Ұлтты біріктірудің тұғырлы факторы
Ұлтты біріктірудің тұғырлы факторы
710
оқылды
Елдің бірлігі, ынтымағы сақталып, қазақстандықтар бір-бірімен түсініс­тікте, келісімде өмір сүрсе, сыртқы жау­дың тісі батпайды, сыныққа сыл­тау таппайды. Бұл тұрғыда тағдыр то­ғыстырған көпэтносты халқымыз­дың татулығына тұғыр болып келе жат­қан Қазақстан халқы Ассамблея­сының пәрменді қызмет еткені аса маңызды. Біраз сарапшы оның қа­жеттілігіне күмән келтіргені, тіпті одан бас тартуды ұсынғаны құпия емес. Дегенмен ҚХА жабылмайды, қайта оның рөлі күшейтілмек. Өйт­кені Жаңа Қазақстан үшін бірлік – баға жетпес басты байлық. Этностарға 124 топ қазақ тілін үйретеді Ақпарат және қоғамдық даму ми­нис­трлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Оған сәйкес, ҚХА-ға бір­неше басты миссия-міндет жүктеледі: біріншіден, ол қазақстандық патриотизмді нығайтуға жауап береді. Екіншіден, мем­лекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттыруға ықпал етуі тиіс. Үшіншіден, «бірлігіміз – әралуандықта» идеясын ілгерілетеді. Төр­тіншіден, ұлттың ұдайы жаңғыруына сеп­тесуі шарт. Бесіншіден, интермәдениет­тілік саясатының қағидаттары негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бір­лікті нығайту жөніндегі мемлекеттік сая­сатты әзірлеуге қатысады. Егер шындап кіріссе, мұның бәрі ассам­блеяның қолынан келер еді. Өйткені ол мәртебесі Ата Заңымызда белгіленген институт. 1995 жылдан бері оның инфра­құрылымы нығайтылды, бұған қыруар ел қаржысы жұмсалды. Ассамблея азаматтық қоғам институттарына және мемлекеттік билік органдары жүйесіне интегра­цияланды, кірікті. Оның жанында қоғамдық қорлар жұмыс істейді. Ұлттық академиялық кітапханада Ассамблея депозитарийі ашылды. Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша 2009 жылы ассам­блеяның ғылыми-сарапшылық кеңесі құрылды. Еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарының базасында да ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары жұмыс істейді. Бүкіл өңірде ҚХА-ның Қоғамдық келісім, Аналар, Медиация кеңестері құрылды. Ел Президентінің Жарлығымен 2014 жылы ассамблеяның атқарушы органы ретінде «Қоғамдық келісім» республи­калық мемлекеттік мекемесі құрылды. Өңірлік деңгейде облыстар, мегалистер әкімдерінің аппараттары жанынан «Қоғам­дық келісім» коммуналдық мем­лекеттік мекемелері жұмыс істеп жатыр. 2020 жылы «Қоғамдық келісім» РММ Ақ­парат және қоғамдық даму министр­лігінің қарамағына, ал өңірлік деңгейде «Қо­ғам­дық келісім» КММ – жергілікті әкім­дік­тердің ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының қарамағына бе­рілді. Конституцияның кепілі болатын ел Президентінің өзі – ассамблеяның Төр­а­ғасы. Сондықтан этностардың татулығы, олардың мүдделерін іске асыру ең жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Оның жоғары органы – ҚХА сессиясының шешімдерін барлық меморган мен лауазымды адамдар қарауға міндеттелген. Яғни, құзыры зор, мүмкіндігі мол. Тек ірі істерді тындыруға ниет пен ықылас-ықтияр қажет. Мысалы, қызметінің басымдығы ре­тінде ассамблея елімізде тұратын барлық этносқа мемлекеттік тілді үйретуге және дәріптеуге ықпал етеді. Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктер жанында 174 жексенбілік мектеп бар, онда Қазақстан этностарын мемлекеттік тілде оқытатын 124 топ жұмыс істейді. Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамымен бірлесіп, Достық үй­лерінде этномәдени бірлестіктердің өкіл­дері мен қандастар үшін қазақ тілі курс­тары ұйымдастырылған. Курсқа қатысу­шыларға жас шектеуі қойылмайды. Олар бастауыш және жалғастырушы топтарға бөлінеді екен. Ұлтаралық қақтығысқа жол берілмеуі тиіс Қолданбалы этносаяси зерттеулер инс­титуты жүргізген зерттеу қорытындысы қазақстандықтардың 88,3%-ы көпэтнос­тылық идеясын қолдайтынын көрсеткен. Республика халқының 93,7%-ы басқа этнос өкілдеріне оң көзқараста. Азаматтар этносаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қолдайды және қолдау деңгейі 85,9%. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, ассамблея Жаңа Қазақстанды құруға, саяси жүйені реформалауға қатысатын болады. ҚХА Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің ҚХА хатшылы­ғының меңгерушісі Марат Әзілхановтың айтуынша, бұл үшін ассамблея үш басым­дыққа ден қоюда. Біріншіден, саяси реформаларды жүзеге асыруда ҚХА-ның рөлі күшейтіледі.
