Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Бірақ бүгінгі балалардың шешендігі тұрмақ, бал тілін қызықтаудың өзі көп ата-анаға арман болып тұр. Өйткені мектеп жасына жетсе де, әлі күнге былдырлап жүрген балдырған көп. Сонда бұған не себеп? Және бұл тығырықтан шығатын жол қандай?
Телефонға телмірген бүлдіршіннің тілі сүрінеді
Елімізде балалардың 35 пайызға жуығы күніне екі және одан да көп сағат экранға телміреді екен. Мұндай қорытындыны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жасаған.
«Қазақстандағы балалардың 33,9 пайызы күн сайын екі және одан да көп сағатын түрлі құрылғылар экранының алдында өткізеді. Бұл көрсеткіш қалаларда 37,2 пайызды, ал ауылдық жерлерде 30 пайызды құрап отыр. Біз көбіне үйдегі балалар телефонға телмірсе, көзін құртатын болды ғой деп алаңдаймыз. Алайда біз байқай бермейтін тағы бір зияны бар. Бұл – бала тілінің кеш дамуы, кей жағдайда мүлдем шықпауы», – дейді орталық мамандары.
Логопед әрі психолог Дана Жұмаділова бала тілінің кеш шығуының негізгі үш себебі бар екенін айтады. Осы үш себеп те баланың ата-анасымен тікелей байланысты екен.
– Бала тілінің кеш шығуына физиологиялық, генетикалық және психологиялық үш себеп бар. Біріншіден, баланың ауыз қуысы, жақ сүйегі, тісі мен тілінде қандай да бір кемістік бар ма, жоқ па соны анықтап алу керек. Мысалы, бала кішкентай кезінде құлап қалып, жақ сүйегі орнынан қозғалып кеткен болуы мүмкін. Екіншіден, баланың ата-анасының тілі кеш шыққан болса, бұл өз кезегінде генетикалық жолмен перзентінде қайталануы мүмкін. Сондай-ақ бала бір нәрседен қатты қорқып қалса немесе күнделікті тұрмыста ата-анасының жанжалдасатынын көріп өссе, мұның барлығы тілдің шығуына кері әсерін тигізеді. Ал осы психологиялық себептен арылу үшін мықты мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Бірақ тілдің шықпауына психологиялық себеп бар дегеннің өзінде логопед маманға қосымша қаралу артықтық етпейді. Себебі логопед емделу процесін жеделдетуге көмектеседі. Логопед үш жасқа дейінгі балалардың анасымен бірге жұмыс істейді. Өйткені екі жасқа дейін бала уақытының 85 пайызын анасымен бірге өткізеді. Яғни, бала тілінің шықпауына әсер етіп отырған психологиялық себепті анықтауға анасы көмектеседі. Бұдан өзге үш жасқа толған баланың тілі анық шықпаса, бірден дабыл қаққан жөн. Алайда кейбір ата-ана баласының тілі шықпағанына қарамастан, бірден логопед немесе психолог, психоаналитик мамандарға баруға асықпайды. Уақыт өте келе өзі сөйлейді деген үмітпен емді кейінге қалдырады. Соңынан бармақ тістеп жатады, – дейді маман.
Тәжірибелі логопед маман Роза Қыдырбаева да бала дамуында ата-ананың рөлі маңызды екенін жеткізді.
– Ата-ана бала дамуындағы қарапайым ерекшеліктерді білгені жөн. Сонда ол өз сәбиіне қандай маманның көмегі керек екенін шамалай алады. Біз кез келген кемшілікті, ақауды, аурудың белгілерін неғұрлым ертерек анықтасақ, соғұрлым оны жою, жеңу жеңілге түседі. Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін білу үшін туғаннан үш жасқа дейінгі сәбиде дыбыстардың пайда болу реттілігін білуі керек. Осы реттілік бұзылғанын байқаса, логопед қызметіне жүгінгені жөн, – дейді Роза Алмабекқызы. Сондай-ақ оның айтуынша, дені сау бала туғаннан бастап түрлі дыбыстарды шығарып, уақыт өткен сайын сонысы жетіле түсуі керек екен.
Логопедтердің қызметін қалта көтермейді
Байқап тұрсақ, балалардың тіліндегі кемшілікті түзетуде логопедтердің алар орны ерек екен. Алайда осы маманның қызметі барлық балаға қолжетімді ме? Біздіңше, жоқ. Себебі бүгінде мұндай мамандардың қызмет құны шарықтап тұр. Бұған түрлі сайттардағы бағаларды саралап көргенде көз жеткіздік. Тараз қаласында логопед қызметін алудың құны бір балаға айына 70 мың теңгені құраса, енді бір жерде 25 мың деген бағаны көзіміз шалып қалды. Сөйтсек, 25 мың теңгелік маман күн сайын бір сағат қашықтан қызмет ететін болып шықты. Тағы бір назар аударарлық нәрсе, қай жарнама бойынша хабарлассақ та алдымен баланы көрсетіп, кеңес алуды ұсынады. Ал кеңес беру де ақылы. Осылайша, қызмет құнының қымбаттығынан көптеген ата-ана логопедтерге жүгіне алмай келеді. Солардың қатарында Гүлжәмила Серікбаева да бар.
Жамбыл облысы