жағдайдың түйінін тарқату мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті министрліктер мен облыс әкімдіктеріне ғарыштық монито­ринг және басқа да арнайы тетік­термен жер мәселесін біржақты етуді шегелеп тапсырған. Бірақ арада бірталай уақыт өткенімен, кезінде «ұстағанның қолында – тістегеннің аузында» кеткен мил­лиондаған гектар игерусіз қалған жерлерді толықтай мемлекет мен­шігіне қайтару әлі де мүмкін бол­ма­ған. Салдарынан ауылдағы ағайынға не жайылымға, не шөп шабатын шабындыққа жері жетпей қалған. Даулы мәселе жиі туын­дайды. Қолшалғымен шабатын жер таппай қалдық... Аталған мәселе, әсіресе Зеренді ауданында ушығып тұр. Мұндағы жұрт жайылым жер үшін жиі тала­сып, кейде жаға жыртысатын жағ­дайға жеткен. Ауыл тұрғындары қолы ұзын шаруашылықтар қана­тын кеңге жайып, шабындық жер­лердің бәрін орып алатынына наразылығын жеткізді. «Жаз шыққанымен, қолдағы азын-аулақ малға шөп дайындау қиынға соғып тұр. Аумақтағы бар шөпті іргелі шаруашылықтар тү­гелдей шауып алады. Былтыр шөп­тің әр түгі 15 мыңнан болған. Биыл 20 мыңға жетіп жығылады. Жер­гілікті округ әкімдері тұрғындар­дың өтінішіне еш құлақ аспайды. Шөптің бағасын да бақылауға ал­май­ды. Қорадағы малымен әупі­рім­деп жүріп күнелткен қарапайым жұрт қалай күн көрмек? Бір уақыт назарын неге аудармайды? Тіпті қолшалғымен шабатын жер таппай дағдарып отырмыз», – дейді Күсеп селолық округінің Шыңғыс есімді тұрғыны. Мәселе жөнінде Зеренді ауда­нының әкімімен тікелей тілдес­кенді жөн көрдік. Алайда әкім тұр­ғындардың бұл уәжімен келіс­пейтінін алға тартты. «Нақты Күсеп селолық округі бойынша алсақ, аудан әкімдігі мұнда «Дихан +» ЖШС-мен ша­бындық және жайылым жерлер бойынша келісімшартқа отырған. Шаруашылықтармен тұрғындарға шөпті арзан бағамен сатуға келісім жасалған. Мәселен, былтыр Ортақ ауылында бір орам шөп 3 мың теңгеден сатылды. Бұған қоса, ау­данда іргелі шаруашылықтармен арнайы меморандумдар мен ке­лісімдер жасалған. Сондықтан егер шөп жетпей жатқан адамдар бол­са, әкімдікке маған тікелей келіп, мә­се­лені жеткізсе болады. Кү­сеп се­лолық округіне қазір ха­бар­­ласып, мәселе бойынша тек­серіс жүргізуді тапсырамын», – деді Зеренді ауда­ны­ның әкімі Әсен Жақсылықов. Жердің жетіспейтінін облыс­тың Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы да мойындады. 500 мың гектардан астам жер жетіспейді Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының ресми мәліметінше, об­лыста бүгінде 558,8 мың гектар жайы­лым жер жетіспейді. 2020 жыл­дан бері өңірдің ірі шаруашы­лықтарымен жергілікті әкімдіктер 264,2 мың гектарды бірлесе пай­далануға меморандум жасаған. Бірақ бұл шаралар түйінді жағдай­ды шешуде әлі де аздық етіп тұр. «Биыл ауыл маңындағы тағы 18 мың гектар жайылым жерлерді жергілікті халықтың пайдалануына беру жоспарланған. Қазір Ақкөл, Атбасар аудандарында 9,2 мың гек­тар аумақта жұмыстар жүргізі­ліп жатыр. Дегенмен жайылым және шабындық жер тапшылығы күн тәртібінде. Әсіресе, Зеренді, Бурабай, Целиноград, Қорғалжын, Біржансал аудандарында мал жаятын жайылым мен шабындық жердің тапшы болып жатқаны рас. Бұл аудандарда жердің тапшылығы 50 мың гектардан асып жығылады. Қазір өңірде ауыл шаруашылығы­мен