Бразилияның Сан-Пауло қаласында 1-3 шілде аралығында пара дзюдодан IBSA әлемдік Гран-при турнирі өтті. 13 мемлекеттен 90 жуық спортшы қатысқан жарыста Қазақстаннан 10 спортшы қатысып, жеті медальға қол жеткізді.
Оның ішінде екі 1 орын, төрт 3 орын және бір 2 орын бар. «Жарыс нәтижелері бойынша спортшыларымыз әлемдік рейтингте өз позицияларын жақсартты. Мәселен, Ақмарал Науатбек Гран-при жарыстарында екінші рет жеңіске жетті. Даяна Федосова алғаш рет алтын медальға қол жеткізді. Ал тұңғыш рет абсолютті салмақ дәрежедесінде қатысқан Талғат Әжіғалиев үшінші орынға ие болды. Жалпы, елімізде пара дзюдо спорт түрі қарқынды дамып келеді. Спортшылардың деңгейі өсіп, біліктілігі артуда. Биыл пара дзюдодан Бакуде өтетін әлем чемпионатында да қазақстандық спортшылар лайықты өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болады деп сенемін», – деді Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Дияр Сеитов.