Ротация: директорлар мұғалімге айнала ма?
Ротация: директорлар мұғалімге айнала ма?
652
оқылды

Білім және ғылым министр­лігі Ротацияға зар болуы мүмкін

Сонымен, БҒМ ұсынған «Мем­лекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидалары» біраз ұйым­ның басшылығын сапырылыстыр­ғалы тұр. Атап айтқанда, қағида барлық облыстың және үш мега­полистің әкімдіктеріне қарайтын «мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының, сондай-ақ жетім балаларға арналған білім беру мекемелерінің бірінші басшы­ларының өзара лауазымдық ауысуы тәртібін айқындайды. Мұндағы мақсат не? Білім және ғылым ведомствосының түсін­ді­руінше, біріншіден, ротация білім ұйымдарының жұмысының тиім­ділігін және ол көрсететін білім беру қызметтерінің сапасын арт­тыруы тиіс. Екіншіден, бірінші бас­­шылар­дың кәсіби әлеуеті мен басқарушы­лық тәжірибесін тиімді пайдалануға жол ашады. Үшінші­ден, директор­лар­ға кәсіби дамуға және басқару­шылық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Төр­тіншіден, олардың бір жерде ұзақ отырып, кәсіби тұралап қалуының алдын алу қажет екен. Бесіншіден, осы арқы­лы коррупциямен күрес жүргізіледі. Алайда зейнетке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған басшы­лар ротацияланудан босатылады. Өзге директорларға да 1 рет бас тартуына рұқсат, екінші рет бас тартса, білім жүйесі онымен қош айтысады. «Мемлекеттік білім беру ұйы­мы­ның бірінші басшысы алғаш рет жазбаша бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты 3 жылға ұзар­тылады. Екінші рет жазбаша бас тартса, ол атқаратын лауазымынан босатылады», – делінген құжатта. Науқан қашан басталады деп күтілуде? Бұйрық жобасында жаңа оқу жылы басталғанда, 2021 жылғы 1 қыркүйекте лауазымын 5 және одан көп жыл атқарып отырған бі­лім беру ұйымдарының басшы­лары міндетті түрде ротациялауға жата­тыны көрсетілген. Оларды ро­та­циялау осы қағидалар қолда­нысқа енгеннен бастап 3 ай ішінде жүзеге асырылады. Тағы бір жайт: директор сайма-сай өзге лауазымға ауыстырылуы үшін аттестаттаудан және қызме­тінің тиімділігін жыл сайынғы ба­ғалаудан сүрінбей өтуі шарт. Ондай бағалауды облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Білім басқармасының кадр қызме­ті жүргізеді. Оның барысында мек­тептегі әдістемелік кабинеттер, ор­талықтар жүргізетін оқу-әдісте­мелік және тәрбие қызметі, оқу­шылардың білім сапасы талданады. Егер онысы нашар болып шықса, директор ротацияланбайды, ор­нынан қуылады.

Халық не дейді?

