Жақында Алматыдағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінен шу шықты. Ата-аналардың айтуынша, биылғы гранттар қазақ және орыс сыныптары арасында әділ бөлінбеген. Соның кесірінен 40-қа жуық оқушы ең жоғары балл жинаса да оқуға түсе алмай қалған. «Балаларымызды алалады» деп күйіп-піскен ата-аналар гранттарды қайтадан үлестіруді талап етіп отыр. Осыған орай, мәселенің анығын Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовадан сұрадық. – Осы мәселе бойынша сізге хабарласқан азаматтар бар ма? – Қазір барлығымыз Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қазақ тілінде білім алатын бөліміне жоғары балл жинап, «Өркен» грантына ие бола алмаған балалардың ата-аналарының дау-дамайы басылмай отырғанын көріп отырмыз. Иә, маған ата-аналардан бұл мәселеге қатысты хат келіп түсті. Мен ол хатты құзыретті орган қамқоршылық кеңеске, Оқу-ағарту министрлігіне, дербес білім беру мекемесіне де жолдадым. Жалпы, бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде де хабарласып жатқан азаматтар бар. Сондықтан бұл мәселенің орынды шешілуі бүгінде өзекті. – НЗМ қалалық басқармаға да, министрлікке де бағынбайды. Мектеп дербес білім беру ұйымы болғандықтан бұл мәселені кім шешеді? – Бұл жерде бірнеше концептуалды мәселелерге көңіл аударғым келеді. Назарбаев Зияткерлік мектептері – статусы заңмен бекітілген орта білім саласында министрлікке тікелей бағынбайтын барлық оқу, қаржы ұйымдастырушылық процестерді жеке-дара дербес жүргізетін, дербес ұйымдастыратын жалғыз білім беру ұйымы. Қазір болып отырған келеңсіздік ата-аналар арасындағы оқиғаға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма басшылығы жауапты. Алматыда химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры жиналған ата-аналарға шешімді республикалық комиссия қабылдайды деп министрлікке сілтегенімен, гранттардың саны туралы, мектептің сыйымдылығына байланысты ұсынымды әзірлеген және оны республикалық комиссияға енгізген Басқарма төрайымы және Басқарма басшылығы жауапты. Сондықтан шешім қабылдайтын Басқарма Төрайымы және Басқарма мүшелері осы ата-аналардың алдына барып, өздерінің қатесін мойындап, балалардың жинаған жоғары балдарын ескеріп, әділетті шешім қабылдауға міндетті. – Комиссия гранттарды тек қала мектептеріндегі оқушылардың санына қарай бөлген көрінеді. Ата-аналар қала маңындағы елді мекендердің балалары неге ескерілмегенін түсінбей отыр. Бұған не дейсіз? – Назарбаев Зияткерлік мектептері өздері бекіткен 2030 жылға дейінгі «Даму Стратегиясында» оқушылардың конкурстық іріктеу бөлігінде жазған міндеттемелерін толық орындамағандығын ескеру керек. Ол жерде конкурстық іріктеу автоматтандырылады деп көзделген. Бүгінде бұл стратегиялық міндеттемелері орындалмай отыр. Стратегияда негізгі мақсат – ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған. Сондықтан ауылдағы тұрмысы нашар, әлеуметтік осал топтардағы дарынды балаларға да мүмкіндік қарастыру керек еді. Ол өте төмен деңгейде жүзеге асырылуда. Оның орнына ата-аналар барлық тапқан-таянғанын төлеп репетиторлық орталықтарда дайындағанмен, балалары грантқа түсе алмай жатыр. Соның кесірінен қоғамда әлеуметтік наразылық көбейген. Мұны бұлай қалдыруға болмайды. Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Басқармасы кризистік коммуникацияларын ретке келтіруі керек. Балаларымыз білімдегі әділетсіздіктен таулары шағылмауы керек. – Әңгімеңізге рақмет!