Осындай пікірталас кезеңінде Қызылорда облысы әкімінің аппарат басшысы Ғалым Әміреев әлеуметтік желіге «газет пен телеарналардың жойылуына сәл-ақ қалған» деп сұхбат беріп, Сыр журналистерінің ашу-ызасын туғызған еді. Соған орай, бір топ журналист шенеунікті дөңгелек үстелге шақырды. Бұл кездесуде де Ғалым Әміреев өз дегенінен қайтпады. «Бүгінде ешкім газет те, кітап та оқымайды. Теледидар көрмейді. Әлеуметтік желінің белсенділері жарап тұр», – деді ол. Осы дауды естіген көзі ашық, көкірегі ояу, қолына қалам ұстаған азаматтардың басы қосылды. Бірақ облыс әкімінің аппарат басшысы бұл сөзінен танбады. Сонда қалай, жұрттың бәрі әлуметтік желіге байланып қалғаны ма? Бірақ халықтың жағдайын шенеуніктен гөрі облыстағы 264 елді мекенді тоздырып жүрген тілшілер жақсы біледі емес пе? Жасыратын несі бар?! Интернет бүкіл елді қамтымаған. Жастардың бәрі бірдей смартфонның тұтқынына айналған жоқ. Олардың арасында да көзі ашық, қолынан кітап түспейтіні де бар. Мысалы, Қызылорда облысында «Кітап құрттары» деген қоғам бар. Құрамы толған жастар. Бәрі кітап оқиды. Болашақ – жастардың қолында.
«Журналистердің мобильді ақпарат таратуға қауқары жоқ» деген Ғалым Әміреев қандай басылым екенін, журналистердің атын атап, түсін түстеп неге айтпады? Оның бір ғана себебі бар. Ол өзін желі белсенділері арқылы көрсеткісі келді. Оны өзі жасырмады да. Алайда журналистің желі белсендісі болғанын қаласа, қарсылық жоқ. Редакцияға келіп түскен шағымдарды жарияласақ, әлеуметтік желінің беті не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. «Жегені жантақ» журналистер ешкімге қол жайып, жазғанын бұлдаған емес. Бұл әңгіменің ақиқатын айтпаса да түсінікті. Журналистің міндеті – шынайы ақпаратты жалған ақпараттан ажыратып, фактінің шынайылығын тексеріп, оны оқырманға еш бұрмалаусыз жеткізу. Сол үшін тілшілер ақпараттың түпкі көзін тауып, оның растығын білуде бірнеше дереккөзден іздеп, анықтайды. Дәйексіз ақпараттың жариялануы тілшінің кәсіби біліктілігінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан да оларға әрбір материал жазуда қырағылық керек.Осы күні қолына смартфон ұстаған әрбір жан әлеуметтік желіде ақпаратты қолдан ұйымдастырып, қоғамдық пікір туғыза алады. Сондықтан да қазір жарты жолдан естіген ақпараттар өтімді болып тұр. Сол алыпқашпа мәтіндегі мессенджер тұтас аудиторияны жаулап отыр. Бұл – жауапсыздық. Себебі ақпаратқа деген жауапкершіліктің жоқтығынан жалған ақпарат таратушылар азаяр емес. Сол себепті де олар заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Әрине, мұндай тосқауыл қою ең әуелі заңмен реттеледі. Дегенмен әрбір оқырман, әрбір азамат медиакеңістікте орны қалыптасқан БАҚ-тың мәліметіне, дерекке негізделген ақпаратқа ғана сенуі керек. Ол нәрсе, енді оқырманның талғамына келіп тіреледі. Одан бұрын контенттің сауаттылығын күшейткен дұрыс.
Қызылорда облысы