Жамбылдағы жарылыс: жауынгерлер ғана айыпты ма?
Жамбылдағы жарылыс: жауынгерлер ғана айыпты ма?
247
оқылды
Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы әлі басылар емес. Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған апат бүгін-ертең ұмытылар түс емес екенін бұқара да, билік те түсінді. Бұған дейін жарылыстан қалған оқ-дәрілерді жою жұмыстары жүргізілсе, енді тексеру тобы кінәлілерді іздеуге мықтап кіріскендей. Олардың алғашқысы ретінде 4 адам қамауда отыр. 17 адамның өліміне күдікті ретінде қазір 4 сарбаз тергеуге алынған. Олар жарылыс алдында әскери қоймадан соңғы шыққан әскерилер көрінеді. Алайда мұндай айыпқа сарбаздардың жақындары келіспей отыр. Құлан ауылындағы №42062 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген шымкенттік Әсет Әшірбайдың анасы Алмагүл Асанованың айтуынша, жоғарыда отырған лауазымды әскерилер өздерін ақтап алу үшін бар кінәні жауынгерлерге жауып жатыр екен. «19 қазан күні баламыз әскерден қайтуы керек болатын. Алайда ұлым келмеді. Оларды әскерде алып қалғаны былай тұрсын, қазір қамауға алып тергеп жатыр. Осы әділетті ме?», – дейді жүрегі қан жылаған ана. Негізі, аталған сарбаздар өткен жылдың қазан айында әскери борыштарын өтеп болып, келісімшарт бойынша қызмет етуге қалған. Ал жарылыс алдында  40 сарбаз  Байзақтағы әскери бөлімге жеткізіліп, оларға қару-жарақ қоймасын тазалау жүктеледі. Соның ішіндегі 4 жауынгер қоймадан соңғы болып шыққан. Олар кеткеннен кейін 1 сағаттан соң жойқын жарылыс болған. Осылайша, қоймадан соңғы шыққан төртеу тергеуге алынған. Күдіктілерге қазір «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» және «Әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» баптары бойынша айып тағылып отыр. Алайда жауынгерлердің жақындары аталған айыптардың бірде-біреуімен келіспеді. «Сарбаздар старшина немесе взвод командирі қайда жібереді, сонда барады. Бұл – әскери тәртіп. Енді бұйрықты орындағаны үшін неге балаларымыз жауап беруі керек? Неге оларға психикалық тұрғыда қысым көрсетілуде? Бар кінәні сарбаздарға жаба салу дұрыс па?», – дейді тергеуге алынған  Е.Тұрановтың әкесі Ералы Мұратов. Баласы үшін шырылдаған ана әскери шенділер тарапынан күдікті ұсыныс жасалғанын да айтып отыр. «Маған әскери бөлімнің басшысы «балаңызды көндіріңіз, сосын ақтап аламыз» деген ұсыныс айтты.о Алайда балам «еш нәрсе істеген жоқпын», – дейді. Сонда ұлымның істемеген нәрсесін мойнына алдыруым керек пе?» деп  Алмагүл Асанова бір «қызықтың» бетін ашты. Тергеуге алынған сарбаздардың жақындарының жанайқайын естігеннен кейін мәселенің мән-жайын білуге тырыстық. Алайда әскери тергеу басқармасы жақ ашпады. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тергеу барысы оларға қарамайтынын айтып,  министрлікке жол сілтеді. Алайда олар да үнсіз. Жалпы, Жамбылдағы жарылысқа қатысты жұмбақ дүние көп. Жарылыс кезінде 17 адам қаза тапса, әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаев із-түзсіз жоғалып, әлі күнге табылмай отыр. Жуырда еліміздің Қорғаныс министрлігі көктем шыға іздеу жұмыстары жанданғанын мәлімдеді. Бірақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мамандары іздеу жұмыстары бір күнге де  тоқтамағанын айтты. «Іздеу жұмыстары бір күнге де тоқтаған емес. Тек қыс айларында жер қатты болған соң топырақпен жұмыс істей алмадық. Бірақ таулы аймақтардың бәрін тағы тексеріп, дамыл тапқан жоқпыз. Енді көктем келе жерді қопарып, топырақты қайта сүзгіден өткізетін боламыз», – дейді өңірлік қолбасшылық  мамандары. Әрине, мұндай бастамалар өз жемісін беріп, жоғалған сарбаз туралы бір хабар болсын деп тілейміз. Ал  Бауыржан Дәуітбаевтың жақындары ол туралы қандай да болмасын хабар бергендерге 10 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындады. Әлбетте, бұл амалсыздан барып жатқан шара екені түсінікті. Әйтпесе, ақшаны емес адамгершілікті алға қойған қазақ Бауыржан туралы бір дерек білсе, оны жасырып қалмасы анық. Сондай-ақ жарылысқа қатысты да әділ тергеу жүріп, жазықсыз адамдар жазаланбайды деп сенеміз.

Жамбыл облысы