Жерді игеруге жүрдім-бардым қарайды
Жерді игеруге жүрдім-бардым қарайды
313
оқылды
Түгін тартса, майы шығатын Жетісу өңіріндегі мыңдаған гектар егістік алқабы игерілмей бос жатыр, дәл осыншама көлемдегі жер тозып, құнарлығынан айырылды. Соңғы 20 жылда Алматы облысындағы егіс алқабының көлемі миллион гектардан асып көрген жоқ. Есесіне иен далаға иелік ететіндер оны пайдалануға ден қоя алмай жүр. Тіпті, меншігіндегі жерін қызғыштай қорығандар оны айналдыра ор қазып қояды. Жер төңірегіндегі  мұндай мәселелер ірілі-ұсақты даудың жиі бой көтеруіне себеп. Мәселеге құқық қорғау органдары ара­ласып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, шаруалардың  мал жайылымдарын  қалпына келтіруге кіріскелі де бірнеше жыл болды.  Алайда жер төңірегіндегі түйткілдің түйіні тарқатыла қоймады. Қазір өңірде жайылымға қа­тыс­ты жағдай  тіпті ушыға түскен. Мәселен жетісулықтардың қо­лын­дағы 672 мың сиыр, 168 мың жылқы және 1 миллион 800 мың  ұсақ малға жайылым тарлық ете бастаған. Олардың қысқы  жем­шөбін дайындауы да үлкен қиын­дық туғызады. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сай бір жылқыға 4,8 гектар, ірі қара малға 4 гектар,  ұсақ малға 0,8 гектар жайылым керек. Қазір  Алматы облысында мал жаюға арналған    1 миллион 200 мың гектар алқап бар. Мүдделі мекемелер  135 мың гектар жерді мемлекет мұқтаж­дығына  алу  бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ескелді, Еңбек­шіқазақ,  Панфилов,  Іле,  Райым­бек, Кеген аудандарында қосым­ша жайылымдық  жерді  бекіту жұмыстары өте баяу жүргізіліп, жергілікті халықтың наразылығы өрши түсті. Аталған аудандардың тұрғындары  жайылымдық жер­лерді қолынан келгендер қоны­шы­нан басып,  көлемді жерлерді заңдастырып алғанын да  айтады. Мысалы,  Ақсу,  Кербұлақ аудан­дарында меншігінде 10 мың гектар жері барлар да оны игеруге асығар емес. Кеген ауданындағы жағдай да осы.  Мұнда «Казмясо» компаниясы  16 мың гектар жерді иемденген. Соңғы жылдары ауданда жер дауы сөз болғанда аудан басшыларының тамыр-таныстыққа жол беретіні айтылады. Райымбек ауданында ірі жер иеленушілер бар. Жер иеленушілердің оны игеруге асықпайтыны  облыс әкімінің аудандағы халықпен жүздесулерінде де жиі қозғалады.  Мәселен,  Кеген ауданында 9 мың гектар суармалы  жер бар. Бірақ  соның  300 гектары ғана игерілген. Соңғы 30 жылда мал басының 2 есеге дейін өскендіктен жайылым тапшылығы қатты сезіле бастады. Аудан басшылығы бұл мәселенің  шешімі ретінде 14 мың гектар жайылымдық  жері бар Саты жайлауына жол салуды ұсынып отыр.  Кеңес заманында малшылар бұл жайлауға қырғыз жері арқылы баратын. Екі араға шекара түскелі тау басындағы жайлауға барар  жол жабылған. Облыс әкімдігі қолдаса, ұзындығы  24 шақырым­дық тау жолы мәселесі де шешіл­мек. [caption id="attachment_200706" align="alignleft" width="1200"]жер игеру © коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов[/caption] Кегендік шаруа Нұрым Нүп­текеевтің айтуынша,  қазір ата­кәсіппен айналысушылардың халі мүшкіл.  «Таулы өлкеде былтыр қуаңшылық болып, жерге шөп шықпады. 60 гектар шабындықтан 60-ақ орам шөп жинадым.  Ма­лым­ды қыстан аман шығару үшін 3,5 миллион теңгеге шөп сатып алдым. Біздің жеріміз Тасашы селолық округінің аумағында. Іске татитын жердің 90 пайызын алпауыт ком­па­ния­ларға бере салған.  