Қазақстанда ротациялау науқаны қызды. Қызық болғанда, оған тараптардың ешқайсысының көңілі толмайды. Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов креслосына тамыр жайып кеткен мектеп директорларын ауыстырудың қарқынына қанағаттанбайтынын ашық мәлімдеп, оны тез аяқтауды талап етті. Бұл үрдісті директорлар да қатты сынауда. Ал ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңестері мықты басшымызды бермейміз деп жоғарыға шағымданып жатыр. Ротация саланы жайлаған былық пен коррупцияның бетін ашуы мүмкін. Асыққан ротация ағаттыққа бастайды Жаңа оқу жылында оқушылар мүлдем басқа мектепке тап болғандай сезімде қалуы ғажап емес. Себебі еліміздегі жалпы орта білім беру мектептерінің көпшілігінде директоры өзгереді. Ал әр білім ордасындағы бүкіл ұжым, педагогтар құрамы, қамқоршылық кеңесі, тіпті ата-аналар комитеті көбіне директордың қалауына, әрі соның талабына қарай қалыптасатыны жасырын емес. Ол кетсе, жаңа директор төл командасын ала келуі мүмкін. Тиісінше, орынбасарлар, ішінара мұғалімдер өзгереді. Сондай-ақ бірқатар ата-аналар директордың ізімен өзге мектепке ауысуға тілек білдірген. Қазақстанда биылғы жылы мектеп директорларының әзірге тек 11%-ы ғана ротацияланған. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұл көрсеткіштен түңіліп, оны тым төмен деп атады. Сондықтан ол аппараттық кеңесте өңірлерге – білім басқармалары басшыларына бұл жұмысты жеделдетіп, ротация науқанын 2022 жылғы 1 тамызға дейін тәмамдауды тапсырды. Әйтпесе, қыркүйекке дейін созса немесе одан кешіктірсе, бұл білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығына кесірін тигізеді. Оның соңы білім беру деңгейіне күрт төмендеуіне әсер етеді. Яғни, жас ұрпақтың білімі құлдырап, тағдырына залал келуі ықтимал. Сөйтіп, әу баста жемқорлықпен күреске, озық мектептердің тәжірибесін кең таратуға бағытталған ізгі шара ретінде жоспарланған ротация ақыр соңында елге зиян әкелуі мүмкін. Қазіргі кезде жекелерін қоса алғанда, республикада 7 474 мектеп бар. Министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың мәліметінше, барлық мектептің 6 299-ы – мемлекеттік. Яғни, олардың бәрінің директоры ертелі-кеш ротацияға ілігеді. Бұл ретте дәл қазір 1 240 директор 7 және одан көп жыл бір мектепті басқарады. Арасында 15-20 жыл отырғандары жетерлік.
– 2022 жылдың басынан бері 220 мектеп директоры ротацияланды. Бұл ротациялануға жататындардың жалпы санының 11%-ы. 2022 жылғы қазан айына дейін тағы 514 мектеп басшысын ауыстыру жоспарланып отыр, – деп хабарлады Гүлмира Кәрімова.Мысалы, Ақмола облысында жалпы алғанда 428 директор болса, соның 26-сы ротациялануы тиіс: алайда бірде бірі орынтағын жаңғыртпады. Дәл осындай жағдай Ақтөбе облысында (407 директордың 56-сы ауысуы қажет, бірақ ауысқаны – 0), Павлодар облысында (298-дің 134-і 7 жылдан көп уақыт отыр), СҚО-да (472-сінің 157-сі), Жамбыл облысында (443-інің 33-і ауысып кетеді деп бекітілген, әзірге ол жүзеге аспады) ұқсас жағдай қалыптасқан. Ротациялау науқаны Қостанай облысында қызу жүруде: 476 мектеп басшысының 27-сі немесе тізімдегісінің 66,7%-ы ротацияланып үлгерді. Одан кейінгі орында Алматы облысы тұр: өңірде 705 мектеп директоры қызмет етеді, оның 44-і немесе ротацияға іліккендерінің 51,1%-ы ауыстырылды. Үштікті БҚО тұйықтайды: бір мектепті 7 жылдан көп басқарғандардың 45,9%-ы немесе 17-сі. Бұл көрсеткіш Маңғыстауда – 36,4% (16 директор ротацияланды), Қарағандыда – 17,1% (38), Атырау облысында – 16,9% (12), ШҚО-да – 15,4% (8), Түркістан облысында – 8% (44). Министрлік орталықта шу тудырғысы келмеді ме, әйтеуір үш мегаполиске тиіспеді. А.Аймағамбетов алдағы шілде айында осы мәселеде өңірлік білім басқармаларын асықтыратынын аңғартты.
– Мектеп директорларын ротациялау – өте маңызды құрал. Былтыр сіздердің сұрауларыңызбен ротациялау науқанын 2022 жылға ауыстырдық және оны оқу жылы аяқталған соң, жазда жүргізуге шешім қабылдадық. Бірақ маусым да аяқталды. Не көріп отырмыз? Білім басқармалары 7 жылдан артық отырған мектеп директорларының бар-жоғы 11%-ын және мемлекеттік балабақшалар директорларының шамамен 35%-ын ғана ротациялауға қол жеткізе алған. Бұл – жеткіліксіз. Сондықтан 1 тамызға дейін осы жұмысты бітіруді тапсырамын, – деді Оқу-ағарту министрі аймақтардың білім басқармалары басшыларына.Еңбегінің қызығын көрмей кете ме? Ротация науқаны басталғалы көптеген мектеп және балабақша басшылары мен ұжымдарынан, тіпті ата-аналардан маза кетті. Педагогтер, ата-аналар білікті, адал, мықты басшыларынан айырылып қалудан қорқады. Жетісу облысының Балпық би ауылының «Қуаныш» балабақшасының ұжымы да Оқу-ағарту министрінен қатаң райынан қайтуды өтініп, хат жазды. Олар ротациямен келіспейді.