Сыбайлас жемқорлық жай­лаған салалардың бірі білім саласы екені жасырын емес. Мектеп, білім меке­мелері директорларына қатысты арыз көп. Қазақстандық­тар білім ордаларының әлі күнге түрлі сыл­таумен ақша жинайты­нына ша­ғымданады. «Балам Нұр-Сұлтандағы мек­теп-лицейде оқиды. Қаражат жинау ата-аналар комитеттері ар­қылы жүреді. Сұрағанын беретінбіз. Бірде педагогтерге сыйлық алу үшін ақша тапсырудан бас тарттым. Бұдан былай ақша жинауға қатыс­пайтынымды жеткіздім. Содан кейін балам қысымға ұшырады. Ата-аналар комитеті ата-аналар чаты арқылы жер-жебіріме жетті, балағаттады. Мектеп психологі сабақ соңында ұлымды әңгімелесу үшін өзіне ша­қырып алыпты. Бұл жайында мені құлақтандырмаған. Ол әңгіменің мақсаты қандай болғанын айтпады. Ата-аналар әлі күнге ақша жинап жүр. Бірақ менің бас тартуым «ке­сірінен» өзге ата-аналар да құлық пен белсенділік танытпай, жинау жоспары орын­далмай қалып жат­қан көрінеді. Мектеп әкімшілігі ата-аналар ко­ми­тетінің ақша жина­ғанын құп­тай­ды. Бұл корруп­ция емес пе?» – дейді 5-сынып оқу­шысының анасы Алмагүл. Ол мән-жайды анықтау үшін мектеп директорына кірген. «Мектепте кең жолға қойылған тұрмыстық жемқорлық кесірінен мүгедектігі бар ұлым қысым көріп жүр. Директорға кірейін дегенімде, одан айнытуға тырысты: «Аясаңыз­шы, директор жақында ғана жү­регіне ота жасатты» дейді. Мен ди­ректорды аяуым керек, ал дімкәс баламды ешкім аямайды. Бұл қалай сонда? Мектеп директоры менімен әңгімесінде мұғалімдердің ақша жи­науына да, оқушының қауіп­сіздігіне де өзі жауап бермейтінін білдірді. Сонда кім жауапты?»деп ашынады ана. Жақында Алматы облысының Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы орта мек­теп­тің ұстаздары басшылары үстінен Білім министрлігіне арызданды. Педагогтер «мектеп басшылары өз құзыретін асыра пайдаланып, мектеп ұжымына қысым көрсетіп жатыр» дейді. «Мысалы, кіші қызметкерлерді өз үйінің жұмысына пайдаланады. Одан қалды, туыстарының кілем­де­рін жу­ғызып, ойына келгенді істейді. Ескертусіз, мұғалімдердің сағат санын өз атына не болмаса тәрбие-оқу ісінің меңгерушісіне жазады. Жалақымызды толық төлемейді. Кезекші сыныпқа тө­ленетін ақшаны өзіне бөліп беруге мәжбүрлейді. Жас маман­дарға ешбір қолдау көрсетілмейді. Ке­рісінше, бағалы сыйлықтар ал­ғызады. Қарсылассақ, жоспардан тыс есептер сұратып, мазамызды алады. Тіпті, мектепте дастарқан жайғызып, ішімдік ішуді әдетке айналдырған. Қарсы сөз айтсақ, «Қайда барасыңдар? Шамаларың неге жетеді? Сендер кімсіңдер?» деп намысымызға тиеді. Осындай қысымға шыдамай, қанша әріп­тесіміз жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүр болды. Екі әріптесіміз жүктілік кезінде қысым көріп, сә­биінен айырылды», – дейді ұжым­дық арызды ұйымдастырған Назгүл С. Ұстаздар бассыз кеткен басшыға шара қолдануды сұрайды. Ми­нистр­лік бұл жағдаймен таныс көрінеді. «Үштөбе қаласындағы мектеп ұстаздарының ұжымдық арызында ұйым әкімшілігінің «Педагог мәртебесі туралы» заңының талаптарын өрескел бұзып, педа­гог­тердің құқықтарын шектегені байқалады. Арызда келтірілген деректер бойынша Алматы облы­сының білім саласында Сапаны қамтамасыз ету департаменті жа­нынан құрылған «Алматы об­лы­сының білім беру ұйымдары пе­дагогтерінің құқығын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөнін­дегі консультативтік-кеңесші ор­ган­ның» кезектен тыс отырысын өткізу жоспарланып отыр. Отырыс Үштөбе қаласындағы аталған орта мектеп ғимаратында мектеп бітіру­шілердің қорытынды аттестаттауы аяқталғаннан кейінгі мерзімде өткізілетін болады» деп жауап қатты БҒМ. Ведомство ол жиынға БАҚ өкілдері мен басқа да мүдделі тұлғаларды шақыруға уәде етті.

Директорлар не дейді?

