Мемлекеттік сатып алу «сауын сиыр» емес
Мемлекеттік сатып алу «сауын сиыр» емес
303
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет анықтаған қыл­мыс­тың әрбір алтыншы фактісі мем­лекеттік сатып алу сала­сын­да екен. Шығын көлемі мил­­лиардтаған теңгеге жетіп отыр. Ел экономикасы мен әлеуметі­нің дамуына, халықтың тұрмыстық ахуа­лының жақсаруына жол бер­мейтін сыбайлас жемқорлықпен күресте әзірге жеңіске жету ар­ман секілді. Өзінің қызметтік мәрте­бесі мен өкілеттіктерін жеке, топ­тық және өзге де бейқызметтік мүд­де­­лер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс тауып отырған індетті бол­дыр­маудың сан түрлі қадамдары ойластырылса да, шығын көлемі жыл сайын артып отыр. Сыбайлас жемқорлық көрі­ніс­теріне ықпал ететін негізгі фак­тор­дың қатарында бағаны жүйелі түрде көтеру, тапсырыс беруші бюд­же­­тінің жасанды түрде өсуі және қара­жаттың тиімсіз жұмсалуы бар. Нақты жеткізушілердің мүд­­­делерін қолдау, техникалық ерекшеліктерді ыңғайландыру, жалған актілерге қол қою – осы салада көбіне қолда­ны­латын қыл­мыстық әрекет екені айтпаса да түсінікті.
Атырау облысына келсек, мем­­ле­кеттік сатып алудың жай-күйі­не мониторинг жүргізу бары­сын­­да бағаны көтерудің 43 736 дерегі анықталған. Ең жоғары баға мемлекеттік сатып алуда бел­гі­­­ленген. Бұл тізімнің басында  құ­ры­лыс басқармасы «мен мұн­да­лап» тұр. Бұл салада 3 038 де­рек анықталған. Одан кейінгі орын­дарда  білім басқармасы, ден­сау­лық сақтау басқармасы мен  мер­дігерлік ұйымдары, ішкі саясат басқармасы, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, по­ли­­ция департаменті, төтенше жағ­дайлар департаменті, Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Атырау халықаралық әуежайы, «Қазпошта» АҚ Атырау ОФ», «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Аты­рау өндірістік филиалы мен өзге де құрылымдар бар.
Атырау облысы сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы күрес департа­мен­ті­нің баспасөз қызметінің мәлі­ме­тіне назар аударсақ, төтенше жағ­­дай­лар департаменті жалпы со­ма­сы 17 560 000 теңгеге 6 дана ава­риялық-құтқару кескішін сатып алу үшін лоттар жариялады. Кескіштің нарықтық сомасы   422 000 теңгеден 2 900 000 теңгеге дейін өзгереді, бұл ретте 2 063 732 теңге орташа баға болып табылады. Осылайша, артық сома – 5 177 608 теңге. Ал Аты­рау халықаралық әуежайы жал­­пы сомасы 3 000 000 теңгеге Арка металл іздегішін сатып алуға кон­курс жариялады. Жеткізуші – High Technology Sysytems ЖШС. Тех­­­никалық мамандандыруда көр­­се­тілген металл іздегіштің қалып­ты бағасының жоғары шегі – 2 233 606 теңге. Осылайша, бағасы 766 394 теңгеге қымбаттағаны анық­тал­ды. Бұл көп деректің бірі ғана. Баға­ның көтерілуін анықтау де­ре­к­тері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бөлінген бюджет қа­ра­жатын тиімсіз пайдаланғанын біл­діреді. Өңірдегі сыбайлас жемқор­лық­т­ың алдын алу, болдырмаудың жолын ұсынған аталмыш сала де­партаменті басшылығы алдағы уақытта да мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік секторды са­тып алу саласындағы сыбайлас жем­қорлықтың себептері мен жағ­­дайларын анықтау жөнін­дегі жұ­мыс жүйелі негізде жалға­са­ты­нын айтты.   Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы