Әл-Фараби – әлем философиясының жарық жұлдызы
Әл-Фараби – әлем философиясының жарық жұлдызы
875
оқылды
Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығына арналған мерейтойдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлы ғұламаның атын иемденген дүниежүзіндегі жалғыз жоғары оқу орны Қазақ ұлттық университетінің Сту­дент­тер са­райында өткен шараға асқан жауапкершілікпен дайындық жүргізілгені аңғарылып тұрды. Салтанатты ашылу рәсіміне БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да ха­лықаралық ұйымдардың, Қа­зақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық фара­битанушы ғалымдар қатысты. 50-ден астам мемлекеттен келген құрметті қонақтар әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы бабамызға құрметі зор екенін білдірді. Мерекелік жиынға қаты­су­шылар алдымен әл-Фараби ес­керткішіне гүл шоқтарын қойып, әл-Фараби орталығы-кі­тап­ха­насының ашылуына қатысты. Олар ғұлама ойшылға арналған мұражай экспозицияларымен танысып, оның еңбектері мен ол туралы жазылған отандық және шетелдік басылымдар көрмесін, Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентіне, Абай және Алаш қоз­ғалысының қайраткерлеріне арналған залдарды, Сирек және құнды кітаптар қоры мен цифрлы оқу залын көрді.
Салтанатты жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, бүкіләлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адамзаттың рухани да­муына теңдессіз үлес қос­ты. Сон­дықтан бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атап өтілетін күнтізбелер аясында халықа­ралық ауқымда аталып өтеді. Әл-Фа­ра­бидің 1 150 жылдығын мереке­леу­дің басты мақсаты – ғалым мұ­расын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау. Әл-Фа­ра­бидің ғылыми мұрасы бүкілә­лемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактат­та көрініс тапқан шы­ғарма­шы­лы­ғы ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті», – деді.
Расында да, бала күнінен ғы­лымға құмар болған ғұлама алғашында Бұқара мен Са­мар­қанда, одан кейін Хамадан, Бағ­дат, Шам, Каир, Дамаск, Алек­сан­дрия, Мәдина, Мекке қала­ларында болып, білімін үнемі жетілдіріп отырған. Ол бар өмірін ғылым мен білімге арнаған. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда 70-ке жуық тілді меңгерген. «Ке­меңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Ба­қыт­қа жету», «Азаматтық саясат», «Мем­лекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды көптеген фило­со­фиялық еңбек жазды. Бұл еңбек­терде дүние, қоғам, мем­ле­кет, адам­дардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды. «Арада он бір ғасыр өтсе де, әл-Фараби ілімінің дәл қазіргі алмағайып заманда өте өзекті әрі қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Жер бетінде кемел әрі мінсіз қоғам орнатуды Платоннан бас­тап небір ойшылдар армандады және оның жолдарын іздеді. Со­лардың ізін жалғастырған Әбу Насыр әл-Фарабидің айтуынша, адамзат келеңсіздіктерді бол­дыр­маудың жалғыз жолы ол – қа­йырымдылық, қайырымды қо­ғам құру», – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Әлем мойындаған ұлы ғұла­маның қазақ топырағында, орта ғасырдағы ғылым мен мәдениет­тің ордасына айналған Фараб қаласында туып, Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітап­ханадан алғаш рет білім нәрімен сусындауы біз үшін үлкен мақ­таныш. Әйтсе де, 70 тілді меңге­ріп, жер шарының түкпір-түк­пі­рінен ілім іздеген ғұламаны өзге­лердің де өзіне етене жақын тар­туы заңдылық. Әл-Фараби өз ғұ­мырында 200-ге жуық шығарма жазған. Соның 100-ге жуығы ғана бізге жеткен. Қазір оның филосо­фиялық шығармалары кеңінен зерттеліп жатыр. Салтанатты шара барысында ұлы ойшылдың шет тілдердегі туындыларын ту­ған жеріне қайтару, бұл жобаны іске асыруда жастарды кеңінен тарту туралы айтылды. Алдағы уақытта интерактивті карта жа­салып, обсерватория ішінен әл-Фараби бұрышын ашу да көзделіп отыр.   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