Файзулла Қари: өмірі мен өнегесі
Файзулла Қари: өмірі мен өнегесі
1,602
оқылды
Біздің қазақ басынан не өткізбеді?! Небір нәубетті күндерді де кешті, аумалы-төкпелі аласапыран заманды да көрді. Бертіндегі Кеңес билігінің озбырлығына қарсы ұлт пен дін қайраткерлері тізе біріктіріп күресті. Алайда кеңестік биліктің репрессиялық шаралары елімізді аяулы арыстарынан, атпалдай азаматтарынан айырып, әрі-сәрі күйге түсірді. Қоғамдағы ымыра-ынтымақтың ұйыт­қысы, береке-бірліктің тірегі болған дін қайраткерлері де жазасыз қалмады. Олар­ды түп-тамырымен қопарып, тұқым-тұ­қиянына шейін құртқаны сонша, халқы­мыз өзінің асыл дінінен, ата салтынан, тамырынан ажырап қала жаздады. Дін ғұламаларының еңбектерін түгел тәркілеп, олардың атын айтуға тыйым салынды. Соның салдарынан қазақ руханияты едә­уір құлдырап, тек тәуелсіздік алғаннан ке­йін ғана түп-тамырына қайта оралып, жо­ғалтқанымыз табылып, өшкеніміз жанды. Алайда бұл кезде де өзекті өртейтін өкініштер аз болған жоқ. Діннің шырағы болған діндарларынан түгел айырылып, асыл дінді аңсаған жұртқа жат ағымдар анталаған қасқырдай дүрсе қоя берді. Осылайша, халықтың руханиятқа енді бет бұрған сәтінде салт-дәстүрді тәрк ететін, дәстүрлі дінді жоққа шығарып, өзгеше талап қоятын жат ағымдар жұмысын жан­дандыра бастады. Олар дін төңірегіндегі талас-тартыстарды ұлғайтып, ел мұсыл­мандарын жік-жікке бөлуге тырысып бақ­ты. Осындай кезде біздің дәстүрлі ді­німізді жол нұсқар темірқазығы, өмірлік шы­рағына айналдырған дін ғұламала­ры­ның еңбектеріне зәру екеніміз байқалды. Дін ғұламалары салған сара жолды жалғай алмауымыз, олар қалдырған ең­бек­тердің там-тұмдап қана табылуы, тіпті кейбірінің жойылып кетуі, түрлі себеп­термен еңбектерінің жинақ болып жа­рыққа шықпауы немесе кешеуілдеп шы­ғуы қоғамдағы дін төңірегіндегі талас-тартыстарды одан сайын ұлғайтып жіберді. Соның салдарынан қарапайым жұрт кімге сенерін білмей, санасы санға бөлініп, жат ағымдардың жетегіне ергені жасырын емес. Шынында, дін ғұламаларының қал­дырған еңбектері мен өнегелі өмір жолы – біз үшін рухани бағдар. Себебі ұлты­мыз­дың рухани тұлғаларының шығармалары мен олардың дүниетанымы қазіргі жас буын­ға ерекше әсер етеді. Сондықтан Қа­зақстан мұсылмандары діни басқармасы бабаларымыз салған сабақтастық жолын ары қарай жалғап келеді. Бұл өз кезегінде еліміздегі Ислам тарихын түгендеп, дін қайраткерлерінің бағдарын бағамдауға және ұлт ретінде ұйысуға зор мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақ топырағынан шыққан дін қай­раткерлерінің еңбектері мен өмір жолын зерттеп-зерделеу арқылы Ислам дінінің біз­дің ғасырлардан бері рухани құнды­лығымызға айналғанын, бабаларымыз асыл дінді түсініп-ұстануға қатысты өзін­дік көзқарасын, талғам-талабын қалып­тастырғанын анық аңғарамыз. Сондықтан алдымызда асыл дінді шамшырағына айналдырған ардақты тұлғаларымыздың, дін және қоғам қайраткерлерінің өмірімен, шығармашылығымен етене танысып, өнегесін жаңғырту міндеті тұр. Қазақтан шыққан сондай сарабдал дін қайраткерлерінің бірі Файзулла қари Сатыбалдыұлы болатын. Ол 1883 жылы Торғай уезінің Батпаққара жерінде дүниеге келді. Әкесі де елге танымал дін қайраткері Сатыбалды ишан еді. Бала Файзулла ал­дымен өз әкесі Сатыбалды ишаннан ескі­ше хат таныды. Дамолла Кәтен, Оспан қожа, Науан хазірет секілді сол замандағы қазақ топырағынан шыққан дін ғұлама­ларының тәлімін көрді. 