Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы басылар емес. Бұған дейін қоймадан шыққан өртке қатысты күдікті ретінде өрт сөндірушілер мен әскерилер қамауға алынғанын айтсақ, енді күні кеше мина қалдықтарын жарып жатқан аймақтағы шаруалар шу шығарды. Олардың сөзіне сүйенсек, қауіпсіздік шараларының тиісті деңгейде сақталмағанынан айналаны өрт шалып, қожалықтар мал жаятын жер таппай отыр екен.
Шаруалар неге шырылдайды?
Негізі Байзақ ауданындағы әскери бөлімде қалып қойған оқ-дәрілердің қолмен жару жұмыстары жүргізілетіні туралы халыққа ескертілген. Қауіпті қалдықтарды жою үшін әскери бөлімнен 12 шақырым қашықтықта орналасқан таулы аймақ та арнайы таңдап алынған. Жару жұмыстары екі ай бұрын басталғанымен жергілікті шаруалар мал төлдейтін уақытта берекені қашырмауды өтінгеннен кейін біраз уақыт тоқтатылған. Енді міне, қайта қолға алынған жұмыстың нәтижесінде мамандар тәулігіне 720 дана жарылғыш заттың көзін жоюда. Күніне екі рет жүргізіліп жатқан жару жұмыстары жақын маңдағы елді мекенге анық естілгенімен, мамандар тұрғындар мен жан-жануарларға еш қаупі жоғын айтқан. Алайда бұл шаруаларға басу бола алмағандай. Олай дейтініміз – күні кеше байзақтық малшылар бас көтеріп, жару жұмыстарының кесірінен жайылымды өрт шалып, төрт түлікке беретін азық таппай қалдық деп жанайқайын білдірді.
– Жарылыс болды, артынан өрт шықты. Алайда өртті бірде-бір адам келіп өшірмеді. Өзіміздің әрекет етуімізге тура келді. Бірақ қажетті техникасы жоқ біздің қолдан не келеді дейсіз? Жайылымның көп бөлігін тілсіз жау жайпап кетті. Жарылыс жасасын. Алайда сақтық шаралары болуы керек қой. Мұнда өрт сөндіруші көліктер, арнайы мамандар тұруы қажет. Бірақ олардың бірін көрмедік, – дейді шаруа Әбдірахман Қаһарманов.
Жауаптылардың жауабы қандай?
Өрістен шыққан өртке облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы жарылыс жұмыстарының еш қатысы жоқтығын айтып, тілсіз жау күн ыстығынан туындады деп ақпарат берді. Осы орайда біз мәселенің анық-қанығына жету үшін Қорғаныс министрлігі Тараз гарнизонына байланысқа шықтық.
P.S Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда Байзақтағы жарылыстар тұтас бұқараның қарсылығын тудыруда. Бірі жайылымды айтып жанайқайын білдірсе, екіншілері күн сайынғы дүмпуден жүректері шайлығып қалғанын айтады. Жалпы, Байзақта қару-жарақ қоймасындағы жойқын жарылыстан 17 адам қаза болғанын ел жақсы біледі. Кіші сержант Бауыржан Дауытбаев әлі күнге із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Жауынгерді іздеу жұмыстары жалғасуда. Алайда құм арасынан өзге әскерилердің кілті, көзілдірігі сияқты бұйымдары табылып жатқанымен, Дауытбаевқа қатысты бірде бір дерек жоқ.
Жамбыл облысы