Бұрынғы Алматы облысындағы жерге қатысты түсінбестіктер туралы осыдан біраз бұрын мәселе көтеріп, дабыл қаққан едік. Содан бері бізге Алматы облысының Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген аудандарынан, Жетісу облысының Панфилов, Кербұлақ, Қаратал, Ескелді, Алакөл, Ақсу аудандарынан қарапайым шаруалар хабарласуда. Бір кезде қолдың қысқалығынан қалталы азаматтарға жалға берген жерлерін қайтара алмай отырғандарын, орман алқаптары мен тау қойнауларының меншікке өтіп кетуі кесірінен жайылым мен шабындықтан тапшылық көре бастағанын айтып жатыр. Ондай арыз-шағымның біразын Жетісу өңірінен сайланған депутаттардың қолына тапсырып та қойдық. Мүмкін, соның әсері болар, күні кеше Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев Алматы облысындағы ең шұрайлы әрі шырайлы деген 1,5 миллион гектар жердің 30 адамға ғана тиесілі екенін ашық айтып, бұл мәселенің қарапайым халық тарапынан наразылық тудырып отырғанын, тез арада шешімін таппаса, әлеуметтік дүмпуге әкеліп соғуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жасырары жоқ, жайылым мен шабындық жерлердің, егістік алқаптардың алпауыттардың қарамағына өтіп кеткені жайлы әңгімелер жылдар бойы айтылып келеді. Соңғы кездері осындай «қолды болған» жерлер қатарында мемлекеттің қорғауында болуға тиісті ормандардың, қорықтардың белгілі бір аумақтары да бар екені жиі көтеріле бастады. Әсіресе, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Панфилов аудандарындағы осындай келеңсіздіктер ел-жұртты алаңдатады.
Депутат Зәкіржан Кузиев Жетісу жерінде адамдардың шағын ғана тобының мыңдаған гектар шабындықты, ормандарды меншіктеп, ешкім ене алмайтындай етіп, қоршап алғанын, соның кесірінен қазір қарапайым халық малын жайғанды айтпағанда, ауыл іргесіндегі көрікті жерлерге аяқ баса алмай қалғанын ашына баяндады. Дәл осы мәселенің қазір Алматы және Жетісу облыстары үшін тым өзектілігін ашып айтты.
«Қалталы азаматтардың шағын тобы екі облыстағы ең шұрайлы орманды алқаптарды, тау қойнаулары мен шабындықтарды тұтастай бауырларына басып, елден қызғыштай қорып отырғаны жанға батады. Халықтың наразылығы орынды. Өйткені олар үшін ата-бабадан қалған атамекеннің әр пұшпағы қасиетті әрі қымбат.
Біз ел аралағанда халықтың жерге қатысты наразылығы жиі алдан шығады. Мәселен, Кеген, Нарынқол ауылдарында болғанда жұртты алаңдататын басты проблеманың бірі жер екенін барынша сезіндік.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы