Кеш сөйлеу кекештікке әкеле ме?
Кеш сөйлеу кекештікке әкеле ме?

Қазір балалардың дені кеш сөйлейді. Мұны лого­педтер мен психологтер рас­тап отыр. Олардың ай­туынша, бала 3 жастан ас­қанша өз ойын анық жеткізе алмаса, маман көмегіне жүгінген жөн. Әйтпеген жағ­дайда кеш сөйлеу ке­кеш­­тікке әкеледі. Одан бө­лек, бала бойында түрлі проб­лема туындайды. Мұн­­дай жағдайға тап бол­мас үшін не істеу керек? Кі­нәні смартфоннан іздей­міз бе?

Логопед пен дефектолог кім?

Қазақстанның отбасылық дә­рі­герлер қауымдастығы кейінгі кез­де логопед мамандарға сұра­ныс арт­қанын мәлімдеген. Бұған себеп – бала тілінің кеш шығуы. Сол үшін дәрігерлер бала дүниеге келісімен дамуын толық бақылауда ұстауға шақырады. Бұл міндет кім­ге жүкте­леді? Әрине, ата-анасына. Өйткені ата-аналардың көпшілігі баласы 3-4 жасқа дейін сөйлемесе, «ерке­лікке» балап жүре береді немесе ұл-қызының қатарынан кеш дамып келе жатқанын жасы­рып, айтқысы келмейді. Осыған ұқсас мысал­дар­ды біз логопед-дефектологтармен тілдескенде білдік. Олардың ай­туын­­ша, сөйлеу тілі дамуының ар­найы алгоритмі мен фазасы бар. Со­ны бақылауда ұстап, демеу керек. Бала 6 айдан асқанда дыбысқа елеңдеп, көзге тура қарай алуы қа­жет. 9 айлығына дейін былдыр­лап, «өз тілінде» түрлі дыбыс шы­ғарса игі. Одан кейін бір  жастан ас­қанында кемінде 10-15 сөз ай­тып, екі жасында сөздік қоры 300-ге жеткені жөн. Осылайша, 3 жасқа толған бала сөйлем құрап, ойын жеткізе алатын болады. Егер бала аталғандарды орындай алмаған болса, невропатолог, логопед пен дефектологтың көмегіне жүгінесіз. Негізі, дефектологтар бір жастан асқан балалармен жұмыс істей береді. Ал логопед 3 жастан асқан балаларды үйретуге бейім. Өйткені осы шақта бала маманның айт­қанын орындап, моторика жатты­ғуларын жасап, назары мен ойлау жүйесін дамытады. Маман кеңесін алмас бұрын ата-аналарда сұрақ туатыны белгілі. Бала тілі неліктен кеш шығады? Білікті логопед-дефектолог Күл­пәш Айдарбекқызының ай­туынша, жүктілік кезіндегі кейбір қиындықтар, ата-ананың баламен аз сөйлесуі, үй ішіндегі коммуни­кацияның екі-үш тілде жүруі ба­лаға әсер етеді. Сондай-ақ баланы шектен тыс еркелетіп, «бала тілін­де» ұзақ уақыт сөйлесудің де зияны бар. Соның ішінде смартфоннан мультфильм қосып, ұзақ уақыт пай­далануға беру де кері әсер тиеді. Өйткені сәби дүниеге кел­ген­нен бастап, қоршаған ортамен байланыс орнатады. Ата-анасын, үй ішіндегілерді тыңдау арқылы бейімделеді. Ал ата-анасы қазақша сөйлеп, теледидар орысша, YouТube ағылшынша сайрай жө­нелсе, баланың қабылдауы нашар­лайды. Сәйкесінше, бұл кеш сөй­леу­ге әкеледі. Сондықтан ДСҰ 2 жасқа дейін балаларға смартфон мен теледидар көруді шектеуге шақырады. Себебі сандық құрыл­ғылар баланың бас миындағы орталықтардың жетілуіне тиісінше тосқауыл қояды. «Жалпы, 3 жасар бала ол жеке тұлға. Онымен үлкен- кіші сөйле­сіп, жұмсауы керек. Сонда ол да­миды. Әрине, кеш тілі шыққан бала кекештеніп сөйлейді. Өйт­кені оның сөздік қоры аз. Сөз арасында бірнеше рет тоқтайды, тыныс­тайды, жұтынады. Кекеш­тенудің өзі әртүрлі болады. Мы­салы, тілі кеш шыққан баланың жақсы оқуға шамасы жетпей жатады. Ал оған ата-анасы «жақсы оқы, бірінші бол» деп жиі талап қояды. «Осы айтқандарды орын­дай аламын ба?» деп жүріп, бала одан сайын ке­кештенуі мүмкін. Егер бала бойы­нан кекештікті ерте анықтап, ма­манға алып кел­се, тыныс алу жат­­тығуы, массаж, бассейн арқы­лы  көмектесуге болады», – дейді ол. Тиісінше кеш сөйлеген бала­ның оқу үлгерімінде қиындық пайда болады. Диктант жазу, қо­сып оқу, жылдамдыққа жұмыс іс­теу қиынға соғады. Бұдан әрі ке­кеш баланы қатарластары мазақ­тағасын өзін қоршаған ортадан аулақ ұстауды шығаруы мүмкін. Осылайша, оның психикасы сыр беріп, тұйықтала бастайды. Ал мұның арты түрлі жағдайға әке­летіні айтпаса да түсінікті. Сон­дықтан мамандар бала бойындағы динамикаға мән беріп, уақытында әрекет еткен жөн деп отыр.