10 жасынан бастап Ташкент пен Бұхарадағы медреселерде оқып, діни білімін жетілдірді. Медреседе түркі тілдерінен бөлек, араб, парсы тіл­дерін жетік меңгеріп, Құранды толық меңгеріп, қари атанды. Файзолла қари 20 жасында елге ора­лып, туған жерінде бала оқытып, діни ағар­тушылықпен айналысты. Ағарту­шы­лық­пен ғана шектелмей, сол уақыттағы қоғам өміріне белсене араласқан заман­ның заңғар тұлғаларымен пікірлес болып, елдің игілігі үшін еңбек етті. Қазақтың мұңын жырға қосып, жұрттың қамы үшін жан аямады. – Ей, қазағым, жан бауырым, туғаным, Сенің қамың – бала жастан қуғаным. Сен бақытты, сен өркенді ел болсаң, Болмас еді менің-дағы арманым. Ей, қазағым, кештің тағдыр күрделі, Сендей болсын, болса бір ұлт зерделі! Құрбандығың болар едім жолыңа, Ел болсаң сен өз алдыңа іргелі! – деп қазақтың азат ел болуын армандап, зерделі ұлт болуын жырға қосты. Қазақтың қайраткер тұлғаларының басына төнген кеңестік нәубет Файзулла қариды да айналып өтпеді. 1928 жылы оны мұхтасиф болғаны үшін тұтқындап, Қос­танайдың түрмесіне қамады. Содан бастап Файзулла қуғын-сүргінге ұшырап, тау­қыметті кезеңдерді, жантөзгісіз қиын­дықтарды бастан кешті. Қуғынға ұшыраған қари 1935 жылы ғана қамаудан босатылды. Туған жеріне барса, тағы да қуғын­да­ла­тынын сезген Файзулла қари одан ары Алматыға барып тұрақтады. – Қош елім, жерің-суың аман болсын, Ырысты, ынтымақты заман болсын. Бөлінбей жүзге, руға, бірлік сақта, Атағы атам қазақ ұран болсын! – деп қоштасып, амалсыз кете барды. Сол кет­кеннен 1946 жылға дейін кіндік қаны там­ған топырағына жете алмады. Кейін туған жерге оралып, ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра, жыр-дастан­дарын қалдырды. Файзулла қаридың қа­ламынан туған шығармалардың дені дін тақырыбын қамтыды. Оның «Көкірегім алтын көмбе», «Шерлі жылдар, шерулі жыл­дар» өлең жинақтарынан негізгі ба­сымдық мінәжат жырларына, ғазалдарға берілгенін байқауға болады. Одан бөлек, Файзулла бірнеше діни дастандар мен поэ­малар жазды. Сондай поэмалардың бірі – «Имам Ағзам хазіреттің ақырғы ғұмыры» деп аталады. Файзулла Саты­балдыұлы бұл поэмасында мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифа жолын жырға қосқан. Файзулла қари өлең жазып қана қой­май, діни тақырыптағы бірнеше еңбек қалдырды. Өкінішке қарай, қаридың діни мұралары толық зерттеп-зерделенген жоқ. Сондықтан біздің алдымызда оның қол­жазбалары мен ел аузындағы еңбектерін талдап-таразылап, ғылыми айналымға енгізіп, ел игілігіне ұсыну міндеті тұр. Се­бебі діни дүрбелең туғызған жат ағым­дар­дың жалған ұрандарына Файзулла қари секілді ұлтымыздың ұлағатты ғалым­да­рының еңбектерімен ғана тойтарыс бере аламыз. Зерттеуші-ғалымдарымыз қазақ жеріндегі Ислам тарихына елеулі үлес қосқан дін қайраткерлерінің қызметі мен еңбектерін зерттеуге көңіл қойса, дәстүрлі дініміздің мерейін асырар ғибратты іс болары анық. Дәл қазіргідей шақта Фай­зулла қари секілді біртуар дін ғұламала­рының, қоғам қайраткерлерінің еңбекте­рін жарыққа шығару пайдалы іс болады деп білемін. Себебі Файзулла қари шы­ғармалары «қазақта бұрын дін болған жоқ», «халықтың сауаты төмен болды» де­ген секілді ел арасында айтылып жүрген жаңсақ пікірлерді жоққа шығарар еді. Файзулла қаридың қай шығармасын алып қарасақ та, асыл дініміздің айна­ла­сы­нан алыстамайды. Қаридың өлеңдерін оқып отырып, оның хәкім Абайдың жыр­ларынан қуат алғанын байқауға болады. Абай Құ­нанбайұлы діни сенімнің, жоғары ахлақтың асылы деп бағаланған үш сүю өлеңінде: – Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп жырласа, Файзулла қари «Есің болса, ер жігіт, Алланы сүй!» деген өлеңінде: – Бір Құдайдан басқаның бәрі бекер, Дүние – көзді алдаған бейне мекер. Есің болса ер жігіт Алланы сүй, Алдамшы бақ бір күні тастап кетер, – деп жырға қосады. Мұндағы қаридың «мекер» дегені қу, залым, айлакер, аяр, жылпос адамдардың табиғатын ашатын теңеу. Қазақ «Қарау адам – күншіл, мекер адам – міншіл» дейтіні содан болса керек. Осы екі өлеңде қолданылған «Алланы сүю» түсінігі рухани кемелдік деңгейін біл­діреді. Сопылықта мұны «Фәнә фил­лаһ» мақамына жету деп түсіндіреді. Де­мек, біздің бабаларымыздың өлең-жыр­ларында, басқа да еңбектерінде осы ұғымды қолдануы олардың асыл діннің рухын түсінгенінен, дінді талдап-тара­зылай алатын ақыл-парасатқа жеткенінен хабар береді. Сол секілді Файзулла қари хәкім Абай­дың інісі Шәкәрім қажының шығар­ма­шылығынан да хабардар болып, рухани сырлас болғаны, жырларының сабақтасып жатқаны байқалады. Шәкәрім Құдайбер­діұлы ар ілімі идеясын алға оздыру арқылы ішкі тазалыққа жетуді, сол арқылы Хақ Тағаланы тануды мұрат тұтты. – Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда? Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда? Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп, Береді бұл надандық кімге пайда? – дейді Шәкәрім. Осылайша, ол бойдағы жа­ман мінездің бәрін тәрк ету мен адам­затты бақытқа жеткізудің жолын іздеген болатын. – Көп пендеде жетпейді инсаният, Сол себептен жоққа тән ар мен ұят. Қарны тойса мәз болып тірлігіне, Кісілікті қылмайды мағрифат, – деп жырлайды Файзулла қари. Ол да Шәкәрім қажы секілді ардан аттамауға, ақиқат жо­лын іздеуге шақырады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «...ме­нен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы» деген болатын. Демек, Файзулла қари көп адамда адамдық жетіспейтінін алға тартып отыр. Сол секілді мағрифат – Алланы тану, білу, ойлау сатысы. Абайдың «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деуі хәкімнің мағрифат сатысына жеткенін білдіреді. Файзулла қари шығармалары арқылы дінді ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да түгел қамтыды. Қазақтың қария кісілерінің демі үзіліп бара жатқан кезде кейінгі ұрпағына табыстайтын бір аманаты, ақыл-кеңесі – өсиет айту деген жақсы жоралғы болатын. Кейінгілер сол өсиетті бұлжытпай орындайтын. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Жетпіс үшке келгенше, балталасаң да өлмеймін, Жетпіс үштен асқан соң, майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп өзінің өмірден өтер шағын дәл болжаған болатын. Дүние­ден өтерінен бірер жұма бұрын сол кездегі өзіне көңілі жақын ауылдас серіктерімен бақұлдасып, ұрпақтарына Ескелдідегі биік таудың үстінде жерлеуді аманаттап, өсиетін айтып кеткен екен. Осыған ұқсас жағдай Файзулла қаридың да басынан өтті. Қари «Шүкір де Файзы, бұған да» өлеңінде былай жырлайды: – Жеті күннен соң өтесің, Фәниден мынау кетесің. Қиямет күні болғанда Алдыңнан нені күтесің?! Ақыл – мұхит, ой – терең, Қайғыға енді бол керең. Көрініп келді ажалың, Көрінбей келсе қайтер ең?! Мұны айтып отырған себебіміз, Фай­зулла қари дүниеден өтерін бір жұма бұрын біліп, ел-жұртымен қоштасып, кімнің арулап, жаназасын кім шығаратынына дейін өсиет етіп айтып кеткен. «Қира­қайдың Молдағалиына» деген өлеңінде Файзулла Сатыбалдыұлы былай дейді: – Құрметті діні-досым Молдағали, Жігіт ең қатарыңда абзал, ғани. Аттандыр өз қолыңмен тәрбие ғып, Ағаңыз өтінуші Файзи қари. Сол секілді өмірінде жақсы сыйласқан Әлмұхамед мұхтасибтен жаназасын шы­ғаруды сұрап, аманатын жырмен қал­дырған: – Қолыңа алып осы қағазымды, Жеткізгін жалпақ елге уағызымды. Тапсырып ақ тәнімді қара жерге, Әлеке, өзің шығар намазымды. Қари ең соңғы жырында ел-жұртымен қоштасып, өзі үшін дұға тілеуін сұрап, жаны мәңгілік жай тапқан болатын. – Құлаған бәйтеректей қия-құздан, Қош, елім, кетіп барам араңыздан. Тілегім үш қайтара сұрайтұғын, Ескеріп, тастамаңыз дұғаңыздан! Дүниеден өткенше дініне берік болып, жыр-дастандарымен имандылықты ел-жұртына насихат еткен Файзулла қари осылайша бақиға аттанып кете барды. Қазақтың жарқын келешегі үшін күресіп, асыл дініміздің айбынын асырған Фай­зулла Сатыбалдыұлы секілді дін қайрат­керлерін ұлықтап, өнегелі өмірі мен елеулі еңбектерін өскелең ұрпаққа үлгі, діни-рухани жолымызға темірқазық ету біздің мақсатымыз болмақ. Алла Тағала дін жолында аянбай еңбек етіп, тағдырдың талай тар шақтарын бас­тан өткеріп, асыл дініміздің бізге жетуі үшін бар күш-жігерін сарп еткен қазақтың қайраткер тұлғаларының жанын жәннат­тан қылғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти