Бүгінде кәсіптің қай түрін игеремін десең де жол ашық. Ең бастысы, тың идея мен бизнес жоспар керек. Ал кәсібің өзгелерден өзгерек болса, онда табыстың тайқазанын қайнаттым дей бер. Жамбыл облысы Талас ауданы Тамды ауылының тумасы Еркеғали Жусанбаев – сондай азаматтың бірі. Бүгінде ол шылаушын өсіріп, тірліктің тың түрін түлетіп отыр. Топырақты құнарландыруда таптырмайтын құрт саналатын шылаушын өсіруді Еркеғали былтыр қолға алған. Ол құртқа жапырақ, тал сабағы және төрт түліктен бөлінген органикалық заттарды тастау арқылы биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығарады.
– Оңтүстік облыста шаруалар тыңайтқышты кәсіпкермен келісіп, арнайы тапсырыспен алдырып жатады. Онда сауда қызып тұр. Ал біздің шаруалар тыңайтқыштың қыр-сырын әзірге жіті түсінбей жатыр. Өзім 1 шаршы метр топыраққа құрт өсіруден бастадым. Қазір оның көлемі 30 шаршы метрге жетті. Маған құртты сату емес, ең алдымен басын көбейту маңызды болып тұр, – дейді «Еркебұлан» шаруа қожалығының төрағасы Еркеғали Жусанбаев.Кәсібін үй іргесінен ашқан Еркеғали қазір қолдағы шылаушындарға малдың қиы мен шіріген шөптерді беріп жатыр. Мұндай органикалық тыңайтқыштарды ауыл ішінен табу қиын емес. Алайда шылаушынның калифорниялық түрі жоғары бағаланатындықтан, оның күтімі де сай болуы қажет. Калифорниялық шылаушынның нарықтағы құны 1 шаршы метріне 150 мың теңге тұрады. Түркістан облысында шылаушынның бұл түрінің саудасы қызып тұрса, бізде енді қолға алынып жатыр.
– Шылаушындар үшін топырақтың ылғалы маңызды. Сондықтан оларға үнемі су құйып отырамын. Кейбір бауырымен жорғалаушылар қыста жылы жерді қажет етсе, шылаушындарға ондай күтімнің қажеті жоқ. Сондықтан көп уақытымды кетірмеймін. Өзімнің басқа да жұмыстарымды істей жүріп, құрттарды да көбейте беремін, – дейді Еркеғали.Кәсіптің тың түрін түлеткен азаматтың ауылдастар арасында да абыройы биік. Ол мұқтаж жандарға қол ұшын созып, әрдайым жәрдемдесіп жүреді. Сондай-ақ Еркеғалидың Сарыағаш ауданынан 350 түп алма ағашын ауыл іргесіне әкеліп отырғызғанын көпшілік ерлікке балап отыр. Иә, тәуекелге бел буып, тың кәсіп түрін қолға алған Еркеғалидың тірлігі көпке үлгі. Ісімен танылып қана қоймай, осы кәсіп түрін елге танытуды мақсат тұтқан азаматтың кәсібінің көкжиегі кеңейіп, нәсібін көре берсін деп тілейміз.
Жамбыл облысы