Aiqyn газетінің №16 санында (04.02.2020 ж) жарық көрген «Зауыт бар, шикізат жоқ» атты мақалада (авторы – Жамбыл облысындағы меншікті тілші Саят Сатылған) Жамбыл өңіріндегі зауыттарға шикізат жетіспейтіні туралы мәселе көтерілген болатын. Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Р. Аманғазиевадан мақалада айтылған мәселеге қатысты жауап келді. Жауапхаттың мәтінін жариялауды жөн көрдік.
«Каз Ир Агро» ЖШС 2012 жылдан бастап мақсары майын шығара бастады. 2018 жылы зауыт жұмысын кеңейту мақсатында жаңа жабдықтар сатып алып, қуатын күніне 6 тонна өнім шығаруға жеткізді.
Зауыт әкімшілігі өздері мақсары дақылын өндіру мақсатында аудан әкімінен жер сұрады. Аудан әкімдігі инвесторды қолдау мақсатында аудан аумағынан барлығы 5102,61 гектар жер телімін бекітіп берді. Зауыт әкімшілігінің сұранысы бойынша 2019 жылдың 29 шілдесінде өзінің еншілес Agro Food Kz ЖШС-іне уақытша аударып берді. Бұл ЖШС мақсары өндіруге қажетті техникалармен – тракторлар, дән сепкіштер, комбайндармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Осындай қуаты бола тұра 2019 жылы берілген жердің 1200 гектарына ғана мақсары дәнін септі. Яғни, берілген жердің 23,5 пайызына ғана мақсары егілді.
2017 жылы «Каз Ир Агро» ЖШС 1450 гектар жерге мақсары егіп, әр гектарынан 9,6 центнерден өнім алып, 1 392 тонна өнім жиналды, мақсары сеуіп жүрген басқа шаруашылықтар гектарына 2-3 центнерден өнім жинағандықтан, аудан бойынша 6,9 центнер өнім алынды. «Каз Ир Агро» ЖШС 1 392 тонна дән жинады, оған аудан шаруашылықтары 168 тонна өткізді. Барлығы 1 560 тоннаны «Каз Ир Агро» ЖШС өңдеді.
2018 жылы «Каз Ир Агро» ЖШС барлығы 2523 гектар жерге мақсары екті. Оның 639 гектары ауа райының қолайсыздығынан есептен шығарылды. Қалған 1884 гектардан 7,9 центнерден өнім алып 1 375 тонна дән жинады. Оған аудан шаруашылықтары 186 тонна дән өткізді. Барлығы 1 561 тонна өндеуге жіберілді.
2019 жылы «Каз Ир Агро» ЖШС 1 200 гектар мақсары дақылын өсіріп, одан 378,4 тонна мақсары өнімін алды. Әр гектарға шаққанда, өнім 3,15 центнерден айналған. 600 гектар арпадан әр гектарына 20 центнерден өнім жинап, 1200 тонна арпа алған. Қазіргі нарық заманында шаруашылықтардың мақсары дақылын егуге шамасы жетпеуіне төмендегі факторлар әсер етіп отыр:
Шаруашылықтар мақсары дақылын өсіруге гектарына 34 000 теңге жұмсайды. Әр гектардан 2,5-4 центнерден өнім алады. Зауыт мақсарының әр келісін 80 теңгеден қабылдайды. 400 кг+80 теңге=32 000 тг. 1 гектардан түскен түсім 32 000 теңгені құрайды. Яғни, мақсарының әр гектарынан 2 000 теңге зиян келіп отыр. Оның үстіне, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау арқылы өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң шығымдылығы мен сапасын арттыруды, жанар-жағармай материалдарының және көктемгi егiс пен егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшін қажеттi басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын субсидиялау» туралы №297 (01.07.2018 ж) бұйрығына сәйкес майлы дақылдарды субсидиялау тоқтатылды. Майлы дақылдар субсидияланған кезде ауыл шаруашылығы құрылымдарының шығыны өтелетін еді, ал қазіргі таңда шаруашылықтар шығынға батып жатыр. Сондықтан нарық заңдылығына сәйкес шаруашылықтар пайда әкелмейтін дақылды егуге құлықты емес. Бұл мәселені «Каз Ир Агро» ЖШС-інің негізінде мақсары дақылының аудандастырылған және жоғары сапалы тұқымын өндіру мақсатында тұқым шаруашылығын ашып, аудандағы мақсары егетін шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп, шаруашылықтың осы дақылдан алатын өнімін 8-10 центнерге жеткізу арқылы шешуге болады деп ойлаймыз.