Ондағы­лар мыңдаған гектарды қоршап алды. Зардабын біз сияқты шаруа адамдары көріп отыр. Өткен жылы ауылда мал шығыны өте көп болды», – дейді ол. Тұрғындар жергілікті биліктің ірі жер иеленушілердің алдында дәрменсіз екенін де жасырмады. Негізінен, аграрлы өңір болған­дықтан Жетісудің әлеуметтік-экономикалық дамуы жерді тиімді игерумен тікелей байланысты. Мұнда танымал компаниялар да ірі жер иеленушілердің қатарында. Жақсы жер телімдерін меншіктеп алғандарда «маған да, саған да жоқ» деген көзқарас бар секілді. Салдарынан жергілікті тұрғындар мал басын шектеп ұстап, егін еге алмай отыр. Қазіргі кезде  облыстың жер қоры 22  миллион 357 мың гектар­ды құрайды. Оның 1 миллион 40 мың гектары егістік болса, 478 мың гектары суармалы, 30 мың гектары көпжылдық екпеге арнал­ған, 145 мың гектары тыңайған жер, қалғаны шабындық және жайылымдық жерге жатады. Өңірде жерге қатысты 1500 хат пен өтініш қаралған. Олардың басым бөлігі  Талғар, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Талдықорған мен Қонаев қалаларынан. Құзыр­лы органдар тексеру барысында аталған аудандар мен қалаларда жерге қатысты заңнаманы, сыбай­лас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтарды анық­тапты. Ауыл шаруашылығына арналған жердің нысаналы мақ­сатын жөнсіз өзгерту нәтижесінде көптеген егістік жайылымдық алқапқа айналып,  шабындықтарда құрылыс жүргізілген.  Мұндай жағдайлар Алакөл, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Қара­сай, Ескелді, Қаратал аудан­дарында жиі тіркелген. Әсіресе жерді иемденуге арналған кон­курс­тарда бармақ басты, көз қыс­ты әрекетке көп жол беріледі. Қал­талылардың мүддесін көздеу, жақын-жуыққа бұра тарту үйрен­шікті көрініске айналғалы қашан? Жергілікті атқарушы органдар Ақсу, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарының инвестициялық жобаларын іске асыру үшін конкурстардан тыс жер телімдерін беру тәжірибесін енгізген. Құп­тарлық қадам. Бірақ жобаның қағаз жүзінде қалғаны қынжыл­тады.  Кербұлақ ауданы бойынша 2018-2020 жылдар аралығында осындай 23 инвестициялық жобаны Өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдады. Бірақ сол жобалар бойынша  тоғыз шаруашылық 16 636 гектарды әлі күнге  дейін игермеген. 2018-2019 жылдар аралығында аудандар мен қалалардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 808,7 мың гектар жердің пайда­ланылмай жатқаны анықталады. Қазіргі кезге дейін осы жердің  125,9 мың гектары мемлекет мен­шігіне қайтарылып, 3,8 мың гектар жайылым иесіз мүлік ретінде есепке қойылған. Сондай-ақ 671,7 мың гектар жер игеріліпті. Қалған 7,3 мың гектар жер бақы­лауға алынған. 2020-2021 жылдары жерді қашықтықтан зондтау қорытындысында  жалпы аумағы 71,3 мың гектар егістік пен 2167,3 мың гектар жайылымдық мүлде  пайдаланылмай келгені белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, Жетісудағы жерге қатысты түйт­кіл­дерді реттеу бағытында қыруар шаруа атқарылғанымен, шешімін  күткен мәселелер жеткілікті. Бұл орайда жергілікті билік ең әуелі жер төсін еміп, атакәсіпті нәсіп еткен шаруалардың жағ­дайын ойластырса құба-құп.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы