Әлемдегі ең ірі уран өндіруші – «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы таяуда «Уран байыту орталығы» (УБО) АҚ-ның өзіне тиесілі 50% үлесті (-1 акция) осы бірлескен кәсіпорындағы серіктесі – «ТВЭЛ» АҚ-на сататынын хабарлады. Ұлттық компанияның сайтындағы ақпаратта «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы иеленетін УБО акцияларының құны ірі халықаралық консалтингтік компания орындаған тәуелсіз және әділ нарықтық бағалау негізінде анықталғаны жазылған.
Акция құны 6,233 млрд рубль (шамамен 100 млн доллар) деп бағаланып отыр. Бұл тұрғыда «Қазатомөнеркәсіптің» УБО-дан шығу туралы шешімінің негізгі себебі туралы мәлімет мардымсыз. Ұлттық компанияның сайтындағы ақпаратта акция сату шешімі ұзақмерзімді нарықты құру стратегиясына сәйкес, сондай-ақ уран байыту нарығындағы жағдайларды қайта қарауға байланысты қабылданды деп көрсетілген. «Қазатомөнеркәсіп» – еліміздегі еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындарымен бірге 26 учаскені игеретін 13 уран өндіруші кәсіпорынның басын біріктіретін ірі кәсіпорын.
Жалпы, «Уран байыту орталығы» – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде 2006 жылы құрылған Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорыны. Ал оның акциясын сатып алуды жоспарлап отырған серіктес компания – ТВЭЛ компаниясы Ресейдің «Росатом» компаниясының еншілес ұйымы болып саналады. Бүгінде ТВЭЛ өндіретін отын РФ территориясынан бөлек, әлемнің 14 мемлекетіндегі атом электр стансаларына орналастырылып, әрбір алтыншы реакторға ұсынылып отыр. Оған қоса, «Росатом» кәсіпорыны құрылымына кіретін ТВЭЛ компаниясының құрамында ядролық отын өндірісі, уранды конверсиялау және байыту, тұрақты изотоптар, газ центрифугаларын шығару, сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық ұйымдар барын айта кеткен жөн.
Әлемдік уран өндірісі нарығында Қазақстан 2010 жылдан бері көшбасшы рөлге ие. Қазақ жеріндегі барланған уран қоры көрсеткіші (1 690 000 тонна) бойынша Австралиядан кейін екінші орындамыз. Бұл орайда, қазақстандық уран жерасты шаймалау әдісімен өндіретіндіктен экологиялық және шығыны жағынан тиімді деп саналады. Мамандар әлемдік уран өндірісінде көшбасшылықты сақтап тұруымыздың бір себебі де осында жатқанын айтады.
Республика тәуелсіздігін жариялағаннан кейін толық ядролық отын циклынан үш бағытты таңдап алды. Ол уран өндірісінен басқа, азоттың шала және толық тотығы концентратын өндіру. Ядролық отын үшін шикізат ретінде қолданылатын бұл концентраттар толықтай шетелге шығады. Мәселен, 2018 жылы барлық экспорт көлемінің 57%-ы Қытайға жеткізілсе, Канадаға – 18,2%, Ресейге – 16,6 сатылған. Сондай-ақ Үндістан, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония мен ЕО елдері қазақ жерінен алынған уранды импорттайды.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) 2018 жылғы дерегіне сүйенсек, уран өндірумен айналысатын 14 мемлекет бір жылда 53 498 тонна шикізат өндірген. Оның 41% көлемі (21 705 тонна) Қазақстанға тиесілі болса, 7 мың тоннасы – Канаданың, 6 517 тоннасы – Австралияның, 2 904 тоннасы – Ресейдің үлесінде. Сонымен қатар қауымдастықтың ТОП-10 тізімінде посткеңестік елдерден Өзбекстан (2 404 тонна) мен Украина (1 180 тонна) кіріпті.
Айта кететін жайт, ресейлік «Росатом» компаниясы Қазақстандағы уран өндіру жұмысына «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен бірлескен кәсіпорын арқылы қатысуда. Оған қоса, Қазақстанда, Африка мен Солтүстік Америка жерінде шикізат өндіріп жатқан әлемдік ірі ойыншы – Uranium One кәсіпорыны да «Росатом» компаниясы құрылымына кіреді. Осыдан-ақ Ресей мемлекетінің әлемдік уран өндірісі мен жеткізілімін бақылауда ұстауға деген ұмтылысын байқауға болатындай.
Дегенмен қазақ жеріндегі уран қорының молдығы мен өндіру технологиясы шығынының аздығы өзге де ірі кәсіпорындарды қызықтырып отырғаны анық. Мәселен, электр энергиясына деген ішкі қажеттілігінің 75%-ын атом электр стансасы (АЭС) арқылы жауып отырған Франция мемлекеті соңғы кездері Қазақстан мен Өзбекстандағы уран өндірісін кеңейтуге мүдделілік таныта бастаған. Оған себеп – француздың әйгілі Orano (бұрынғы Areva) компаниясының шикізат қорының азаюына байланысты 2021 жылы Нигерия жерінен кететіні жайлы ақпараттың тарауы. Қазірдің өзінде Orano компаниялар тобы Өзбекстан үкіметімен бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісімшарт жасап үлгерді. Яғни, Орталық Азия жеріндегі қазба байлықты игеруге геосаяси тұрғыда меншіктеуге бейіл Ресейге уран нарығында бәсекелес ойыншы пайда болды деген сөз.
Соңғы жылдары жаһан жұртшылығының электр энергиясына деген сұранысы өскен сайын АЭС құрылысы мен оған қажетті отын көзіне де қызығушылығы артып келе жатқаны анық. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың 2018 жылғы дерегінше, әлемде 443 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Оған қоса, 70-тен астам мемлекет атом энергетикалық қондырғыларын салуды жоспарлап отыр. Бұл уран өндірісі мен саудасын қыздыра түспек. Демек, Қазақстан да аталған саладағы көшбасшы ретінде шикізаттық бағытын әртараптандыру жағын ойластырғаны жөн.