Адами капиталды дамыту – жаңғыру негізі
Адами капиталды дамыту – жаңғыру негізі
© коллаж: Елдар Қаба
742
оқылды
Елімізде соңғы уақыттары патернализм мен масылдық мәселесі күн тәртібінде жиі көтеріліп келеді. Олай болуының реті де бар. Өйткені қордаланып тұрған әлеуметтік проблеманың бір себебі осы мемлекетке міндет артып, масыл болуда жатыр. Оған қоса, жыл сайын елімізде адами капиталдың индексі төмендеп келеді. Ендеше, мемлекет бұл проблемаға дер кезінде назар аударып отыр деуге негіз жоқ емес. Міндетсіну көшеге жетелейді Әркім – өз өмірінің иесі. Сондықтан да оны тұрмыс тау­­­қыметіне шалдықтырмай, әлеуметтік проблемаға ду­шар етпей, ел қатарлы сүргісі келетіні хақ. Кім-кім де болса, баласын қатардан қалдырғысы келмейді. Ел қа­тарды табыс тауып, баспана алып, көлік мініп, ақ­шасы одан артылса жылына бір рет болса да демалып қайт­қанды кім жаман көрсін? Оған елімізде мүмкіндік те жоқ емес. Бірақ түрлі себептермен өмір жолы мен тұр­мыс қамын дұрыс жоспарлай алмағандар, түбі қа­жығаннан мұсалдат күй, масыл пиғылға бой алдырады. Осы­лайша олар мемлекет көмек көрсетуге міндетті де­ген қате ұғымға ұрынып, өз өміріндегі сәтсіздіктерін өз­геден көріп, өздеріне назар аударту үшін көшеге нара­зылық акциясына шығып, қоғамда резонанс туды­рып жатады. Бір өкініштісі, оларға от беріп, қолдау көр­сетіп саяси ұпай жинауға немесе еліміздегі тұрақ­тылықты шайқалтуды мақсат ететін қоғам өкілдері де жоқ емес. Осынау өмірлік түрлі жағдайлар кейбір ортада әлеу­меттік әділетсіздіктің мәні ретінде бұрыс бағаланып жүр. Бұған Президенттің өзі де сан мәрте назар аудар­тып келеді. Осы мәселені ол таяуда Ұлытауда өткен алғаш­қы Ұлттық құрылтайда да еске салған болатын.
«Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір ке­пілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жал­пы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүр­ген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкерші­лік­тен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен ай­қай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына ай­нал­ды», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай қоғамдық құбылыстың өзіндік себебі де бар. Өйткені мемлекеттің реттеушілік функциясын жү­зеге асырып, әртүрлі проблемаларға дер уақытында ден қойып, басталған деңгейде-ақ шешудің орнына, жер­гілікті атқарушы билік пен депутаттар тек көшеге ұран көтеріп шыққандарға ғана мән беретін болған. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орын­дауға жүгіреді. Бұл – түбірімен дұрыс емес көз­қарас. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық аза­маттың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. Прези­дент осы ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көме­гіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек деп тапсырды. Бұл рет­те халық арасында түсіндіру жұмыстары кемшін еке­ні бірден көзге ұрады. Өйткені міндетсініп көшеге шық­қандармен жұмыс алаңда емес, оған дейін үстел ба­сын­да кездесулер мен қабылдаулар барысында түсін­діру және шешім қабылдаулар арқылы шешілуі керек. Жұмыс жоқ емес, ықылас жоқ Елімізде осы уақытқа дейін басына баспана, дастар­қа­нына ас сұрап көшеге шығатын көпбалалы аналардың қа­тары жиі болған болса, соңғы уақыттары ірі кәсіпо­рын­дардан жұмыс сұрап шығатын жұмыссыздардың жиы­ны жиіледі. Олардың арасында жағдайы шынымен на­шар отбасылардың өкілдері де, ата-анасының қам­қорлығында, отбасын құрмаған, көлденең табыспен де күнелте алатын тепсе темір үзетін жас жігіттер де бар. Бұл – жастардың арасында патерналистік пиғыл орны­ғып келе жатыр деген сөз. Ол аз дегендей, бір жаманы мемлекет жұмысқа тұрғызуға міндетті деп талап қоятын олар өздерін өртеуге әрекеттеніп, радикалды қадамдарға барып жүр. Тіпті, астанаға дейін келіп, «жұмыс беру­ші­лер тек қана наразылық тілін түсінеді» деп ашық мә­­лімдеп жүр. Мұндай әрекеттердің астарында ел тұрақ­тылығын шайқалтуға деген ниеттің ұшы қыл­тия­ды. Әрине, үстел басында шешімін табуы тиіс мәселенің аста­надағы алаңға дейін ұласып кеткені өкінішті. Ал мем­лекеттің міндеті – әлеуметтік жағдайы шынымен тө­мен адамдар мен отбасыларға көмектесу екенін түсі­не­тін кез жетті. Бұл масылдықты жоюдың алғышарты бол­мақ. Үкімет өкілдерінің айтуынша, елде жұмыс орын­дарын ашу жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әйт­се де, жұмыс іздеп мемлекеттік органдарға жүгін­ген­дердің дені айлығы аз деп ұсынылған жұмыстарға бар­майды екен. Ал қымбатшылық қысқан заманда аза­маттардың кез келген мүмкіндікті мүлт жібермегені аб­зал. Өйткені айлығын қорсынбай жаңа ұжымға қо­сыл­ғандардың қатарында еңбекқорлығымен көзге тү­сіп, лауазым баспалдағымен жоғарылап, көбірек табыс табуға қол жеткізгендердің қарасы да аз емес екен.
«Бірінші кезекте табылып тұрған жұмыстардан бас тарт­пау қажет. Көп жағдайда естіп жататыным зауыттар мен кәсіпорындарда 300 мың теңгеге жұмысшылар кел­мейді дейді. Ондай фактілер бар. Ондай жалақыға жұ­мыс істегісі келмей, еркін жүріп нағыз қоғамдық жұ­мысқа араласқысы келмейтіндер бар. Сондай ма­сыл­дық бары белгілі. Дегенмен де менің негізгі кеңесім – жұмыс істеу. Жұмыс істеймін дейтін адамға бәрі бар. Кә­сіп аш­қысы келсе де барлық мүмкіндік жасалып отыр. Орташа жа­лақымыз қазір 250 мың маңайында. Бұл жалақыны көп деп айта алмаймын бірақ өмір сүруге жетілікті. Де­ген­мен қосымша талпыну, жұмыс істеу артық етпей­ді. 90-жылдардағы жұмыссыздық кезімен салыстыруға кел­мейді. Қазір әлдейқайда көп жұмыс орындары бар», – дей­ді Премьер-Министр орынбасары – Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев.
Министр ең табысы төмен санаттағы азаматтардың жағ­дайы барынша жасалып отырғанын айтады. Бұл мақ­сатта бюжеттен қаржы мен инвестициялар құйы­лып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Адами капитал кеміп келеді Елімізде адами капиталдың көрсеткіші кеміп ке­леді. 2 маусымда өткен Сенат отырысында депутат Мұ­рат Бақтиярұлы біздегі білім беру жүйесі бала туған­нан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдылар жиынтығының тек 63 пайызын беріп отыр деп мәлімдеді. 2018 жылдан бері адам капиталы индексі туралы есеп жүргізіп келе жат­қан Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сүйеніп отыр­ған депутат Қазақстан (2020 жылғы дерек) осы ин­дексте 0,63 көрсеткіш жинап, 55-орынға тұрақ­таға­нын мәлімдеді. Яғни, әрбір дүниеге келген бала 18 жас­қа дейінгі аралықта толыққанды әрі сапалы білім мен денсаулыққа қол жеткізсе, 63 пайызға өнімді (productive) бола алады екен. Бұл елімізде әлеуметтік қамту мәселесін бір пысықтап алу қажеттілігін көрсетеді. Жал­пы аталған статистикада рейтинг басындағы көш­басшы мемлекеттердің басым бөлігі экономикасы та­быс­ты елдер. Келесі бір мәліметтер бойынша, Дүниежүзілік эко­номикалық форумның 2017 жылғы есебінде 130 елдің ішінде Қазақстан ТМД бойынша Ресей мен Украинадан кейін 29-орында тұрса, Дүниежүзілік банктің 2018 жы­лы жария етілген адами капитал индексінде 157 ел­дің ішінде 31-орыннан көрінді. Сол сияқты 2019 жылы БҰҰ-ның адами капиталды дамыту индексі тізімінде 189 елдің ішінде Қазақстан 50-орынға тұрақтады. Ха­лық­аралық есептерді саралаған мамандар «бұл арада бізге ой салуы тиіс көптеген маңызды ескертулер жа­тыр» дегенді айтады. Мысалға, біздің елде бастауыш, орта және жоғары біліммен қамту көрсеткіші айтар­лықтай жоғары. Алайда жастардың (25–34 жас) кәсіби тұрғыдағы икем-дағдылары аға ұрпақпен (55–65 жас) салыстырғанда біршама төмен. Сол сияқты бүгінде өзекті саналатын «сыни тұрғыдан ойлау» қабілетін да­мытуда біз алдыңғы қатарлы 30 елден шамамен екі жыл көлемінде қалыс қалып отырмыз. Осы тұрғыда айтылғандарды жинақтай келгенде, мем­лекет әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ше­шумен қатар, адами капиталды да дамытуға ден қоюы қажет. Яғни, адами капиталды нығайтып, кү­шейтеміз десек, біз бұл капиталға ауқымды инвестиция құю­ды ескеруіміз керек. Ал адами капиталды инвес­тициялауда бастапқы және негізгі бағыт – білім және медицина. Мұның сыртында халықтың еңбек мә­дениетінің төмендігі, азаматтық қоғамның әлсіздігі, жем­­қорлық мәселесі, экологиялық жағдай, тіпті бүгінде ескіріп кеткен ұлттық дәстүрлер мен ұлттық идеяны да­мыту траекториясы да адами капиталды дамыту жо­лындағы жағымсыз факторлардың шоғырын құрап отыр. Одан бөлек, бүгінде Қазақстанда адами капиталды дамыту мәселесімен қатар, бар капиталды сақтап қалу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өйткені елімізде жыл өт­кен сайын жоғары білімді эмигранттар саны артып бара­ды. Мысалға, 2013 жылы Қазақстаннан қоныс аудар­ғандардың 30 пайызы жоғары білімді болса, 2017 жылы 40 пайызды құраған. Осы кезең аралығында елі­мізден сыртқа кеткен техникалық мамандар саны 1,5 есе өскен дейді мамандар. Қорыта айтқанда, егер қаржы капиталы «ақша әке­летін ақша» деп түсінетін болсақ, адами капиталды ел­дің дамуына «жаңадан қосылған құндылық» қалып­тастырушы байлық көзі деп қарағанымыз жөн. Сон­дық­тан да бүгінде күн тәртібіне шығып тұрған патер­на­лизм мен масылдық пиғыл проблемасын әлеуметтік дең­гейде ғана қарастыру аз. Оған кешенді тұрғыда келу қа­жет!