Атырауда ысырап болып жатқан жерасты сулары көздерін тығындау жұмыстары қолға алынды. Гидролог мамандар ондаған жыл бойы текке рәсуа болып жатқан тұщы суды сақтаудың жолдарын айтса да, нәтиже шықпай келеді. Бұл мәселені түбегейлі шешудің мүмкіндігі уақыт еншісінде секілді. Климаты құрғақ, жері сортаң өңірде жерасты суын ысырап етпей пайдаға асыру өзекті мәселе болып тұр. Жерасты суларының халық игілігіне пайдаланылмай ысырап болуы су көлемінің азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл туралы гидролог мамандар сан жылдар бойы айтып келе жатыр. Иесіз өзағар ұңғымаларды тығындау және крандық режимге алмастыру уақыт күттірмейтініне көз жеткендей. Жерасты су көздерін тиімді пайдалану мәселесі де шешуді қажет етеді. Бұл мәселе облыс әкімдігі тарапынан Үкімет алдына қойылып, облыс көлемінде шешілуін қажет ететін өңірдің экологиялық проблемалары тізбесіне енгізілген. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Геология комитетінің мәліметіне сәйкес, облыс аумағында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Жылыой ауданы аумағында 180 өзағар гидрологиялық ұңғымалар анықталып, мемлекеттік кадастрға тіркелген. Тіркеуге алынған 180 гидрогеологиялық ұңғыманың 123-і жоюға жатады, ал қалған 57 ұңғыма Жылыой ауданы тұрғындарының сұранысына орай крандық режимге қалдырылған. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы сауалымызға жолдаған жауабында: «Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің ұстанымы бойынша, бюджет қаражаты есебінен жүргізілген бұл бағыттағы геологиялық барлау-іздеу жұмыстарының мақсаты – тек жерасты сулары көздерін анықтап, олардың қорын мемлекеттік балансқа қою. Ал қазылған ұңғымалардың өздері кеткен шығын ретінде есептен шығарылады, яғни балансқа алынбайды. Сондықтан аудан аумағындағы барлық өзағар гидрогеологиялық ұңғымалардың иесі жоқ және ағып жатқан судың көлемі есептелмеуіне байланысты қандай мөлшерде екенін анықтау мүмкін емес» делінген. Сайып келгенде, осыншама жыл бойы иесіз болып келген өзағар ұңғымалардан аққан судың иесі де, есебі де болмаған. Өткен жылы Жылыой ауданындағы 68 өзағар гидрогеологиялық ұңғыманы жою мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі республикалық бюджеттен 26,5 млн теңге қаржы бөлген. Биылғы жылға ұңғымаларды жою жұмыстарын жүргізуге ел қазынасынан 465 млн теңгеге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолданған. Өзағар гидрогеологиялық ұңғыманы жою мақсатында жүргізілетін жұмыстар мал шаруашылығы бар және малға азық дайындайтын азаматтар үшін тиімсіз болуы мүмкін. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшылығы ұңғымаларды жою жұмыстары барысында өзағар ұңғымалардың маңында орналасқан шаруа қожалықтары үшін крандық режимге қалдыру жөніндегі ұсынымдары ескерілетін болады деп сендірді. Жылыой ауданы әкімдігіне аудандағы шаруа қожалықтарымен бірлесіп жұмыс жүргізуге тапсырма берілгенін айтты. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, өзағар гидрогеологиялық ұңғымаларды тығындаған кезде жерасты суының ысырап болуы азайтылады, көлемі жоғары көтеріліп, жайылымдық жерлердегі шөптің өсуіне әсерін тигізетін болады. Жерасты суын пайдаланудағы мәселелер туралы ардагер гидролог, су маманы Едіге Сабуров жерасты суын ұтымды пайдалану, келешекте болуы ықтимал құрғақшылықтан сақтайтынын айтты. – Атырау облысы шөлейт аумаққа жатады. Өзендер бойынан басқа жерлерде тек қана тұщы не тұздылығы төмен жерасты суларын пайдалануға болады. Талапқа сай жерасты су кеніштері облыста өте аз. Өзен суларының азаюы немесе тіптен тартылып қалуы бүгінде және жақын болашақта Атырау өңірінде жерасты су кеніштерінің маңыздылығын еселеп арттырады. Солардың бірі – Жылыой ауданындағы, соған жақын орналасқан Ақтөбе облысының жерін қамтитын Оңтүстік Ембі артезиандық бассейні. Аталған Оңтүстік Ембі артезиандық бассейнінің анықталған қорына қосымша барлау жұмыстарын жүргізген жағдайда анықталатын мүмкіндігін қоссақ, бүкіл Атырау облысының суға деген қажеттілігі артығымен қамтылады. Демек, аталған бассейн Атырау облысының баға жетпес су жинағы, болашақ ұрпақтың өмірінің өзегі. Бассейн суын, оның әрбір тамшысын тиімді пайдалану арқылы болашақ ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің міндеті. Жерасты суын мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар кеңінен пайдаланып отыр. Шаруашылықтың өркендеуі – елдің тоқтығы. Бірақ олар суды тиімді пайдаланылып отыр ма? Есепке жүгінейік. Төрт түлік малдың тәулігіне пайдаланатын су қажеттілігі: сиыр – 60 литр, жылқы – 60 литр, түйе – 30 литр, қой, ешкі – 8 литр. Кейбір деректерге қарасақ, аталған алқаптан тәулігіне 60 мың тонна/ текше метрден артық су бұрқақтары атылып жатыр. Суды көп пайдаланатын жылқыға не сиырға шақсақ, 60 мың тонна су 1 млн жылқы не сиыр ұстауға жетеді екен. Осыншама мал Жылыой ауданында жоқ, тіпті облыста да табылмайды. Ал әзірге өзағар ұңғымалардан аққан су малдан артылып, айналасын көлге айналдырып жатыр. Бұл – судың тиімсіз пайдалануының бұлтартпас дәлелі, – дейді Едіге Сабуров. Жуырда ғана парламенттік тыңдау барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алдағы бес жылда өңірде су тапшылығы 40 пайызға артуы мүмкін деп мәлімдеді. Сайып келгенде жерасты су қорын сақтау үшін өзағар ұңғымаларды кранды режимге ауыстыру уақыт күттірмейді. Оған шаруа қожалықтарының жағдайы келмейтінін ескере отырып, аталған жұмыс Үкімет есебінен атқарылып, ұңғыма шаруа кожалығының жауапкершілігіне тапсырылуы керек. Артық өзағар ұңғымаларды уақытша тығындау қажет. Сонда ғана заң аясында суға байланысты талаптар орындалып, табиғатқа көрсетіліп отырған қиянат тоқтайды. Жергілікті халықты сумен қамтамасыз етуге де мүмкіндік болады.
Атырау облысы