Елордада сауда орталықтары мен әуежайларға "бомба" қойған тұрғынға үкім шықты
Елордада сауда орталықтары мен әуежайларға "бомба" қойған тұрғынға үкім шықты
357
оқылды
Елордада әуежай мен басқа да мекемелерге «бомба қойған» тұрғын 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.  Астана тұрғыны көршісінен кек алу үшін оның атынан әуежайларға «бомба қойып» шыққанын мойындаған. Т-ның көршісі үнемі тыныштықты бұзатын болған, осыған байланысты ол қаңтарда көршісінен кек алуды ойластырған.
Ол жаңа ұялы телефон сатып алып, оны көршісінің атына тіркеген және электронды пошта ашқан. 31 наурызда «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына», «Алматы қаласының халықаралық әуежайына», «Lexus Astana», «Мусаг» автосалондарына, «Хан Шатыр», «Abu Dhabi Plaza», «Mega Silk Way», «Mega Park» сауда ойын-сауық орталықтарына, «Ренко» мекемесіне, «Меga Alma-Ata» ойын-сауық орталығына «Сіздердің ғимаратқа бомба қойылған» деген хат жіберген.
Т. жауапкершілікті көршісіне жүктеу үшін ол келетін уақытта ұялы телефонды оның пәтерінің қасындағы баспалдаққа қалдырып кеткен. Телефонды көршісінің кәмелетке толмаған қызы тауып алып әкесіне берген. Ол оны пәтерінде сақтаған. Т-ның заңсыз әрекеттері азаматтардың тыныштығын бұзуға, объектілерді эвакуациялауға, сондай-ақ ұшақтардың кешігуіне әкеліп соқты. Оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеті үшін өкінді.