«2020 жылы Мемлекет басшысы әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған болатын. Оның мақсаты – еліміздің әрбір азаматы қандай жағдайда қандай көмек ала алатынын реттеу, сонымен бірге әлеуметтік саладағы бүкіл заңды бір кодекс аясына біріктіру», – деді ол.Министрдің айтуынша, бүгінде әлеуметтік кодексті әзірлеудің алғашқы кезеңі аяқталған.
«Осы ретте біз қазақстандық отбасылардың цифрлы картасын жасап бітірдік. Соның аясында барлық отбасын әл-ауқатты, қанағаттанарлық, тұрмысы нашар, дағдарыс жағдайында тұрған және шұғыл көмек қажет ететін отбасылар деген бес санатқа бөлдік. Санаттарға бөлер кезде біз әрбір отбасының экономикалық жағдайын, тұрғын үй жағдайын, денсаулығын, әлеуметтік жағдайын және білімін ескердік. Енді осы мәліметтерді негізге ала отырып, біз мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерді тиісті отбасылар алып жатыр ма, алмаса неге алмаған – осыларды анықтаймыз», – деді Тамара Дүйсенова.Ведомство өкілдері жұмыспен қамтуды әлеуметтік қорғаудың басты шарасы деп санап, осы бағытта бірнеше жаңа міндет белгілеген. Оның ішінде жұмыс орындарын құру үшін барлық әлеуметтік бағдарламаны бір жерге шоғырландыру, жұмыс күшінің дағды-машықтарын күшейту, еңбек нарығын либерализациялау және еңбек делдалдығын дамыту бар. Отырыс кезінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Дәулет Арғандықов жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындарын ұсынушыларға арналған Enbek.kz онлайн платформасының мүмкіндіктерін таныстырды. Қазір электронды еңбек биржасына 636 739 жұмыс беруші, 1 787 268 жұмыс іздеуші тіркелген, 116 253 бос жұмыс орны бар. Мұнда жұмыс іздеушіге жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылғаны себепті берілетін жәрдемақыға өтініш жолдау, қоныс аудару бағдарламасымен танысу, бизнес идеяны жүзеге асыру үшін грантқа өтінім беру секілді қызметтер қолжетімді.
Азат ҚАЗАҚ