Блогерге күні қараған шенеунік
Блогерге күні қараған шенеунік
488
оқылды
Осындай пікірталас кезеңінде Қызылорда облысы әкімінің ап­па­рат басшысы Ғалым Әміреев әлеу­меттік желіге «газет пен телеар­на­лардың жойылуына сәл-ақ қал­­ған» деп сұхбат беріп, Сыр жур­­на­лис­те­рінің ашу-ызасын туғыз­ған еді. Соған орай, бір топ жур­налист шенеунікті дөңгелек үстелге ша­қыр­ды. Бұл кездесуде де Ғалым Әміреев өз дегенінен қайт­па­ды. «Бүгінде ешкім газет те, кі­тап та оқымайды. Теледидар көр­мейді. Әлеуметтік желінің белсен­ді­лері жарап тұр», – деді ол. Осы дауды естіген көзі ашық, көкірегі ояу, қолына қалам ұстаған азаматтардың басы қосылды. Бірақ облыс әкімінің аппарат бас­шысы бұл сөзінен танбады. Сон­да қалай, жұрттың бәрі әлу­меттік же­ліге байланып қалға­ны ма? Бі­рақ халықтың жағдайын шенеу­нік­тен гөрі облыстағы 264 елді мекенді тоздырып жүрген тілшілер жақсы біледі емес пе? Жасыратын несі бар?! Интернет бүкіл елді қам­ты­маған. Жастардың бәрі бірдей смарт­фонның тұтқынына айнал­ған жоқ. Олардың арасында да көзі ашық, қолынан кітап түспейтіні де бар. Мысалы, Қызылорда облы­сын­да «Кітап құрттары» деген қо­ғам бар. Құрамы толған жастар. Бәрі кітап оқиды. Болашақ – жас­тардың қолында.
«Журналистердің мобильді ақпарат таратуға қауқары жоқ» деген Ғалым Әміреев қандай басы­лым екенін, журналистердің атын атап, түсін түстеп неге айтпады? Оның бір ғана себебі бар. Ол өзін желі белсенділері арқылы көрсет­кі­сі келді. Оны өзі жасырмады да. Алай­да журналистің желі бел­сен­дісі болғанын қаласа, қарсылық жоқ. Редакцияға келіп түскен ша­ғым­дарды жарияласақ, әлеу­меттік желінің беті не болатынын ойлау­дың өзі қорқынышты. «Жегені жан­тақ» журналистер ешкімге қол жайып, жазғанын бұлдаған емес. Бұл әңгіменің ақиқатын айтпаса да түсінікті. Журналистің міндеті – шынайы ақпаратты жалған ақ­па­рат­тан ажыратып, фактінің шы­на­йы­лығын тексеріп, оны оқыр­манға еш бұрмалаусыз жет­кізу. Сол үшін тілшілер ақпараттың түпкі көзін тауып, оның растығын білуде бірнеше дереккөзден іздеп, анық­тайды. Дәйексіз ақпараттың жа­рия­­лануы тілшінің кәсіби білік­ті­лігінің төмендігін көр­се­теді. Сон­дықтан да оларға әрбір мате­риал жазуда қырағылық ке­рек.
Осы күні қолына смартфон ұста­ған әрбір жан әлеуметтік желі­де ақпаратты қолдан ұйымдас­ты­рып, қоғамдық пікір туғыза алады. Сондықтан да қазір жарты жолдан естіген ақпараттар өтімді болып тұр. Сол алыпқашпа мәтіндегі мес­с­енджер тұтас аудиторияны жаулап отыр. Бұл – жауапсыздық. Себебі ақпаратқа деген жауапкер­ші­ліктің жоқтығынан жалған ақпарат та­ра­тушылар азаяр емес. Сол себепті де олар заң аясында жауап­кер­шілікке тартылуы тиіс. Әрине, мұндай тосқауыл қою ең әуелі заңмен реттеледі. Деген­мен әрбір оқырман, әрбір азамат медиа­кеңістікте орны қалыптасқан БАҚ-тың мәліметіне, дерекке негізделген ақпаратқа ғана сенуі керек. Ол нәрсе, енді оқырман­ның талғамына келіп тіреледі. Одан бұрын контенттің сауат­ты­лығын күшейткен дұрыс.    width= Миуа БАЙНАЗАР

Қызылорда облысы