«Саяси реформалар аясында биліктің заң шығару тармағы қайта құрылуда. Енді ассамблея депутаттары қазіргідей Мәжі­лісте емес, Сенатта өкілдік ететін болады. Президент жариялағандай, ассамблея се­наторлары ұлттық интеграция мен этно­мәдени алуандылық негізінде Қазақстан этностарының мүдделерінің бүкіл кешенін қорғайтын болады. Бұл ретте ҚХА Сенат депутаттығына кандидаттарды іріктеудің тиімді және ашық рәсімдерін әзірлейді. Бұл рәсімдердің барлығы жаңартылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңында көрініс табуы тиіс», – деді М.Әзілханов.
Оның дерегінше, бүгінде елде 40 дос­тық үйі бар. Олар қоғамдық-саяси, мә­дени-ағарту жобаларын жүзеге асыруға бағыт­талған іс-шаралар өткізілетін этно­саралық қарым-қатынас алаңына ай­налды. этнос Мемлекет басшысы атап өткендей, ешбір этносаралық факторды саясилан­ды­руға, бұл тақырып төңірегінде арам пиғыл­дағы, ел бірлігіне іріткі салатын пі­кірталас­тарға жол берілмеуі керек. Осы мақсатта ассамблеяға жан-жақты түсіндіру жұмыста­рын кеңінен жүргізу тапсырмасы жүктелді. Екіншіден, ҚХА-ға ақпараттық жұ­мысты күшейту жүктелген. Яғни, ас­сам­блея­ның әрбір мүшесі Жаңа Қа­зақстан­ның мұраттары мен құндылық­тарының белсенді насихаттаушысы әрі дәріптеушісі болуы тиіс. Ұйымның қо­ғамдық құрылым­дары – Аналар кеңестері, Қоғамдық келісім кеңестері және басқа бірлестіктер аза­мат­тық қоғамды жүйелі түрде қайта жаңғырту мәселесін шешуге атсалысуы керек, Этнос­аралық саладағы түйіткілді мәселелер мен өзекті үрдістерді терең зерделеуге және қо­ғамдық пікір алмасуға ассамблеяның ғылыми-сарап­тамалық әлеуеті толықтай жұмылдырылуы қажет. Үшіншіден, диалог мәдениетін қалып­тастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту – ассамблеяның басты миссиясы болып қала береді. Мемлекет басшысы ҚХА-ға медиация негізінде кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруды жүктеген. Бүгінде этномедиатор-келіссөз жүргізу­шілерді даярлаудың оқу бағдарламасы әзірленді. Жоба пилоттық режимде Жамбыл облысында жүзеге асырылды. Этномедиация бойынша оқыту курста­рына ауылдық округ әкімдері, учаскелік инспекторлар, мектептің тәрбие ісі жөнін­дегі меңгерушілері, қоғамдық медиаторлар қатысты. Алда елде Этномедиация оқу орталығы құрылмақ. Өйткені этносаралық қақтығыс енді Қазақстанда қайталанбауы шарт. ҚХА билік органдарымен бірге соған түрткі болатын факторлардың алдын алуға, қақтығысқан жақтарды бітістіруге ден қоюы міндет. Қазақтың үлесі абсолютті басымдыққа ие ҚХА-ны дамытудың жаңа тұжырым­дамасы жобасында «Қазақстандағы эт­носаралық қатынастарға келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін» заманауи факторлар атал­ған. Бұған елімізде тұратын этностардың тарихи шығу тегі елдеріндегі, соның ішінде Әзербайжан – Армения, Қырғыз Республикасы – Тәжікстан шекараларын­дағы қақтығысты жағдайлар, Ресей – Украина қарым-қатынасының нашарлауы, сондай-ақ жекелеген шетелдік саясаткер­лердің арандатушылық мәлімдемелері жатқызылған.
«Осы мән-жайларды кейбір сыртқы күштер Қазақстандағы этносаралық қа­тынастарды шиеленістіру үшін пайда­лануы мүмкін. Сыртқы факторлар ара­­­­­сында XXI ғасырдың жаңа сын-қатер­лерін – әлемдік экономиканың құбылма­лы­лығын, геосаяси текетірестің өршуін, қа­зіргі заманғы халықаралық қақтығыс­тар­дың туындауына этнодіни фактор ық­­па­лы­ның өсуін, көші-қон легінің және бос­­қын­дар санының өсуін атап өту маңыз­­ды. Осының бәрі Қазақстан халқы­ның бірлігін, ұйымшылдығын және па­трио­тиз­мін одан ары нығайтуды, эт­нос­аралық саладағы мемлекеттік сая­сатты жетілдіруді, ассамблеяның қызметін жан­дандыруды талап етеді», – делінген құжатта.
Ал ішкі факторлар арасында көші-қон, этностардың шоғырлана орналасуы, әр­түрлі өңірдің этнодемографиялық ерек­шелігінің күшеюі, этноәлеуметтік процес­тердің күрделенуі аталды. Тұжырымдамада республикадағы этно­демографиялық жағдай бұрынғыдан күрт өзгергені атап көрсетілген, нақтылай кетсек, қазақтардың үлесі абсолютті ба­сымдыққа ие болды. Құжатта Қазақстанда 100-ден астам этнос тұратыны жазылған. Соған қара­мастан, Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа тұжырымдамасында «елдің этно­әлеуметтік топтарын біртұтас азаматтық ұлтқа интеграциялау» мұраты белгіленіп отыр. Болашақта да, осы шақта да біртұтас ұлт болғанға не жетсін!