айналысатын 7 ЖШС-ның 4,2 мың гектар жері бойынша тексеріс жүріп жатыр. Дегенмен жерді өз еркімен халықтың игілігіне беріп жатқандар да бар. Мәселен, Ақкөл ауданының Барап ауылында 432 гектар жер ерікті түрде халықтың игі­лігіне берілді. Ал Ерейментау, Жар­қайың аудандарында жайы­лым жерлер басы артық жерлерді басқа ауылдарға беру арқылы жүзеге асырылып жатыр», – дейді Ақ­мола облысы Ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысының орынбасары Кенеш Әлімжанов. Заң баптарына өзгеріс қажет – ауыл шаруашылығы басқармасы Басқарма мамандары Прези­дент жүктеген міндеттерді орындау үшін Жер кодексіндегі бір­қатар баптың қарама-қайшылығы айтарлықтай ірі кедергілер келтіріп жатқанын да мәлімдеді. «Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау үшін заңның шикі тұстары едәуір үлкен кедер­гісін тигізіп тұр. Мәселен, игеріл­меген жерлерді мемлекет қажет­тіліктері үшін тартып алу үшін Жер кодексінің 84-бабына сәйкес атал­ған шаруашылық серіктестікке сол жермен бірдей жер телімі учаскесін беру қажет. Бірақ ондай басы артық жерлер мүлдем жоқ. Облыстың жерінің негізгі басым бөлігі – егін салынатын алқап. Ал ол жерлерді трансформациялау үшін аса зор қаржылық шығындар­ды қажет етеді. Мұндай процестерді тегін өткізуді Мәжіліс депутатта­рына әрі Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне де ұсыныс енгіздік. Алайда бірнеше жыл болса да, Парламент қабырғасындағы заң жобасы ретінде бұл мәселе қарас­тырылмады», – дейді Ауыл шаруа­шылығы басқармасының қызмет­кері Жұмажан Бейсембаева. Жемшөп бағасын реттеу қиын Біз сала мамандарынан жем­шөптің бағасы мен оны реттеудің жайын да білмек болдық. Алайда басқарма мамандары шөп шабу науқаны әлі басталмағандықтан, бұл мәселе көтерілмегенін мәлім­деді. «Шөп шабу науқаны әзірге бас­тала қойған жоқ. Дегенмен облыс­тағы ірі шаруашылықтармен жем­шөп дайындау бойынша 422 ме­морандум жасалды. Мұнымен қоса, орман шөптерін халықтың шауып алуы үшін орман шаруашы­лықтарымен 43 гектар орманды жерлерде шөп шабуға келісім жасалды. Әрине, жайылым және ша­бындық жерлер мәселесі облыс­та күні бүгінге дейін шешімін тап­қан жоқ. Сондықтан басқарма басшылары дәл қазір ауыл-аудан­дарды аралап, түйінді мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Әзірге шөп науқаны бас­талмағандықтан, шөптің құны қан­ша болғаны белгісіз. Дегенмен шөпті арзан бағамен сатуға шаруа­шылықтармен келісім жасалған. На­рық болғаннан кейін жекемен­шік шаруалар өз бағасымен сатып бақылаусыз да болып жатады. Әрі жанармайдың ауыл шаруашылығы техника бөлшектерінің қымбат­тауы да мәселені қиындатады», – дей­ді Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының бөлім басшысы Қайрат Қошанов.  

P.S. Сонымен, Президенттің жер мә­селесінде тиісті органдарға ше­гелеп жүктеген міндеттердің жер­гілікті жерде орындалу барысы әлі де кемшін болып жатқаны бай­қал­ды. Бір облыстың өзінде 500 мың гек­тардан астам жердің жетіс­пейтіні – осының нақты айғағы. Сондықтан тиісті сала мамандары­мен қоса Үкімет пен Парламент, Бас Про­кура­тура тиісті түрде ко­миссия құ­рып әрі заң баптарын жағдайға қа­рай өзгертпесе, түйт­кілді жағдайдың шешіле қалаты­нына күмән бар...

Ақмола облысы