«Биыл балабақшамыз мемлекеттік аттестациядан өтті: қаншама ұйқысыз түндерді бастан кештік, еңбегіміз жанып, табысты өттік. Осы және басқа да жетістіктерге жетіп, сол жолда тынбай жұмыс жасап, енді еңбегінің жемісін теріп, қызығын көретін кезде басшыларымызды ауыстырып жатыр. Бұл нағыз әділетсіздік қой. Біреу еңбек етеді, оның орнына басқасы келіп отырады, «дайын асқа тік қасық» деп. Біз басшымыздың ауысқанын қаламаймыз. Балабақшаны тақырдан көтеріп, ыстығына күйіп, суығына тоңған, гүлдендіріп отырған басшымыздан айырып жатыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Ең болмағанда, аттестациядан кейін орнында бір жыл отырғызса деп сұраймыз», – деді балабақша ұжымы атынан оның әдіскері Орал Исижанова.Аймағамбетовке хат жолдағандар қатарында Теміртау қаласындағы №16 мектептің жалпымектептік ата-аналар комитеті де бар. Олар директор В.Голубеваны ротациялау туралы шешімнің күшін жоюды өтінді.
«Біздің директор Валентина Степановна педагог-зерттеуші дәрежесіне ие. Өз алдына таңдап мақсат, таудай талап қойды, темірдей тәртіп арқасында соған жете алды. Тамаша әкімшілік команданы – білікті мұғалімдерді жинай алды. Соның арқасында шәкірттердің білім деңгейі өсті, оқушыларымыздың жетістіктері жоғары. Олар олимпиадаларға үнемі қатысады, жүлделі орындардан табылады. Биыл бастапқы сыныптарымыз «Жыл командасы» атағына ие болды. Мектепке түбегейлі жөндеу жүргізді, ауланы абаттандырды, ағаш, гүлзәр отырғызды. Біздің мектеп – қаладағы жалғыз экологиялық мектеп. Ең лас қала саналатын Теміртау үшін бұл үлкен жетістік», – дейді ата-аналар комитетінің жетекшісі Елена Кретинина.Ата-аналар комитеті жаңа директор қырсыз болып шықса, жылдар бойғы жетістікті ары дамыта алмай, бір жылда істі жарға жығады деп қауіптенеді. Сондай-ақ директор кетсе, оның орынбасарлары, бірқатар мұғалімдер, тіпті ата-аналар мен балалар басқа мектепке ауысуға ниет білдіріпті. Бұл білім деңгейінің құлдырауына соқтыруы ықтимал. Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесі де министрлікке хатында мектеп директоры Қорлан Тұрсынованы басқа мектепке ауыстыру туралы жергілікті білім басқармасының шешімін құптамады.
«Қорлан Дәуітханқызының басқа мектепке ауысуына келіспейміз. Ол – ата-аналар мен ұжымы арасында зор беделге ие тұлға. Мектебіміздің үлкен әрі үш ауысымда оқитынына қарамастан, әрбір ата-анамен, оқушымен, ұстазбен жылы қарым-қатынас орнатып, әрқайсысының жағдайына жеке, жіті көңіл бөліп келе жатқан білікті басшы, ардақты ұстаз! Осындай басшылар ротацияланбай, жұмысын ары қарай неге жалғастырмасқа?! Ротацияға жұмысын істей алмайтын басшыларды жіберген абзал. Ауылдық жерлерде 15-20 жыл отырған директорлар қала береді де, қала директорлары неге ауыстырылады?! Ротация ісінде әділдік болуы керек!» – деді қамқоршылық кеңесінің төрағасы Зейникамал Байжанова.Мұндай арыз-шағымдар өте көп. Дегенмен Оқу-ағарту министрі икемділік танытпайтын түр байқатты. Қазақстандықтар мұның «еститін мемлекет» қағидатына қайшы екенін алға тартады. Ал білім басқармалары мұндай толқуды директорлардың өздері ұйымдастыруы мүмкін деген пікірде. Асхат Аймағамбетовтің ұстанымынша, мектеп директоры 10-15 жыл бойы бір орында отырса, бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтады. Егер «басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін». Ал басшылықтың ауысуы өзгерістер мен тың бастамалардың енгізілуіне, басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға жол ашады-мыс. Министрдің айтуынша, кадрлардың ротациясы мектептердің тиімділігін арттырады, жас мамандарға өз күшін білім ордасын басқаруда сынап көруге мүмкіндік береді. Тек, ротация кадрларды рәсуа етуге соқтырмаса болғаны. Ұзақ жыл ғұмыры мен еңбегін бір білім ордасын көтеріп, дамытуға арнаған, оны өз перзентіндей жақын қабылдайтын кейбір тәжірибелі директорлар бәрін жаңадан бастағысы келмей, қарапайым мұғалімдік жұмысқа ауысып жатыр. Бұл құбылыс жаппай белең алса, білікті директорларды билік қайдан алмақ?