Түркістан – түркі жұртының талай ғасырлық тарихын, рухани мұрасы мен мәдени жадын тоғыстырған ұғым. Оның аясын бүгінгі қала немесе облыс шеңберімен өлшеу жеткіліксіз. Республика күні қарсаңында Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылған «Түркістан» екі томдық энциклопедиясы осы кеңістікті тұтас қарастырып, ортақ өркениеттің өткені мен мұрасын бір арнаға жинақтауды мақсат еткен.
Түркі дүниесінің шежіресі
123
оқылды

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен өткен дөңгелек үстелге ғалым­дар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бауырлас елдердің дипломаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында жаңа басы­лымның ғылыми тұжырымдамасы, әзірлену тарихы мен мазмұндық ерекшеліктері таныс­тырылды.

Энциклопедияны дайындауға 300-ден астам ғалым мен зерттеуші атсалысқан. 2021-2025 жылдарды қамтыған жұмыс барысында 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерде­леніп, бұрын энциклопедиялық айналымға енбеген тұлғалар, оқиғалар мен жер-су атау­лары туралы мақалалар әзірленген. Жалпы көлемі 880 бетті құрайтын екі томдықтың бас редакторы әрі жоба жетекшісі – тарих ғы­лым­дарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редакторы – әдебиет­тану­шы, филология ғылымдарының кан­дидаты, мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбай.

Басылымда Түркістан мен тұтас түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты мәліметтер жүйеленген. Ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет пен фоль­клор, тарихи тұлғалар мен рухани мұра тура­лы мақалалар әліпбилік тәртіппен берілген. Тарихи-географиялық карталар, тұлғалардың портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар мен ескерткіштердің фотосуреттері еңбектің мазмұнын толықтыра түскен. Бұған дейін Түркістанның екі мың жылдығына орай бір томдық «Түркістан» энциклопедиясы жарық көрген еді. Содан бері өңірде де, тұтас түркі әлемінде де елеулі өзгерістер болды. Сондықтан жоба авторлары жаңа басылымға Түркістанның түркі жұртының рухани орта­лығы­на айналу жолын, кейінгі жылдардағы ауқымды өзгерістер мен ғылыми жаңалық­тарды енгізуге күш салған.

Тұсаукесерде сөз алған Дархан Қыдырәлі жобаның бастауында Мемлекет басшысының түркі өркениетін жаңғырту жөніндегі бастама­сы тұрғанын айтты. Айтуынша, энцикло­педия­ның негізгі ұстанымы – Түркістанды туыс халықтардың тарихи тұтастығын таны­татын кеңістік ретінде қарастыру. Сондықтан басылымда оның географиялық ауқымымен қатар мәдени, рухани және саяси мәніне де назар аударылған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің 2021 жылғы 31 нау­рызда өткен саммитінде: «Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын», – деп атап айтқан еді. Бұл сөз бізге бағдар болды. Түркістан «түркі­лер елі», «түркілер мекені» деген мағынаны білдіреді. Ол – туыс халықтардың тұтастығын айқындайтын географиялық, мәдени, рухани және саяси кеңістік, өркениеттік матрица. Махмұд Қашғари мың жыл бұрынғы карта­сында Баласағұн мен Түркістан аймағын әлемнің ортасы ретінде көрсеткен. Фазлуллах ибн Рузбихан «Мехман нама-и Бухара» еңбегінде ғұлама ғалымдардың дүниені бір денеге, Түркістанды оның басына балағанын жазады. Ал Әлішер Науаи Иасыдағы Әзірет Сұлтанды «Түркістан халқының құбыласы» деп сипаттайды. Осы жайтты терең түсінген Мағжанның Түркістанды «Екі дүние есігі», «ер түріктің бесігі» деп жырлаған өлеңін Түркістанның өлеңмен өрілген энцикло­педия­сы деп бағалауға болады, – деді ғалым.

Энциклопедияда Түркістан өңірімен бірге Орталық Азия, жалпы түркі әлемі, оның терең тарихы, өркениеті мен мәдениеті кеңінен қамтылған. Археологиялық, сәулет мұралары, әдеби, фольклорлық және этнографиялық тақырыптар жүйеленіп, терминдер мен ғы­лыми-танымдық ұғымдар бір ізге түсірілді. 

Жиында сөз сөйлеген Әзербайжандағы «Түркістан» газетінің бас редакторы Агил Джамал да басылымның бауырлас халықтарға ортақ маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ғылыми және мәдени байланыстарды нығай­татын осындай еңбектер түркі жұртының бі­рін-бірі тереңірек тануына мүмкіндік береді.

– Бүгін Қазақстанның астанасында «Түркістан» энциклопедиясының таныс­тырылымы­на қатысу мен үшін ерекше маңыз­ға ие. Бұл энциклопедия – түркі әлемі­нің ардақты зиялысы, академик Дархан Қыдырәлінің көп жылғы еңбегінің жемісі. Дархан ағаның Халықаралық түркі академия­сы­ның президенті қызметін атқарған кезеңдегі еңбегі бүгінде Әзербайжанда, Түр­кияда және бүкіл түркі әлемінде зор ықылас­пен әрі құрметпен еске алынады. Қа­зақ­стан мен Әзербайжан арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастар президент­теріміздің берік саяси ерік-жігері­нің арқа­сында нығайып келеді. Екі ел де түркі әлемі­нің ықпалдастығы мен бірлігіне елеулі үлес қосып отыр. Бүгін таныстырылған энци­кло­педия да осындай қолдау мен қамқорлық­тың нәтижесі деп білемін. Құнды тарихи еңбекті әзірлеуге атсалысқан барша азаматқа алғы­сым­ды білдіремін. «Түркістан» энцикло­педиясы жақын арада әзербайжан тіліне және өзге де түркі елдерінің тілдеріне аударылса деген тілегім бар, – деді Агил Джамал.

Тұсаукесерде  Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан энциклопедияны әзірлеуге атса­лысқан Тұрдықұл Шаңбай мен Жандос Бәде­л­ұлына «Барыс» арнайы белгісін және алғыс­хат табыстады. Көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткері Әділ Ахметов, Құрылтай депутаты Диқан Қамзабекұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері жаңа еңбек туралы пікір білдірді.

Жиын барысында қос томдықтың лен­тасы салтанатты түрде қиылды. Түркі мәде­ниеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Әділ Ахметов пен Дар­хан Қыдырәліні «Түркі мәдениеті мен мұра­сының амбассадоры» атағымен марапаттады.

Сымбат БЕГІМБАЙ