Әділін айту керек, мектеп ди­ректорларының арасында мықты менеджерлер, шаруақор жетек­шілер жетерлік. Олар тізгінін ұстаған кез келген білім ордасы жұрттың көз алдында түрленіп, үздіктер қатарына қосылады. Бұл тұрғыдан алғанда ротация осындай білікті басшыларды жіберу арқылы әр мектептің бағын ашуға қызмет етуі мүмкін. Бірақ ол үшін 3 жыл мерзім аз болуы мүмкін. Қостанай облысындағы жал­пы білім беретін мектеп басшысы, директорлық лауазымда 15 жыл­дық тәжірибесі бар маман Аслан Мәдибаев ротация институтын енгізуді дұрыс әрі дер уақытын­да қолға алынған шара деп санайды. «Бірақ қағидалар жобасында түзетуді, толықтыруды қажет ететін тұстар бар. Мысалы, ротациялау мерзімі тым шектеулі. Ойға алған міндеттерді орындап, көңіл толарлық нәтижеге жетуге 3 жыл аздық етеді. Демек, бұл мерзімді 5–7 жыл деп белгілесе, жөн. Тіпті, өңір әкімдері де 3 жылдан көп жұмыс істейді. Директор осы аз уақыт ішінде әрбір педагогті танып, бүкіл мектепті, оның шаруашылығы мен оқу процесін зерделеп үл­гермейді. Онсыз нәтижеге жету қиын. Ал жұмыс нәтижесі біліктілік категориясын растау және аттес­таттаудан өту үшін қажет. Онсыз не санаты төмендейді немесе онымен жұмыс келісімшарты бұзылады. Басшы әр 3 жыл сайын мектептен мек­тепке секіріп жүрсе, ешқандай қомақты жетістікке жете алмай­ды», – деді ол. Бұл ақыр соңында тәжірибелі басшылардың жекеменшік білім ұйымдарына жаппай кетуіне әке­ліп соқтыруы мүмкін. Тіпті, ор­нында қалғанның өзінде «жұмыс орнында жанып кетуге» ұшырауы мүмкін. Мамандар тағы бір мәселеге назар аудартады: мектеп дирек­тор­лары пәндерден сабақ беретін педагогтерден аз жалақы алады екен. Осы орайда кейбір басшы ротация енгізілген соң лауа­зы­мынан бас тартып, сағат алып, мұ­ға­лімдікке ауысып алудың қамын жасап жатқан көрінеді. Олар қазірдің өзінде сабақ беріп жүр. Тағы бір мәселе: БҒМ көктем­нен бері білім ұйымдары бас­шы­ларын аттестаттау рәсімін уақытша тоқтатқан. Одан көбі өтіп үлгермеді. Тиісінше, біліктілік категориясы төмен болады, жоғары лауазым­дардан үміттене алмайды. Ал пән мұғалімдері аттестаттаудан еркін өтеді. Рудный қаласы гимназиясының директоры Вячеслав Журавлев ротациялау кезінде ұжым мен ата-аналардың пікірі ескерілуі керек деген пікірде: «Бұл жерде әр ди­ректорға жеке қарау қажет секілді. Қандай да бір оқу орнының бас­шысын ротациялау туралы шешім қабылдағанда қамқоршылар кеңе­сінің, ұйым ұжымының пікірін ескерген дұрыс. Егер директордың басшылығы кезінде оң үрдістер жүріп, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, ол директорды ауыстыру орынды ма?! Ротация – басшы үшін стресс. Одан құтылу үшін педагогикада жетістіктері бар басшылар мұғалімдікке кетіп қалуы мүмкін», – деді ол. Семейдегі орта мектеп дирек­торы Сергей Родионов зейнеталды жастағы директорларды ротация­дан босатқанда онымен кейін еңбек шарты ұзартылмайды деген талап енгізуді ұсынды: «Бұл өзгеріс барлық басшыны теңестіреді. Әйтпесе, зейнеткерлікке шығуына 3 жыл және одан аз қалған басшы­лар ротациядан құтылады. Ары қарай жергілікті Білім басқарма­сын­дағылармен қатынасы жақсы болса, зейнеткер атанғаннан кейін жыл сайын онымен еңбек шарты ұзар­тылып отырады. Бұл – әділет­сіз­дік», – деді Сергей Владимир­о­вич. Қалай болғанда, ротация біраз өзгеріс әкелгелі тұр. Ол өзгерістер­дің оң, әлде теріс болуы осы үр­діс­тің қаншалықты пысықтал­ғанына, кемеліне келтірілгеніне байланыс­ты болмақ. Ол үшін тараптардың пікір-ұсыныстары жете ескерілгені жөн.

Елдос СЕНБАЙ