Ойын жеткізгісі келеді, бірақ...

Кейіпкеріміз Ақылбек Бершін­бекұлы жиендерінің бірінің тілі кеш шыққанын, екіншісі логопед­тің қабылдауына барып жүргенін айтады. Маман көмегіне жүгінген баланың сөйлегісі келеді-ақ, бірақ «бала тілінде» былдырлаудан ары аса алмайды. Ата-анасының өзін түсінбей жатқанын сезген сәтте, жан-жақтың астаң-кестеңін шыға­рып, мінез көрсетеді екен. 3 жастан асқан баланың мұндай әрекетіне ол смартфонды кінәлап отыр. логопед Ал логопед Майра Болатбек­қызы кінә тек смартфонда емес, ата-ананың бір-бірімен аз сөй­ле­суінде екенін атап өтті. Одан бө­лек, «баланың әкесі кезінде кеш сөй­леген екен», «әлі де уақыт бар, 4-5 жасқа дейін күте тұрайық» деуі де бала дамуына кедергі келтіреді. Егер ата-ана баласын мамандарға апарып көрсеткісі келмесе, дина­миканы бақылауы шарт. Мәселен, бір айдың ішінде қанша сөз үй­рен­генін бақылаудан бастаған жөн екен. Логопедтің айтуынша, екі-үш айдың ішінде алға ілгерілеу болмаса, арнайы ем-шара жасап, педагогикалық машыққа бейімдеу керек. Осы тұста логопед-дефектолог Күләш Айдарбекқызы баланы бір жастан асқанша емізудің маңызы зор екенін баса айтты. Өйткені анасын дыбыс шығару арқылы шолмылдатып емгенде тіл дыбыс­тарының артикуляциясы дамиды. Сол үшін ана сүтін ембей, емізік еміп, қол сорып үйренген балалар­да да осындай қиындықтар кезде­суі мүмкін. Маман сондай-ақ мұн­­дай балалардың «р», «л» ды­быс­­та­рын таза айта алмай қалып жата­тынын да ескертті. Сондықтан ол жас аналарға баласын ұзағырақ емізіп, емізу барысында бесік жырын айтуға кеңес береді. Осын­дай сәтте бесік жырын тыңдаған бала дыбыстарды анық естіп, уақытында сөйлеуге дағдыланады. Оған қоса жасына байланысты ертегі тыңдап бейімделгеннің де пайдасы бар. Бір жағынан тіл дамуына көмектессе, екіншіден ертегі арқылы қандай жағдайда не істеу керегін үйренеді.  Қызығы сол, бала кезінен қатты тамақ жемей өскен балалардың тілдері жұмсақ болып жатады. «Бұрын қазақта мұндай проблема жиі кездеспейтін. Өйткені балалар сүйек мүжіп, құрт сорып, сәбіз жеген. Бұл балаларға әдемі сөй­леп, таза дыбыс айтуға көмектес­кен», – дейді логопед.

YouТube-тегі мылқау мультфильм

Әлеуметтік желіде сауалнама жүргізгенімізде желі қолдану­шы­ларының бірі баласының YouTube-те мылқау мультфильм көретінін жазды. Олар қанша жерден өшіріп тастаса да, бала аталған мульт­фильмдерді тауып алуға дағды­ланған. Ал өзі болса, жасы 3-тен асса да сөйлеуге асықпайды. Алғашында мұндай мульт­фильм жайлы естімегеннен кейін таңырқап қалдық. Артынша же­ліден іздеп, бір-екеуін көріп шық­тық. Расымен, сюжет жүріп жатыр, ойнақы музыка бар, бірақ кейіп­керлер сөйлемейді. Арасында «ба­ла тілінде» дыбыстап қоятыны бар. Ал мұндайды көріп өскен баланың дамуы кешеуілдейтіні айтпаса да түсінікті болар. Өйткені санасына «мультфильмдегідей ым­дап тү­сін­дірсем де жеткілікті екен» дейтін сигнал баратыны сөзсіз. «Иә, домалақ шариктердің ерсілі-қарсылы жүгіріп жүргенін көріп жүрміз. Бұл аниматорлардың балалар қай тілде сөйлесе де, көруге ортақ болсын деп шығарған дүниесі. Сондықтан қазір осы мульт­фильмдер танымал. Бірақ мұның кері әсері бар. Сөйлемейтін кейіпкерлер баланы сөйлемеуге итермелейді. Сюжеттегі кейіп­кер­лер бәрін іс-қимылмен көрсет­ке­сін, бала да бұл қалыпты құбылыс екен деп ойлайды. Кейбір баланың кез келген затты саусақпен көр­сетіп, ыңылдап түсіндіретіні осыдан», – дейді логопед Майра Болатбекқызы. Одан бөлек, мамандардың айтуынша, баланың көзінше оны өзгемен салыстырып, «балам әлі сөйлемей жүр» деп айтудың қажеті жоқ. Себебі 3 жастан асқан бала бәрін түсінеді, ойлайды. Егер одан талап етуді, туысқанның баласы­мен салыстыруды жалғастырсаңыз, ұл-қызыңыздың дамуы одан сайын кешеуілдеуі мүмкін. Логопедтер мүмкіндігінше баламен сөйлесіп, түсіндіріп, ойнап, сурет салуды ұсынады. Ойыншық түрлеріне келгенде де моториканы дамы­та­тын ойындарға бейімдеп, қадағалау қажетін ескертеді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