Өткен жылдың 4 ақпанында Нұр-Сұлтандағы шағын үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы қаза болған еді. Жантүршігерлік өрттің болғанына да бір жыл өтіпті. Сай-сүйегімізді сырқыратып, жүрегімізді ауыртқан бес қыздың өлімі өзгелерге сабақ болмаған секілді. Жыл сайын төтенше жағдайлар қызметі мамандары улы газға қарсы қондырғыларды орнату қажет екенін айтқанымен, ыс тиіп улану оқиғасы басылар емес. «Бір отбасы уланып қалыпты, үш балаға ыс тиген, екі бала өртеніп кетті» дейтін ақпараттан көз аша алмай қалдық. Неге? Еліміздегі өрт сөндірушілер әр үйдін есігін қағып, пеш жағу, көгілдір отынмен үйді ысытудың жолдарын түсіндіріп әлек. Дегенмен ыстан улану немесе үй өртену салдарынан адамдардың қаза болуы әлі де жалғасып жатыр. Табиғи емес техногендік апаттардың алдын алу шаралары жасалып жатқанымен, адамдардың немқұрайдылығы кесірінен әр жерден өрт шықты немесе ысқа уланды деген хабарлар толастар емес. Дәл сол бес бала қайтыс болған өрттен кейін екіқабатты жатақханада өрт шығып, 11 адам құтқарылған болатын. Олардың ішінде бір отбасының иіс тиіп уланған 2006, 2009, 2012 және 2013 жылғы төрт баласы ауруханаға жеткізілген. Абырой болғанда, балалар аман қалды. Сол қыс елді біраз әбігерге салған болатын. 11 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауданында түтін шығар мұржаның тазаланбауы салдарынан төрт апалы-сіңлілі қыздарға ыс тиіп улануына әкеліп соққан еді. Иә, ыстан улану әр аймақта орын алуда. Қысы жылы деген Түркістан облысында қаңтардың басынан бері газдан уланып 7 адам қайтыс болған. Өткен жылы аймақта 23 адам иіс тиіп көз жұмған. Мамандар қайғылы оқиғаға қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы себеп болатынын айтады.
Төтенше дабыл қағады
Өткен жылдың 6 қарашасында Павлодар ауданы Набережное ауылының 1959 жылғы тұрғыны ауруханаға жеткізілген. Ауыр дәрежеде ыстан уланған ер адам жансақтау бөліміне түскен. Сондай-ақ 5 қараша күні Сарықамыс ауылында тұратын 1979 жылғы әйел адам, 2014 және 2016 жылғы екі ұл бала жеткізілген. Дәл сол күні Ақсу қаласында тұратын 1963 жылғы ер адам дәрігер көмегіне жүгінген. Үш жағдайда да улану фактілеріне пештен ақау шығуы себеп болған. Облыс аумағында жылу беру кезеңі 2019 жылдың басынан өңірде 15 адам ыстан уланған. Оның ішінде 4 адам оқиға орнында қайтыс болған. Ақмола облысында соңғы бір апта ішінде тұрғын үй секторындағы өрт салдарынан үш адам қаза тапты. Ауыр жағдай Есіл, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласында тіркелді. Көміртек тотығымен уланудан, жылыту пешін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан екі адам Шортанды ауруханасына жатқызылды. Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының да ұйқысыз күндері жалғасуда. Олар әр үйге арнайы дабылдатқыш орнатып берген болатын. Осы құрылғының көмегімен 7 баласы бар көпбалалы отбасы улы газбен уланудан аман қалды. Ең кішісінің жасы 2 айға да толмаған шарана екен. Оқиға Бородулиха ауданындағы Петропавловка ауылында болған. Ал Қарағанды облысында қыс басталғалы улы газбен уланудың 2 жағдайы тіркелген. Оның біреуінде қайғылы жағдай тіркелген. Айта кетсек, 30 қаңтарда Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылында пештегі жарық пен мұржаның тазартылмауына байланысты екі адам улы газымен уланғаны белгілі болды. 1978 жылғы ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түссе, 1982 жылы туған әйел оқиға орнында қайтыс болған. Екінші жағдай 31 қаңтарда Қарқаралы ауданының Қарағайлы ауылында орын алған, пештегі ақау салдарынан 1999 жылы туылған ер адам газдан уланып, ауыр халде ауруханаға жатқызылды.Бұл салғырттық па, әлде...
Дәл осындай ыспен улану оқиғасы биыл да тыншыған жоқ. Павлодар облысы Май ауданында бір отбасы мүшелері ыстан уланып қалған. Екі егде әйел орталық ауруханаға жеткізген. Қалған төртеуі – жасөспірім бала. Төртеуінің де жағдайы жақсы. Осыған ұқсас оқиғалар Шарбақты ауданында да болған екен. Бір жақсысы, оларды дер кезінде сыртқа алып шыққан екен. Ыс тимеу үшін ең алдымен пеш дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, адамдар ұсақ дүние деп қарайтын пештегі кішкентай жарық, пештің түтіндігі дұрыс тартпауы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Сондай-ақ үйді жақсы желдетіп отырған да жақсы. Көпқабатты тұрғын үйлерде газдан улану, әсіресе күз және қыс айларының алғашқы күндері көбірек болады екен. Орталық жылу жүйесіне қосыла қоймаған соң, адамдар үйде газ плиталарын қосып қояды. Желдеткіштің дұрыс жұмыс істемеуінен, газ плитадан да қауіп бар. Құтқарушылар улы газдың өте қауіпті екенін жиі айтады. Өйткені оның иісі және түсі болмайды. Ол бөлмеде тез таралып, қабырғаға немесе үйдегі заттарға қонбайды, іс жүзінде сумен де баса алмайсың. Газбен немесе көмірмен улану көбіне түнгі уақытта болады. Ұйықтап жатқан адамға пеші бықсыған бөлмеде бірнеше минут болса, жеткілікті. Өйткені сол уақыт адам өмірін жалмауға жетіп жатыр. 3 ақпанда Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылында жеке үйден шыққан өрттен екі бала қаза тапты. Өрт сөндіру қызметіне «үй өртеніп жатыр» деген хабарлама келіп, өрт бір сағатта сөндіріледі. Деректерге сүйенсек, үйден көршілері 2016 және 2017 жылы туған екі баланы алып шыққан. Екеуі ауруханаға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Осы айтылған деректерге қарап халықтың өз өміріне салғырт қарайтынына көз жеткізесің. Төтенше жағдай комитеті жылыту маусымына тұрғындар дұрыс дайындалмайды деп жиі дабыл қағады. «Сақтансаң ғана сақтайды». Мұржа тазалау, пеш ақауын жөндеу – әр адамның өз қолындағы шаруа. Оны неге ұмытамыз?P.S.
Салғырттық танытатын уақыт емес. Қоғам бейжайлықты көтермейді. «Тілсіз жаудан» құрбан болғандардың тағдырын ұмытпаған ләзім. Тек мұндай қасірет қайталанбасын дейік...
Ж.НҰРЛАНҰЛЫ